Марфуға Айтқожина, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: Мен тәкаппар Талқының тауында өстім
Марфуға Айтқожина, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: Мен тәкаппар Талқының тауында өстім

«Жыр аққуы – Марфуға». Бұл – көрнекті ақынға халқының берген бағасы. «Марфуға десе кез келген қазақ шұрайлы жыр мен шынайы сезімді еске алары хақ. Марфуға – өлең болып өрілген қыз-ғұмырдың бейнесіне айналған тұлға». Бұл – әріп­тес­терінің ақын туралы айтқан жүрекжарды лебізі. Жыр аққуына айналған Марфуға ақын қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатыр. Ақынның елордалық болғанына да – екі жыл.

– Бірнеше күн болды кітаптарды баспаға әзірлеумен уақыт өткізіп жатырмын, – деп бастады Марфуға апа әңгімесін. – Желтоқ­сан­ның соңына дейін үш кітапты бітіріп, баспаға өткізуім керек. Біреуі – жаңа кітап. Қалған екеуіне бұрынғы қолжазбаларымды жинақтап отырмын. Бұрынғы кітаптарымды парақтап қарап отырып, бір кездері жазған мақалама көзім түсті. Оқып отырып, журналистиканы бітірген атымыз бар. Сол кезде публицистикаға бет алсақ, әп-әдемі мақалалар жазған болар едік деп ойлап қойдық.

– Құздарынан жөңкілген дауыл көшкін,
Мен тәкаппар Талқының тауында өстім...
Бой асыра шыңдары биіктеген,
Бірге ойнадым жартаста киікпенен.
Қайсарлықты бойына құйған мықтап,
Қарағайын тапжылмас сүйіп келем! Аққу ақынның өткеніне тағы бір көз салсақ. Не көресіз?

– Шығармашылық деген бөлек әлем ғой. Өлең деген сағыныштан туады. Бізді ақын қылған да сағыныш. Туған жерге сағыныш, аңсау жүректен жыр боп төгілді. Анам бізді бесікке құндақтап, сағынышпен тербеген. «Шіркін-ай, көзіміздің тірісінде елге, жерге оралар ма екенбіз?» деген арман ата-анамыздың жүректерін қақ жарып отыратын. Менің ақын болуыма осы нәрсе себеп болды ма деп ойлаймын. Анам өмірден ерте озды. Оны алып кеткен де осы – сағыныш. Қытайда қанша бақуатты өмір сүріп, бақытқа кенеліп жүрсе де, ата-анам туған жерін аңсады. Анам 1956 жылы қайтыс болды. Біз елге 1958 жылы оралдық. Қоңыр күз болатын. Бізді Жаркентте туған-туыстарым қарсы алды. Әкем екеуміз жеңіл көлікте келе жаттық. Таңға жақын Қоңыр тауының бөктеріне келдік. Кең дала, таусылмайтын таулардың сілемдері. Сайран деген көл. Арындап жатқан өзендер. Іле өзені де сол жақтан бастау алады. Мен сол тауларға, өзендерге қарап, көңілім құлазып келе жатты. Ешкіөлмес тауының баурайына жеткен кезде әкем көлікті тоқтатты. Қазір ойласам, ақын Сара ауылының тұсы екен. Әкем басындағы сусары бөркін шешіп, жол жиегінен бір уыс топырақ алды. Оның қимылына қарап отырдым. Әкем әлгі бір уыс топырақты құшырланып тұрып иіскеді. Содан кейін көкірегіне басты. Сосын барып, жол жағасына етбетінен жатты. «Аға, аға, тұрыңыз» деп орнынан тұрғыздым. Әкем қанша түрмеде жатып, қандай қиындық көрсе де, әсіресе қытайдың түрмесінде қолына шеге қағып, басына шеңбер салып, от қалақпен ұрып, көзін сыртқа шығарған кездің өзінде де көзіне жас алмаған екен. Сөйткен қайсар қазақтың айдаладағы бір уыс топырақты көкірегіне қысып, жылап жатқанына қайран қалдым. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін әкем қайтыс болды да, осы оқиғаларды үлкен тебіреніспен жырыма арқау еткенім бар.

– Әкеңіз «Жапон тыңшысы» деп ұсталып, сотталған кезінде түрмеден қашып шығыпты. Ол заманда түрмеден қашып шығу да оңай емес. Әкеңіздің қашуына анаңыз себепкер болғаны рас па?

