Ата-әже алимент төлесін бе?

Ата-әже алимент төлесін бе?

Қазақстанда алимент бойынша өндірілмеген қаржы көлемі — 5,5 миллиард теңге. Алимент төлетуді мін­деттейтін мекемелер заң аясында міндетін орындады. Бірақ нәтижесі шамалы. Ендеше, қайтпек керек? Үкімет отырысында Әділет министрі Марат Бекетаев немересі үшін алиментті ата-әжесінің зейнетақысы мен мал-мүлкінен өндіріп алуды ұсынды.

Бұған дейін жауапкершіліктен жалтарған әкелердің көлігін айыппұл тұрағына қойды. Есеп шотынан ақшасын шешіп алуға тыйым салды. Тіпті, Павлодарда алимент төлемей жүргендердің фотосын көшенің қақ ортасына іліп те көрді. Бірақ нәтиже шық­пады. Әділет министрі «Қазақ­паратқа» берген жауабында бұл мәселені шешу үшін Италия тәжірибесін зерттеп жатқанын айтты.

– Осы бағыттағы зерттеу жұ­мыстары барысында Италияда өте қызықты тәжірибені көрдік. Ол жақта алимент бойынша борышкер, яғни балалардың әкесі алимент төлемесе, онда Италия соты не істейді? Италия заңы бойынша бұл қарызды борышкердің ата-анасының жауапкершілігіне жатқызады. Яғни, судья: «Егер ата-анасы осын­дай жауапкершілігі төмен жі­гітті тәрбиелесе, онда олар ба­ласы үшін алимент төлеуі тиіс» деген уәжді айтады. Атап айт­қанда, немеренің ата-әжесі үшін бөтен еместігі назарға алына­ды», – деді Марат Бекетаев.

Министр қазіргі кезде бұл тәжірибені жалпы қоғамда талқыланып жатқанын да айтып өтті. Оның айтуынша, қандай пікір болатыны зерделенеді.

– Кейбіреулер аталған тә­жірибе дұрыс емесін алға тартуда. Яғни, борышкер өзі жауап беруі тиіс деп, қарызын ата-анасы төлеуге міндетті еместігін айтып жатыр. Дегенмен Италияның тәжірибесі қызығушылық ту­дырды. Сондықтан оны талқы­лаған дұрыс. Менің ойымша, тиісті заң жобасына осы норма­ны енгізу керек, – дейді министр.

Бірақ бұл мәселе қолданысқа енсе, борышкердің ата-анасы зейнеткер болса, олар немересі үшін жауапкершілікке тартылу керек пе? Министрдің пайымын­ша, зейнеткер ата-әжесінде мү­ліктері – пәтері, көлігі бар. Бұл өз кезегінде қарызды жабудың көзі бола алады. Егер мектепке бару үшін немересіне киім алудың өзі қиын болып жатса, не істеу керек дегенге саяды.

Ал бұл мәселеге қатысты Мә­жіліс депутаты Балайым Кесе­баева алимент төлемеудің соңы тұрмыстық жанжал, қиындыққа әкеледі деп санайды.

– Алимент бойынша құжат­тар саны жыл сайын өсіп отыр. 2019 жылдың 9 айының қоры­тындысымен алимент бойынша берешек 5,5 млрд теңгеге жеткен. Соңғы жылдары төленбеген али­мент көлемі бірнеше есе өскен. Бұл  – жүздеген мың бала­ны ата-анасы материалдық тұрғыда қамтамасыз етпей отыр деген сөз. Алимент өндіру – қор­далан­ған проблемалардың бірі ғана. Мұның шешімі табылма­уы – халықтың әлеуметтік осал топ­тары, яғни баланың анасы тұр­мыстың тауқыметін тартатыны бізді қынжылтады, – деді де­путат.

Оның пайымынша, али­мент­ті уақтылы төлету үшін бо­рыш­кердің тұрақты жұмыс орны мен мүлкі болмаса, онда жеке сот орындаушы одан объективті түрде ештеңе өндіре алмайды. Сондықтан сот орындаушылар алименттерді өндіріп алу туралы істерді уақытылы, жүйелі түрде соңына дейін жеткізуі тиіс. Алимент төлеуден жалтару үшін жұмыс берушілер мен борыш­керлердің өзара сөз байласу деректерін анықтау, оның алдын алу маңызды. Борышкерді іздес­тіру, мәжбүрлеп берешегін төлеткенде ғана нәтиже болады.

Алиментті немересі үшін ата-әже төлеген дұрыс па? Бұл сұ­раққа қоғамның пікірі әрқилы.  


