Жол жоқ жерден турист іздейміз бе?
Жол жоқ жерден турист іздейміз бе?
124
оқылды

Қазақстанға жылына 8,5 млн турист келеді. Бұл мәліметті Ұлттық статис­тика комитеті жіліктеп бер­ген. Елге келгендердің ішінде 1,2 млн іскерлік мақ­сатта ат басын бұрға­нын, 6,5 млн жеке мәселе­сі бойынша, қалған 81 мы­ңы турист екенін бюл­летеньде көрсеткен. Ал елге келгендер табиғатқа тамсанып, туризмді көтеруді көршіден «үйреніңдер» деп жар салып жүр. Сонда ішкі туризмді дамыту үшін қайтпек керек?

Естеріңізде болса, күзде елге келген әйгілі блогерлер Арам Варданян мен Меган Старр шетелдің Қазақстанға деген пікірін «өзгертті».Армения блогері Алматыға келіп, көптің арманын орындап қайтты. Енді Қазақстанға келген шетелдіктің көші-қон орталы­ғына уақытша тіркелуінің қажеті болмайды. Осы­ның алдында Варданян Facebook парақша­сын­да алмалы қалада әуреге түс­кенін, әлеуметтік желідегі дос­тарына Қазақстанға келуге кеңес бермейтінін жазды. Осы­дан кейін Президент арнайы мәлімдеме жасады.

«Егер біз шынымен мемле­кетіміздің, ірі қалаларымыздың инвистициялық және туристік тартымдылығын арттырғымыз келсе, онда шетелдіктерді көші-қон поли­циясында міндетті түрде тіркеу сияқты анохра­низм­нен арылуымыз керек. Міндетті тіркелу шетелдіктер үшін қолай­сыздық тудырып қана қоймай, сонымен қатар жем­қорлыққа да түрткі болады. Бұл өз кезегінде мемлекеттің беделіне нұқсан келтіреді. Сандық технологияны не үшін іске қостық? Үкіметке бұл мәселені жаңа жылға дейін шешуді тапсырамын. Ішкі істер министрінің мәліметінше, біз бұған толықтай дайынбыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Расымен де, өзі артынып-тартынып келген туристі үркітіп алғанымыз жөн болмас. Мем­лекет басшысы аталған мәселені жаңа жылға дейін шешуді тап­сырды. Ендігі кезек – шенді­лерде. Президент цифрланды­руды әртараптандыру керегін жыл басынан бері айтып жүр. 2019 жылы электронды визаны 25 мың шетелдік алған.

Қазақстанға Арам Вардаян­мен бірге еріп келген Меган Старр time.kz-ке арнайы сұхбат берген. Бірінші кезекте елдегі шектен тыс қағазба­стылықты сөз еткен. Бәрі онлайнға ауысқан дәуірде бір штамп үшін Алма­тыны айналғандарын «майын тамыза жеткізген». Көші-қон сай­тына кіргенде ағылшын тілінде мәлімет таба алмаған­дарын да қосқан. Дегенмен Қа­зақстанның таңғажайып таби­ғатына тамсанып, ерекше әсер алғанын да жасырмаған. Бірақ туризмнің «жеңіл жолы» жоқ екенін айтыпты. Мысалы, Арам мен Меган Іле өзенінің бойын­дағы Көшпенділер қаласын бетке алады. Арнайы көлік жал­дап, межелі жерге жетуді қалай­ды. Алайда жолда адасып, шар­шағандарын айтады. Өйткені елде ең әдемі аймаққа апарар автобус, такси жағы қарасты­рылмаған. Иә, Қайыңды мен Көлсай болсын, Айқайқұм бол­сын арнайы тур-пакет алма­саңыз, жете алмайсыз. Ал бұл шетелдік туристерге ұнамайды. Өйткені олар Колизейге де, Плимут жазығына да оңай же­теді. Мәселен, Алматы облысын­дағы Ша­рынды көремін деген­ше, жолдан әбден ти­тық­тайсыз. Аталған мекеннің үлкені – Гранд-Каньон­ға жету мұншалық қиын емес. Шетел­діктер тур пакеттің «қыр-сырын» жақсы біледі. Олар үстемеақы төлемей-ақ, ұнаған жерінде ұзақ болып, рахаттана тамашалағысы келеді. Осы мәселеге интернет желінің жырын қосыңыз. Елге келгендер айтып та, жазып та жүр. Арам Варданян Шарында түскен фотосуретінің астына «Жабайы Қазақстан» (Дикий Казахстан) деген жазба қалдырыпты. Нұс­қаудың астарын айқындамаса да, түсінікті. Интернет байланысы жоқ, жол жөндеуді сұрап тұр, сапарға шығатын шетелдікке үш тілде анық бағдар көрінбейді. Солай бола тұра, ішкі туризмді дамытуды қалаймыз.


