Алматылықтар жақын арада телеарнасыз қалуы мүмкін
Алматылықтар жақын арада телеарнасыз қалуы мүмкін
106
оқылды

1 ақпаннан бастап Алматыда аналогтық жүйе арқылы хабар тарату тоқтатылады. Ал цифрлық жүйеге қосылмаған алматылықтар телеарнасыз қалуы мүмкін.

Мамандардың айтуынша, биыл республиканың бүкіл аумағы цифрлық форматқа көшеді. Бүгінде жоспарланған 827 радиотелевизиялық стансаның 546-сы салынып біткен. Нәтижесінде, халықтың 91 пайызы цифрлық хабар таратумен қамтылды. Ендігі кезек Алматы қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысына жетіп отыр.

«Аналогтық желі өшірілетіні жөнінде барынша хабардар болуы тиіс. Оның ішінде цифрлық-эфирлік хабар тарату желісіне барынша көшуге асығу керек. Өйткені бірінші ақпаннан бастап аналогтық желіде телеарналарды көріп отырған тұрғындар телеарналарсыз қалады», – деді «ҚАЗТЕЛЕРАДИО» АҚ PR-менеджері Лира Сералина.

Цифрлық форматта теледидар тамашалау үшін ескі аналогтық жабдықтар жарамсыз. Ол үшін жаңа қабылдағыш пен антенна сатып алу керек. Ал телеарналар үшін кабельдік операторға ақша төлемейсіз. Осы орайда мамандар қала тұрғындарына жаңа форматқа дайын болуға кеңес береді.