Кейбіреулер аталған тә­жірибе дұрыс емесін алға тартуда. Яғни, борышкер өзі жауап беруі тиіс деп, қарызын ата-анасы төлеуге міндетті еместігін айтып жатыр. Дегенмен Италияның тәжірибесі қызығушылық ту­дырды. Сондықтан оны талқы­лаған дұрыс. Менің ойымша, тиісті заң жобасына осы норма­ны енгізу керек


 

Ерсін ҚАЗИЕВ,
Маңғыстау облыстық сотының 
Азаматтық істер жөніндегі апелляциялық 
сот алқасы сот отырысының хатшысы:

– Бұл ұсыныс адамгершілікке, біздің менталитетке жат. Себебі баланы бағып-қағу – ата-ана­сының міндеті. Ал ата-әжесі өз баласын бағып-қағып, оқытып өз міндетінен құтылды. Енді оған немеренің жауапкершілігін жүктеу, меніңше, дұрыс емес. «Неке және отбасы туралы» заңда ата-ана 18 жасқа толғанға дейін бала-шағасын асырауға міндетті. Балалары 18 жасқа тол­ғаннан кейін ата-ана да әр баласынан алимент өндіріп алуға заң жүзінде құқығы бар. Әр бала кәмелеттік жасқа жеткен соң, ата-анасын бағып-қағуға мін­детті. Ата-әже немересіне али­мент төлеуі керек деген мәселе заңда қарастырылмаған. Ми­нистрдің ұсынысы дұрыс емес. Оның үстіне, баланың әке-ше­шесі тірі болса, керісінше әке-шешесінің жауапкершілігін арт­тыру керек. Заңды орындамау жауапкершілікке әкеліп соғады. Баланың әкесі жұмыссыз болса, мәжбүрлеп жұмыс істету керек. Бала-шағасына алимент өндіре­тіндей деңгейде жеткілікті қа­ражат табуы керек деп санаймын.

Қолданыстағы заң бойынша ажырасқан отбасындағы әкенің жұмысы бар-жоқтығына қара­май, алимент төлеуге міндетті. Уақытылы төлемесе, айыппұлы өсе береді. Жұмыс істеген жағ­дайда сот шешімімен табысының белгілі бір проценті алимент ретінде өндіріліп отырады.

 

Серікгүл САЛИҚЫЗЫ,
психолог:

– Ата-әжеге жауапкершілік арту – өте өзекті мәселе. Алимент төлеуді ажырасқан ер-азаматтар мойнына алмай отыр. Себебі ата-анасы да алименттің маңы­зына мән бере қоймайды. Ашар­шылық, соғыс кезінде ата-әжесі немересі үшін жанын пида ет­кен. Ертеңгі ізін жалғар ұрпағым аман болсын деген ниетпен өмірін қиюға дейін барған. Бала үшін барын берген ата-әжелер, қиын заманның көз тірі куәгер­лері әлі де болса, арамызда бар. Ата-әже ұрпақ тәрбиесінің, не­мересінің жақсы азамат болып өсуіне жауапты.

Психолог маман ретінде мұ­ны дұрыс деп қараймын. Заң жүзінде қатаң шаралар қолда­ныл­са, нәтиже болады. Заң ар­қы­лы жауапкершіліктен жал­та­ратындардың мойнына жауап­кер­шілік енгізу керек. Бұл мәсе­ленің себеп-салдарын халыққа дұрыс жеткізе білген орынды. Ажырасқан әр азамат саналы түрде бала-шағасына алимент төлейтін болса, проблема болмас еді. Бұл мәселе жүйелі түрде на­сихатталса, ата-әжесі алиментті өз қалауымен төлер еді. Өкі­ніштісі, осындай ақпараттарды тарату жұмыстары жиі жүргізіл­мейді. Жауапкершілікті әр алимент төлеуші жете сезіне бермейді. Ақсап тұрған жағы бар. Әр баланың тәрбиесіне ата-анасы тікелей жауапты болуы тиіс. Сонда Италиядағыдай қартайған кезінде немересі үшін алимент төлеп отырмайды. Туған баласының жағдайын ойламаса да, әке-шешесін уайымдап тү­зелуі мүмкін. Беті бері қарай­тындарды қатары азаяды. Сон­да ажы­расатындардың саны кемиді.

 

Түйін.


Рас, бүгінгі қоғам алимент төлеуден жалтаратындарды көбейтті. Бұл олқылықтың ор­нын­ толтыру үшін салмақ­ты ата-әжеге салған дұрыс па? Мәселенің түйінін осылай тарқата аламыз ба? Статис­тика не дейді? Соңғы жылда­ры ажырасу көбейді. Некеге тұрған әрбір үшінші отбасы ажырасуға дайын тұрады. Дайын тұрады деген бер жағы, ажырасып та жатыр. Отбасы жүгі жалғызбасты әйелдің иығына түсіп тұр. Ал еркектер ше? Жауапкер­ші­ліктен неге қашады? Қар­тай­ған шағында ата-әже ба­ла­сының іс-әрекеті үшін неге жауап беруі тиіс? «Бала бал­дан тәтті, немере жаннан тәтті» дейтін шағында бала­сының баласынан безініп жатқанын сезіну қарт ата-анаға оңай дейсіз бе? Сонда мұның шешімі қандай бол­мақ? Алимент төлетудің бұ­дан өзге жолы жоқ па? Әр еркек отбасы үшін жауапты делік. Демек, баласының ке­лешегіне де ер азамат алаң­дауы қажет. Әйел – жесір, бала – жетім қалмауы тиіс. Бұл үшін ажырасуға себеп болатын дүниенің шешімін тапқан жөн. Әуелі осының түйінін тарқатып алсақ, қай­теді?!   Сонда қарт ата-анаға алимент төлетейік деп, Бе­ке­таевтың да басы қатпас еді.



Майра БАҚЫТ