Тәуелсіз қазақ елі үшін өтіп бара жатқан 2019 жыл ауыз толтырып айтатын қандай маңызды жетістіктер және әттеген-ай дегізетін оқиғалармен ерекшеленді? Қалың бұқараны не қуантты? Не мұңайтты? Шыны керек, бұл жылы әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі саналатын – атаулы әлеуметтік көмектің форматы мың құбылды. Тіпті, жұртты жаппай жарылқаймыз деген жаңалықтың жыры күні бүгінге дейін біткен жоқ. Ал енді келер жылдан ел қандай үміт күтеді?
Жыр болған 21 мың
Осы уақытқа дейін төрт баласы үшін 10 405 теңге, алты-жеті баласы үшін 16 160 теңге алып келген аналарға әр балаға 21 мың теңге беріледі деген жаңалық, расында да, ерекше әсер етті. Көпбалалы отбасылар бөркін аспанға атып, жастар жағы оларға қызыға қарап, көптің көкейінде көбеюге деген керемет сезім бүр жарып, отбасылық құндылықтың маңызы артқандай болды. Артынша бұл бағдарламаның әлеуметтің ең әлсіз топтарына ғана берілетіні белгілі болды. Жұрт «жұмыртқа санайтын науқанға» тап болды. Біріншіден, бұл төлем көпбалалы отбасының барлығына бірдей берілмеді. Өйткені ол әлеуметтің ең әлсіз топтарына ғана арналған. Оны есептеудің машақаты да аз емес екен. Тұңғыш Президент уәде еткендей, атаулы әлеуметтік көмек төрт және одан да көп баласы бар отбасының ортақ табысы жан басына шаққанда күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан аспайтындарға берілді. «Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін тек жеке куәлікті ұсынса ғана жетіп жатыр» деген дақпырт шындықа жанаспады. Тиісті мекемелердің табанын тоздырған ананың қарасы өте көп болды. Бірге тұратын тек жақын туыстардың барлық табысы есепке алынады. Яғни, ата-ана, балалар, бала асырап алушылар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек бауырлар мен апа-қарындастар, ата-әже, немерелер есепке алынды. Бір ата-ана үш баласын отбасымен бірге ұстап отырса, бір үйде тұратын болса, онда ол үйдегі екі зейнеткердің табысы отбасындағы үш жанұяға да есептелді. «Отбасыға кіретін бір жалақы жан басына шаққанда асып кетіп тұр, одан заңды түрде ажырасып, бұл көмекті қалайда алайық» деп ойлап, тіпті оны жүзеге асырып үлгерген отбасылардың да қарасы көптеп табылды. Әбден қажыған жұртты осы қадамға қоғамның өзі итеріп бергендей еді. Бірі құжат жүзінде болса да ажырасып, енді бірі қара шаңырақтан безуге мәжбүр болды.
Құмға сіңген – 425 мың
Жылдың тағы бір әлеуметтік жаңалығы – тіркеуге тұрғаның үшін берілетін 425 мың теңгенің айналасында өрбіді. Алайда ана мен бала өлімінің алдын алатын ұтымды ұсыныс қабылданбай қалды. Қазір аяғы ауыр екі әйелдің бірі генетиктің қабылдауына жазылып, туған баласы катамнез кабинетінен бір-ақ шығатын ана көп. Өйткені таза ауа мен табиғи тамаққа зәру заманда ана мен бала мәселесі кәдімгідей келелі мәселеге айналды. Осы олқылықтың алдын алу үшін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы жаңа кодекс жобасына жүктіліктің 12-ші аптасына дейін тіркеуге тұрған әйелге жергілікті бюджеттен 425 мың теңге беруді енгізу ұсынылды. Өкініштісі сол, алдымен жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыратын, одан соң ана мен баланың денсаулығын сақтайтын ұтымды ұсыныстың соңы сиырқұйымшақтанып, құмға сіңген судай боп кетті. Неге? Бүгінде жүкті әйелдердің 70 пайыздан астамы ауыр экстрагениталды және акушерлік патологияларға байланысты ауруханаға жатады. Мерзімінен бұрын 11 пайыз әйел босанып қалады. Жыл сайын реанимация бөлімінде 350-ге жуық салмағы төмен және шала туған нәресте емделеді. Айтуға ауыр болса да, ана өлімінен алдыңғы орында келе жатқанымыз тағы шындық. Былтыр Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медицина саласындағы нәтижесіз көрсеткіштің біріне осы ана өлімін жатқызып еді. Оның негізгі себебі ретінде жүкті әйелдердің кеш есепке алынуын айтты. Ол да рас. Соңғы уақытта халықтың қалауымен билік те ана мен баланың мәселесіне мән бере бастады. Осыған дейін қордаланып кеткен дүр дүниенің дүрмегіне «дәрі» беру кезеңі де келіп жеткендей күйде болған едік. Жүктілігі үшін төленетін 425 мың теңге осының дәлеліндей еді. Әттең... Мәжіліс депутаттары, қоғам белсенділері қолдаған бастаманың соңы бұлай сұйылып кеткені өкінішті...
Аналар мықтап алданды...
Бас қаладағы бес қыздың өлімі мен оның артынан ашынып, ереуілге шыққан аналардың зары әлеуметтік көмек берілудегі осындай оңтайлы өзгерістерге сеп болды. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сәуірден бастап бере бастаған әлеуметтік көмегі асығыс шешім екенін көрсетті. Бұл көмекке құжат қабылдайтын мамандар мен тиісті мекемелердің дайын еместігінен туындаған талай даудың өршуіне әкелді. Нәтижесінде, қоғамда «масыл» сөзі көбірек дендеп, көмек алған аналардың біразы «алаяқ» атанып үлгерді. Бүгінде АӘК-ті еліміз бойынша 291 мың отбасы алып отыр. Табысын дұрыс көрсетпеген, мемлекетке алған ақшасын қайтаруы тиіс 21 мың отбасы бар. Олардың басым бөлігі жобаның дайындықсыз басталып кеткенінің зардабын тартып отыр. Яғни, бұл жерде түсіндіру жұмыстарының аздығы мен мамандардың «шикі» жұмысының әсері де болған. Егер әу баста бұл жобаға дайын мамандар сауатты жұмыс істеген болса, бұл олқылық орын алмаған да болар еді.
Сондай-ақ тиісті орындарға алып-ұшып барған аналардың құжат қабылдай бастаған он күннің ішінде жүні жығылып, жүйкесі тозды. Себебі бұл көмекті көпбалалы аналардың көбі әзір ала алмайды екен. Өйткені өзі тұратын пәтерін жалға алып жүрсе де, жалақысына қатысты бұл көмектен қағылып, керісінше басында баспанасы болса да, бұл көмекті алған бір-біріне кереғар оқиғалар өте жиі орын алды.
Қазақ отбасылық өмірді есеп-қисапқа салмаған. Баласының санын айтпаған.
Бірақ осы көмектерді алу жолында аянып қалған жоқ. Өзіміз жоғарыда айтып өткеніміздей, бұған әлеуметтік жағдай басты себеп. Байлардың мұңы әу бастан аз. Ал кедейлерді кім ойлайды? Осындай мұқтаж топтың мүддесін қорғайтын жаңа бағдарлама оларды шынымен жарылқады ма? Керісінше, «Мемлекетке масыл болғаннан артық жаман нәрсе жоқ» деп мінейтін қасаң түсінікті қалыптастыруға тырысып-ақ жатқандай көрінеді бізге.
43 тауар – қырық жанымыздың қорғаны ма?
Осы жерде ең төменгі күнкөріс деңгейіне тоқтай кетуді жөн санадық. Өйткені жан басына есептелетін жәрдемақы мәселесінде де бұл тақырыпты айналып өту мүмкін емес. Соңғы кездері Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің уақыт талабына сай емес екенін сарапшы мамандар жиі айтып жүр. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде жалақының ең төменгi мөлшерi – 42 500 теңгені құраса, статистика агенттігі күнкөріс минимумын 29 689 теңге деп белгіледі. Демек, адам бір ай бойы осы ақшаға еркін өмір сүре алады деген сөз.
Шынтуайтында, бұл 30 мың қалталы адамның бір шай ішкенінен немесе киімінен артылмайды. Ал әлеуметтік жағдайы төмен адамдар үшін бұл қаржы 43 тауар мен қызмет түрінің бағасы деп белгіленді. Оның ішінде ет пен балық, сүт, май және жұмыртқа, жемістер мен көкөністер, нан және жарма өнімдері, қант, шай және дәмдеуіштер бар.
Әлемдегі әрбір мемлекет өз тұрғындарының ең төменгі күнкөріс деңгейін белгілеу барысында азық-түлік себетін әртүрлі өнімдермен толтырған. Мәселен, Ресейде ең төменгі деңгейде өмір сүру үшін ай сайын 156 түрлі тауар мен қызмет түрі қажет деп есептеледі. АҚШ-та бұл көрсеткіш – 300, Францияда – 250, Англияда – 350, Германияда 475-ті құрайды.
2020-ның жаңалығы қандай?
Жалпы, жәрдемақыны табысына қарамай беру жайы БАҚ беттерінде жиі талқыланды. Осы ескерілді ме, билік тарапынан оң шешім шығарылғандай болды. Енді 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жәрдемақының жаңа түрі беріле бастайды.
Мемлекеттік жәрдемақы төрт немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі балалары бар барлық көпбалалы отбасыға табысына қарамастан төленеді (4 баласы бар отбасыларға – 42 496 теңге; 5 балаға – 53 127 теңге; 6 балаға – 63 757 теңге; 7 және одан да көп балаларға 74 388 теңге).
Мемлекеттік жәрдемақыға ілігу үшін отбасының барлық мүшесі бірге тұруы тиіс және бір мекенжайда тіркелуі керек. Олай болмаған жағдайда, отбасылардың жаңа жәрдемақыны алу құқығы шектеледі. Сондықтан көпбалалы отбасылар халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, балаларын да бір мекенжайға тіркеп, сол жерде жаңа жәрдемақыға өтініш бергені жөн.
Бұл жеңілдіктің бай-кедей деп бөлмей, ел азаматтарына түгел арналғаны әзірге халықты қуантып отыр.
P.S.___________________
Әлеуметтік көмек көпшілікте талқылана бастағаннан-ақ «Балаға берілетін жәрдемақы үшін бала табатын көп» дейді білетіндер. Енді үш баласы барлар төртіншіге әрекет етіп, жаңа келе жатқан жылымызда «беби-бум» болады деген де пікірлер жиі айтылуда.
Бұл рас па?
Рас болса, бұл халықтың әлеуметтік жағдайының тым төмендігін көрсетпей ме?