Егер біз шынымен мемле­ке­тіміздің, ірі қалалары­мыздың инвистициялық және туристік тартым­дылығын арттырғымыз келсе, онда шетелдіктерді көші-қон полициясында міндетті түр­де тіркеу сияқты анохра­низм­­нен арылуымыз керек. Мін­детті тіркелу шетелдіктер үшін қолай­сыздық тудырып қана қоймай, сонымен қатар жем­қорлыққа да түрткі болады. Бұл өз кезегінде мемлекеттің бе­деліне нұқсан келтіреді.


Қазақстаннан «шалдығып» шыққан Арам мен Меган бұдан соң қайда барды деп ойлай­сыздар? Қырғыз еліне. Артынан әлеуметтік желіде айырқалпақ ағайын туралы жылы лебізін білдірген. Өйткені оларға тауға шы­ғамын десе – аты, жаяу серуендеймін десе, велосипеді дайын тұрған. Жоғарыдағы сұх­батта Варданян Алматыда велосипед жолы көп әрі кең болғанымен, шайтанарба таба алмағанын айтқан. Ал Қырғыз­стан болса, шағын жолын пай­даның көзіне айналдырып отыр. Қырғыз елінің ішкі туризмі Қазақ­станнан қарағанда көші ілгері екенін атақты блогерлер мақұлдап отыр. Олардың сөзін­ше, қолайлы жағдай қалып­тас­тыру алдыңғы орында тұрады.

Дей тұрғанмен, кей өңірде ішкі туризм ілгерілеп келеді. 2019 жылы киелі Түркістанды көруге 1,5 млн-ға жуық турист ат басын бұр­ған. Мұны Түркістан облысының әкімі Өмір­зақ Шө­кеев мәлімдеді. Иә, сәулет өне­рі­нің ерекше туындылары орна­лас­қан өлке туристі тартары анық. Өйткені Самарқан пен Бұха­раны әлемнің әр бұры­шынан іздеп келе­тіндердің қа­расы көп. Бір жағынан Таш­кенттің танымал болуына әдеби аңыздар, кинематография да сеп болады. Мысалы, еуропалық­тарды Алматы, Нұр-Сұлтан сияқ­ты заманауи қала емес, Отырар, Сарайшық, Түркістан мен Ақыртас тәрізді мекен тәнті етеді. Мәселен, телесериал­дарымен танымал Түркия ішкі туризмін дамытып отыр. 2017 жылы шыққан «Чукур» сериалы Балат ауданында түсірілген. Аталған ауданды көруге әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келеді. Стамбұлдың архитек­ту­расы ерекше бөлігінде дәмханасы мен дүкені барлар табысының 50 пайызын сериал арқылы тауып жүр. Туристер аудан дуалда­рын­дағы графиканың жанында су­ретке түсуге, сериал символы бар кеудеше сатып алуға құмар екен. Міне, кинематографияның құ­діреті. Ал Түркияның сериал сату­дан экономикасына көмек көрсетіп отырғаны тағы бар.

Елге келгендердің шағым айтатын тағы бір тұсы – гид-нұсқаушылардың аз екені. Көбі елге келгенде шет тілін еркін мең­герген, кез келген сұрағы­на жауап таба алатын нұсқау­шы­ны «итпен іздейтін» көрі­неді. Осы­ған байланысты елде гидтерді арнайы үйре­тетін орта­лық­тардың жұмыс істе­мейтінін көреміз. Сәйкесінше нұсқаушы таба ал­ма­ған­дары көрші елдегі гид­тер­ден жәрдем сұрай­ды. Ал олар болса, тауды көрсетіп тұ­рып, біздің елде мұнан да кере­меті бар демесіне кім кепіл?


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