Елбасы түлеп ұшқан Теміртау – республикада экологиясы ластанған ең лас қала болып танылды. Қалада шаң-тозаңды, улы газды иіскеп қана емес, «қолмен» ұстап көруге болады. Себебі Теміртауға күнде «қара» қар жауады.
Қала тұрғындарының еңсені басқан қара тұман мен темір татитын ысты ауаға шағымданып жүргеніне 3 жылдың жүзі болды. Әлеуметтік желілерде қаланы басқан қара күйе мен тұтасқан түтіні түсірілген видео мен фото қаптап жүр. 18 мың адам тұратын шағын қала облыс орталығына тиіп тұр. Алайда облыс басшылығы бұл мәселені түбегейлі шешуге дәрменсіз. Себебі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпараты бойынша Теміртау қаласында ауаға тараған зиянды қалдықтардың 80%-дан астамы «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнына тиесілі. Ірі инвесторға талап қойып, қоршаған ортаға төнген қауіпті жою жергілікті әкімдіктің қолында емес. Соңғы 3 жылда 51 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалғанына қарамастан Қарағанды облысында жыл сайын ауаға 590 тоннаға таяу зиянды қалдық таралады.
2018 жылы қыркүйекте Елбасы Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары кезінде Теміртау қаласының экологиясына арнайы тоқталған болатын.
«Аймақтағы өнеркәсіп кәсіпорындары ауаға 1 жылда 600 мың тоннаға жуық залалды заттар шығарады. 600 тонна дегеніңіз – республика бойынша атмосфераға бөлінетін зиянды заттардың төрттен бір бөлігі. Теміртауда тіпті «қара» қар жауыпты» деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев. Құрышты қаланың келешегіне алаңдаған Тұңғыш Президент Теміртаудағы «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорны басшылығына экологияны жақсартуды тапсырды. Елбасы сапарынан кейін облыс әкімдігі Теміртау экологиясын сауықтырудың кешенді жоспарын бекітті. Өңірде қоршаған ортаны қорғау жөніндегі кеңес құрылды. Одан бері жылдан астам уақыт өтті. Теміртауды торлаған қара түтін ыдырамады. Қала қара түтінге оранып, шенеуніктер берген уәденің орындалуын әлі күтуде.
Осыдан бір жарым ай бұрын Парламент Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитеті Теміртау қаласында «Аймақтың ірі кәсіпорындарының шығарындыларын азайту мен тазартудың жаңа технологияларын енгізу» тақырыбында кеңейтілген көшпелі отырыс өткізді. Отырысқа Мәжілістің 13 депутаты, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі, вице-министр, комитет төрағалары, департамент директорлары, Қарағанды облыстық және Теміртау қалалық мәслихаттарының депутаттары, әкімдер, Nur Otan партиясының өкілдері, экологтар мен қала тұрғындары қатысты. Олар «АрселорМиттал Теміртау» АҚ өкілдерімен кездесіп, ірі кәсіпорынның техногендік әсерін төмендету, өндірісті жаңғырту секілді өзекті мәселелер қаралды.
– Біз Теміртауға кездейсоқ келген жоқпыз. Мұнда ірі өнеркәсіптік кәсіпорынның бірі – «АрселорМиттал Теміртау» жұмыс істейді. Компания қала құраушы кәсіпорын ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаны ластаудың негізгі көзі болып отыр. Біздің комитет министрлікпен бірлесіп осы жерде ластаушы кәсіпорындардың заманауи технологияларға көшу мәселелерін талқыладық, – деді комитет төрағасы Глеб Щегельский.
– Компания соңғы 6 жылда жалпы сомасы 11 млрд теңгеге табиғат қорғау шараларын жүзеге асырды. Былай қарап отырсақ, бұл сома үлкен және нәтиже болуы тиіс. Алайда ластаушы заттардың шығарындылары тек 13,5 мың тонна шаңға қысқарды, бұл шығарындылардың жалпы көлемінің 6,5%-ы ғана. Осыған байланысты атмосфераға ластаушы заттардың шығарылуын қысқарту бойынша тұжырымдамалық техникалық шешімдерді қайта қарау қажеті туындады, – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі.
Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, министрлік пен «АрселорМиттал Теміртау» 2023 жылға дейін эмиссия көлемін 5 жыл ішінде 30%-ға төмендету туралы келісті. Отырыста екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
2016 жылдан бері қоршаған ортаға келтірген залалы үшін компания 4 млрд теңге көлемінде айыппұл төлеген. Дегенмен министр бас болып келген жиында «АрселорМиттал Теміртаудың» бас директоры Парамжит Калон төбе көрсетпеді. Соған қарағанда облыс басшылығы ғана емес, Үкіметтегі құзырлы министрлік те инвестордың тақиясына тар келіп тұр. Экология министрінің айтуынша, екіжақты меморандумның арқасында қала маңына егілген 500 мың тал экологиялық зардаптың мөлшерін 30 пайызға азайтады. Компанияға экологиялық кеселді жоюға 2024 жылға дейін уақыт беріліп отыр.
Компанияның атқарушы директоры Вадим Басиннің айтуынша, экологиялық зардаптан «Сарыарқа» магистралды газ құбыры құтқарады. Республиканы көктей өтіп, тартылып жатқан газ қаланы қара қардан тазартпақ. Алайда өндірісті газға көшіру бүгін-ертең бола қоймайтын іс. Яғни, Теміртаудың ауасы жақын арада улы қалдықтан арылмайтыны бесенеден белгілі болып тұр.
Меморандум негізінде 4 жылға арналған қоршаған ортаны сауықтыру шараларына 134 млрд теңге жұмсалмақ. Аз ақша емес. Алайда компанияның қала экологиясына тигізген зардабы үшін төлеген айыппұлдарының қала бюджетіне түспейтінін ескерсек, бұл қаражаттың да теміртаулықтарға жететіні күмәнді.
«Ресми мәліметтер бойынша, «Арселор Миттал» компаниясы күніне 893 мың доллар табыс табады. Аудиторлық тексеру нәтижесінде 2017 жылы компания 313 млн доллар табыс тапқаны анықталды. 2016 жылдан бастап 3 млрд теңгеден астам айыппұл өндірілді. Алайда нәтижесін көріп тұрған жоқпыз. Ресми мәліметтер бойынша, Теміртау қаласында 179 мыңға жуық адамның үш мыңдайы онкологиялық ауруға шалдыққан. Өткен 2018 жылы бұл науқастардың қатарына 500-ге жуық адам кірді. Бүгінде Теміртау қаласы онкологиялық аурулар бойынша алда тұр. Экологиялық айыппұлға төленген өтемақылардан осы науқастарға да қаражат бөлу керек» деген болатын депутат Бақытгүл Хаменова.
Экологияны сауықтыру мәселесін Қарағанды облысының жаңа әкімі Жеңіс Қасымбек Теміртаудың даму әлеуетін талқылау жөніндегі кеңесте қарады. Аймақ басшысы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылығына мәселені төтесінен қойды.
– Сіздер ел басшылығына жылына 6 млн тонна болат өндіруге уәде бердіңіздер. Бұл сіздердің инвестициялық келісімшартыңызда жазылған. Іс жүзінде нәтиже бір жарым есе аз – осы жылдың қорытындысы бойынша 3,7 млн тонна болат күтілуде. Көлем бойынша өсіп жатқан жоқсыздар! Өткен жылмен салыстырғанда прокат өндірісі 20%-ға төмендеді, – деді Жеңіс Қасымбек
Өңір басшысы комбинаттағы апаттық ғимараттар мен құрылыстарға қатысты мәселелерді де қозғады. «Бұл өндірістегі ірі апаттарға әкеледі» деп атап өтті ол.
– Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, Теміртаудағы экологиялық жағдай шиеленісіп тұр. Сіздер көп ақша салғандарыңызды баяндайсыздар. Бірақ нәтиже мен нақты іс көрінбейді, – деді Жеңіс Қасымбек.
Биыл «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жоспарланған алты іс-шараның үшеуін орындады. Электр сүзгілерін орнату арқылы газ шығару жолы қайта жаңартылды. 11 шаң ұстайтын қондырғыларға жөндеу жүргізілді. Санитарлық-қорғау аймағында және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ аумағында ағаштар отырғызылды. Қалған жоспарлы іс-шаралар қазір орындалу сатысында.
Теміртаулықтардың жанайқайы Үкіметке жетті. Шетелдік инвесторларға шара қолдану, ел мен жердің тазалығын сақтау, табиғат байлығын қорғауды міндеттеуге билік кешігіп болса да кіріспек. Қандай нәтиже шығатынын уақыт көрсетеді.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы