Мың құбылған әлеуметтік көмек
Мың құбылған әлеуметтік көмек
228
оқылды

Тәуелсіз қазақ елі үшін өтіп бара жатқан 2019 жыл ауыз толтырып айтатын қандай маңызды жетістіктер және әттеген-ай дегізетін оқиғалармен ерекшеленді? Қалың бұқараны не қуантты? Не мұңайтты? Шыны керек, бұл жылы әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі саналатын – атаулы әлеуметтік көмектің форматы мың құбылды. Тіпті, жұртты жаппай жарылқаймыз деген жаңалықтың жыры күні бүгінге дейін біткен жоқ. Ал енді келер жылдан ел қандай үміт күтеді?


Жыр болған 21 мың

Осы уақытқа дейін төрт бала­сы үшін 10 405 теңге, алты-жеті ба­ласы үшін 16 160 теңге алып кел­ген аналарға әр балаға 21 мың теңге беріледі деген жаңалық, расында да, ерекше әсер етті. Көпбалалы отбасылар бөркін аспанға атып, жастар жағы оларға қызыға қарап, көптің көкейінде көбеюге деген керемет сезім бүр жарып, отбасылық құндылықтың маңы­зы артқандай болды. Артын­ша бұл бағдарламаның әлеуметтің ең әлсіз топтарына ғана берілетіні белгілі болды. Жұрт «жұмыртқа санайтын науқанға» тап болды. Біріншіден, бұл төлем көпбалалы отбасының барлығына бірдей берілмеді. Өйткені ол әлеуметтің ең әлсіз топтарына ғана арналған. Оны есептеудің машақаты да аз емес екен. Тұңғыш Президент уәде еткендей, атаулы әлеуметтік көмек төрт және одан да көп ба­ласы бар отбасының ортақ табысы жан басына шаққанда күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан аспай­тындарға берілді. «Атаулы әлеу­мет­тік көмекті тағайындау үшін тек жеке куәлікті ұсынса ғана же­тіп жатыр» деген дақпырт шын­дықа жанаспады. Тиісті мекемелердің табанын тоздырған ананың қарасы өте көп болды. Бірге тұратын тек жақын туыстар­дың барлық табысы есепке алы­нады. Яғни, ата-ана, балалар, бала асырап алушылар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек бауырлар мен апа-қарындастар, ата-әже, немерелер есепке алынды. Бір ата-ана үш баласын отбасымен бірге ұстап отырса, бір үйде тұра­тын болса, онда ол үйдегі екі зей­неткердің табысы отбасындағы үш жанұяға да есептелді. «Отба­сыға кіретін бір жалақы жан басына шаққанда асып кетіп тұр, одан заңды түрде ажырасып, бұл көмекті қалайда алайық» деп ойлап, тіпті оны жүзеге асырып үлгерген отбасылардың да қарасы көптеп табылды. Әбден қажыған жұртты осы қадамға қоғамның өзі итеріп бергендей еді. Бірі құжат жүзінде болса да ажырасып, енді бірі қара шаңырақтан безуге мәжбүр болды.

 

Құмға сіңген – 425 мың

Жылдың тағы бір әлеуметтік жаңалығы – тіркеуге тұрғаның үшін берілетін 425 мың теңгенің айналасында өрбіді. Алайда ана мен бала өлімінің алдын алатын ұтымды ұсыныс қабылданбай қалды. Қазір аяғы ауыр екі әйелдің бірі генетиктің қабылдауына жа­зылып, туған баласы катамнез кабинетінен бір-ақ шығатын ана көп. Өйткені таза ауа мен табиғи тамаққа зәру заманда ана мен бала мәселесі кәдімгідей келелі мәселеге айналды. Осы олқылық­тың алдын алу үшін «Халық ден­саулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы жаңа кодекс жоба­сына жүктіліктің 12-ші аптасына дейін тіркеуге тұрған әйелге жер­гілікті бюджеттен 425 мың теңге беруді енгізу ұсынылды. Өкініш­тісі сол, алдымен жергілікті атқа­рушы органдардың жауапкер­шілігін арттыратын, одан соң ана мен баланың денсаулығын сақ­тайтын ұтымды ұсыныстың соңы сиырқұйымшақтанып, құмға сіңген судай боп кетті. Неге? Бү­гінде жүкті әйелдердің 70 пайыз­дан астамы ауыр экстрагенитал­ды және акушерлік патологияларға байланысты ауруханаға жатады. Мерзімінен бұрын 11 пайыз әйел босанып қалады. Жыл сайын реанимация бөлімінде 350-ге жуық салмағы төмен және шала туған нәресте емделеді. Айтуға ауыр болса да, ана өлімінен ал­дыңғы орында келе жатқанымыз тағы шындық. Былтыр Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медицина саласындағы нәтижесіз көрсеткіштің біріне осы ана өлімін жатқызып еді. Оның негізгі себебі ретінде жүкті әйелдердің кеш есепке алынуын айтты. Ол да рас. Соңғы уақытта халықтың қалауымен билік те ана мен ба­ланың мәселесіне мән бере бас­тады. Осыған дейін қордаланып кеткен дүр дүниенің дүрмегіне «дәрі» беру кезеңі де келіп жет­кендей күйде болған едік. Жүк­тілігі үшін төленетін 425 мың тең­ге осының дәлеліндей еді. Әт­тең... Мәжіліс депутаттары, қо­ғам белсенділері қолдаған баста­маның соңы бұлай сұйылып кеткені өкінішті...

 

Аналар мықтап алданды...

Бас қаладағы бес қыздың өлімі мен оның артынан ашынып, ереуілге шыққан аналардың зары әлеуметтік көмек берілудегі осын­дай оңтайлы өзгерістерге сеп бол­ды. Алайда Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министр­лігінің сәуірден бастап бере бас­таған әлеуметтік көмегі асығыс шешім екенін көрсетті. Бұл кө­мек­ке құжат қабылдайтын маман­дар мен тиісті мекемелердің да­йын еместігінен туындаған талай даудың өршуіне әкелді. Нәтиже­сінде, қоғамда «масыл» сөзі көбі­рек дендеп, көмек алған аналар­дың біразы «алаяқ» атанып үлгер­ді. Бүгінде АӘК-ті еліміз бойынша 291 мың отбасы алып отыр. Табы­сын дұрыс көрсетпеген, мемлекет­ке алған ақшасын қайтаруы тиіс 21 мың отбасы бар. Олардың ба­сым бөлігі жобаның дайындықсыз басталып кеткенінің зардабын тартып отыр. Яғни, бұл жерде тү­сіндіру жұмыстарының аздығы мен мамандардың «шикі» жұмы­сының әсері де болған. Егер әу баста бұл жобаға дайын мамандар сауатты жұмыс істеген болса, бұл олқылық орын алмаған да болар еді.

Сондай-ақ тиісті орындарға алып-ұшып барған аналардың құжат қабылдай бастаған он күннің ішінде жүні жығылып, жүйкесі тозды. Себебі бұл көмекті көпбалалы аналардың көбі әзір ала алмайды екен. Өйткені өзі тұратын пәтерін жалға алып жүрсе де, жалақысына қатысты бұл көмектен қағылып, керісінше басында баспанасы болса да, бұл көмекті алған бір-біріне кереғар оқиғалар өте жиі орын алды.

Қазақ отбасылық өмірді есеп-қисапқа салмаған. Баласының санын айтпаған.

Бірақ осы көмектерді алу жо­лында аянып қалған жоқ. Өзіміз жоғарыда айтып өткеніміздей, бұған әлеуметтік жағдай басты себеп. Байлардың мұңы әу бастан аз. Ал кедейлерді кім ойлайды? Осындай мұқтаж топтың мүддесін қорғайтын жаңа бағдарлама оларды шынымен жарылқады ма? Керісінше, «Мемлекетке масыл бол­ғаннан артық жаман нәрсе жоқ» деп мінейтін қасаң түсінікті қалыптастыруға тырысып-ақ жатқандай көрінеді бізге.


43 тауар – қырық жанымыздың қорғаны ма?

Осы жерде ең төменгі күнкөріс деңгейіне тоқтай кетуді жөн са­надық. Өйткені жан басына есеп­телетін жәрдемақы мәселесінде де бұл тақырыпты айналып өту мүмкін емес. Соңғы кездері Қа­зақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің уақыт талабына сай емес екенін сарапшы мамандар жиі айтып жүр. 2019 жылғы 1 қаң­тардан бастап елімізде жалақының ең төменгi мөлшерi – 42 500 тең­гені құраса, статистика агенттігі күнкөріс минимумын 29 689 теңге деп белгіледі. Демек, адам бір ай бойы осы ақшаға еркін өмір сүре алады деген сөз.

Шынтуайтында, бұл 30 мың қалталы адамның бір шай ішке­нінен немесе киімінен артыл­май­ды. Ал әлеуметтік жағдайы төмен адамдар үшін бұл қаржы 43 тауар мен қызмет түрінің бағасы деп белгіленді. Оның ішінде ет пен балық, сүт, май және жұмыртқа, жемістер мен көкөністер, нан және жарма өнімдері, қант, шай және дәмдеуіштер бар.

Әлемдегі әрбір мемлекет өз тұрғындарының ең төменгі күн­көріс деңгейін белгілеу барысында азық-түлік себетін әртүрлі өнім­дермен толтырған. Мәселен, Ре­сей­де ең төменгі деңгейде өмір сүру үшін ай сайын 156 түрлі тауар мен қызмет түрі қажет деп есеп­те­леді. АҚШ-та бұл көрсеткіш – 300, Францияда – 250, Англия­­да – 350, Германияда 475-ті құрайды.


2020-ның жаңалығы қандай?

Жалпы, жәрдемақыны табы­сы­на қарамай беру жайы БАҚ беттерінде жиі талқыланды. Осы ескерілді ме, билік тарапынан оң шешім шығарылғандай болды. Енді 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жәрдемақының жаңа түрі беріле бастайды.

Мемлекеттік жәрдемақы төрт немесе одан да көп кәмелетке тол­маған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі балалары бар барлық көпбалалы отбасыға табысына қарамастан төленеді (4 баласы бар отбасыларға – 42 496 теңге; 5 балаға – 53 127 тең­ге; 6 балаға – 63 757 теңге; 7 және одан да көп балаларға 74 388 теңге).

Мемлекеттік жәрдемақыға ілі­гу үшін отбасының барлық мү­шесі бірге тұруы тиіс және бір мекенжайда тіркелуі керек. Олай болмаған жағдайда, отбасылардың жаңа жәрдемақыны алу құқығы шектеледі. Сондықтан көпбалалы отбасылар халыққа қызмет көр­сету орталығына келіп, балаларын да бір мекенжайға тіркеп, сол жерде жаңа жәрдемақыға өтініш бергені жөн.

Бұл жеңілдіктің бай-кедей деп бөлмей, ел азаматтарына түгел ар­налғаны әзірге халықты қуан­тып отыр.

 

P.S.___________________

 

Әлеуметтік көмек көпшілікте талқылана бастағаннан-ақ «Балаға берілетін жәрдемақы үшін бала табатын көп» дейді білетіндер. Енді үш баласы барлар төртіншіге әре­кет етіп, жаңа келе жатқан жы­лымызда «беби-бум» болады деген де пікірлер жиі айтылуда.

Бұл рас па?

Рас болса, бұл халықтың әлеу­меттік жағдайының тым төмендігін көрсетпей ме?