Елорда қар астында қалды
Елорда қар астында қалды

«Кәрі құда» кәріне мінген сияқты. Демалыс күндері үсті-үстіне үдей жауған қар елорданы әп-сәтте аппақ көрпеге орады. Жалпы, мамандар былтырға қарағанда биылғы қыс ерекше болады деп ескертіп отыр. «Қазгидрометтің» мәліметінше, Нұр-Сұлтанға соңғы күндері түскен қардың қалыңдығы – 60 см.

Обалы не керек, қар тазалауға елор­даның коммуналдық қызметтері білек сыбана кірісіп кеткен. Күн-түн демей, екі ауысыммен тәулік бойы еңбек етіп жатыр.

Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты жариялаған дерекке сүйенсек, қазірдің өзінде жолдарға 7 мың текше метр құм төселген, көктайғаққа қарсы 70 тоннадай реагент себілген. Қар тазалау, шығару жұмыстарына қалада 1 110 арнайы техника мен 1 668 жұмысшы жұмылдырылған. Қыс басталғалы полигонға 79 545 рейс жасалып, 954 540 текше метр қар сыртқа шығарылған.

Бұл аз ба, көп пе? Білмейміз. Бір бі­летініміз, әйтеуір қар уақытылы күрелмейді деп шағымданған жүргізушілер баратын жеріне кешігіп, қоғамдық көліктердің қатынасы қиындағаны рас. Жолдарды қар басуына байланысты елорда маңындағы кейбір автобустардың қозғалысы тоқтаған немесе бағыты өзгерген. Ал коммуналдық мекемелер бірер күнде-ақ ұлпаның бір айлық нормасы жауғанын алға тартып ақталады.

Әрине, жауапты органдарды да түсінуге тырысамыз. Табиғаттың тосын мінезін болжау қиын. Алайда арқаның алты ай қысы қашан жаймашуақ болып еді? Қашан қар жаумай, боран соқпай, май тоңғысыз мамыражай күндерімен таңғалдырып еді?

Әкім ретінде астанадағы алғашқы қысын қарсы алған Алтай Көлгінов 10 қа­рашада Facebook парақшасына бүй деп жазыпты:

«Қаладағы бірнеше жерді аралап, қарды уақытылы тазалау мен шығару бойынша жұмыстардың барысын тек­сердім. Коммуналдық қызметтердің, мердігерлік ұйымдардың басшыларымен, аудан әкімдерімен, қарды уақытылы таза­лау мен шығару мәселелерін талқылап, бірқатар міндет қойылды. Бірінші кезекте әлеуметтік нысандар: тұрғын үй кешендері, жолдар, аялдамалар мен ойын-сауық орталықтары қардан тазартылады. Қала қызметтері үш ауысымды жұмыс режиміне көшті, осылайша жұмысты тәулік бойы жүргіземіз. Қазіргі уақытта қаланы қардан тазалау үшін 900-ге жуық арнайы техника мен 1 700-ден астам жол жұмысшысы жұмылдырылды. Тек бір тәулік ішінде 22 500 текше метрден астам қар, 500 текше метрден астам су шығарылды. Желтоқсан айында қосымша техника алынады».

Соңғы сөйлемге назар аударайықшы. Әкім мырзаның желтоқсанда аламын деген техникасы қайда? Қарашаның тобықтан аспайтын қырбық қарына 900-ге жуық арнайы техника бөлген әкімдік желтоқсанның жарты метрлік омбы қарына қалайша тағы сол шамада ғана техника жіберген? Демек, қосымша машиналар әкелінбегені ғой.

Айдың бітуіне бір-ақ апта қалды. Алтай Көлгінов әлі үн-түнсіз. Facebook парақшасы да Тәуелсіздік күнінен кейін жаңармаған. Әлеуметтік нысандар ең алдымен тазартылады деп еді, одан да нәтиже байқалмайды. Аулаға кірсе шыға алмай, шықса кіре алмай жүрген көліктерде есеп жоқ.

Негізі, елорда әкімінің бір сыналатын жері – осы. Әбден әбігерге салатын алты ай қысты абыроймен өткерсе, басқасына халық онша бас қатыра қоймайды. Иә, әлемдегі ең суық астананың бірі – біздікі. Бірақ бізден суығы да бар. Осы орайда шаһар басшылары АҚШ, Канада, Швеция, Норвегия, Финляндия сынды дамыған елдердің тәжірибесіне көз салғаны жөн шығар.


Еркебұлан НҰРЕКЕШ