– Әкем «Жапон тыңшысы» деп ұсталып, оларды Алматының мүттәйім бағы дейтін қалың тоғайының ішінде терең ор қазып, сонда қамапты. Бір мезетте Қапал уезінен 82 адамды ұстаған екен. Олар туралы деректер Орталық архивте бар. Сонда әкем туралы «Ең ішіндегі қауіпті жау – Ғали Айтқожин. Ол арабша, орысша оқыған, өте сауатты, білімді адам. Алғашқы мұғалімдердің бірі» деп жазады. Түрмеде орын жоқ. Әлгі орға кешкісін баспалдақпен түсіріп, таңертең сол баспалдақпен тартып алатын көрінеді. Бетін темір тормен жауып тастап, солдаттар айналып, күзетіп жүреді екен. Ал орды баспана қылғаны жау деп ұсталған бейбақтарды қамай­тын басқа орын болмаған ғой. Әкемнің ана­сы, қажы атамның бауырына салған үлкен ұлы Шаяхметтен басқа балаларының бәрі ашар­­­шылықта өліп кеткен. Ол ағаларым – Төретұрсын, Балатұрсын, Құдиярхан, Айт­мұхам­­мед, Гүлмануар әпкем – төрт ұл, бір қыз. Аруақ­тары риза болсын, үнемі дұғамнан таста­май­мын.

Шешем көзі ашық, хат танитын кісі. Мола­лы стансасынан пойызға отырып, әкемді іздеп келіп, жолығады. Жылап-еңіреуден көз ашпаған байғұс анам шырқырап жылап, әкеме жетеді. Содан көп ұзамай әкем мүттәйім бақ ішіндегі зындан түрмеден қашып шығады. Өзіне «Ғали Айтқожин» деп сол уақытқа сай құжат жасап алады. Сөйтіп, тосқауылдың бәрінен аман-есен өтіп, атақты Қора тауының биігіндегі көлдің маңында, қиын құз-жартастың ішінде екі ай тығылып жатады. Адамды көрген аю үңгірінен шығып, тау-тасты жаңғырта ақырып күресуге шақырады екен. Ахмет деген немере інісі тамақ әкеліп беріп жүріпті. Содан бір күні тықыр таянғанын сезіп, балалары Төретұрсын мен Гүлмануардың суретін сұратып алдыртып, төсқалтасына салып алып, бір түнде Қытай асып, қашып кетеді. Бұл кезде әкем балаларының аштан өлгенінен де бейхабар екен.

Ал атам Айтқожа да шешен, мықты кісі бол­ған. Ауыздыға сөз бермей, топ жарған ше­шен кісі болыпты. Қажылыққа да барған. «Айтқожаның шешендік сөздері» деп ел-жұрт айтып жүретін. Мұның бәрін елге қоныс аудар­­ғаннан кейін естідік. Шешемнің шын аты – Бифатима. Ел-жұрт оны қадірлеп, атын тура атамай, «Бәтжан, Бәтжан жеңеше» депті. Анам өте ақылды, көрікті кісі болған. Егер мен шешеме тартсам, сұлу болар едім. Анам маған: «Атаңа тартып шешен, ақын болып тудың» деді. Менің Жанбота қызым анама келеді. Оны көрген туыстарым: «Бәтжан тәтемнің аузынан түскендей ғой» деп таңданып отыратын. Әкем Құлжада, Үрімшіде жүргенде де ат үстінен түспеген кісі болған. Кейін жала жабылып, ұсталып кетті.

– Керемет әнші, актриса болып кетуге де мүмкіндік болды. Бірақ сіз ақындық жолды таңдадыңыз. Неге?

– Әкем маған: «Ол – өнер. Қажы атаңның жолын қуып, үлкен ақын боласың» деп еді. Сонда әкем сонау 1950 жылдары Ғали Ормановпен хат алмасып тұрады екен. «Егер туған жерден бір уыс топырақ бұйырмай, сүйегім осы жерде қалатын болса, туған елге сен барасың. Онда Ғали Орманов деген үлкен ақын ағаң бар» деп жиі айтатын. Сөйтсем, әкем туған жерден жиі хабар алып, бәрін біліп оты­рады екен. Бірақ әкем айтқандай, ешкімнің алдына барғаным жоқ. Кейде тағдырдың дауы­лын кешіп, жүрегі туған жерге деген махаб­бат­қа тұнған елдің қайғы-қасіреті, теңдессіз сағы­ны­шы, арманы мені ақын етті-ау деп ой­лай­мын. Шешем мені тал бесікке бөлегенде, елге деген сағынышты жырларымен тербеді ғой. Көрдіңіз бе? Әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен дарыған дүние мені еріксіз ақындық әлемінің өкілі етті. Соның әсері болса керек, ел мен жер туралы өте көп жаздым. Жас ұлғайған сайын сол сезім ұлғаймаса, азаймайды екен. Қазір менің қырықтан астам кітабым жарық көр­ді. Сол кітабымның бәрінде де туған жердің қаді­рін асқақтататын тақырыптар аз жазылған жоқ.

– Алғашқы өлеңдеріңіз елге сағыныштан, туған жерді аңсаудан туғаны анық. Алғашқы кітабыңыз қашан шықты?

– Ең алғашқы кітабым 1962 жылы жарық көрді. Кітаптың аты – «Балқұрақ». Содан кейін «Шыңдағы жазу», «Жастық шақ» кітаптары оқырманға жол тартты. 1968 жылы Мәскеуге оқуға кеттім. Ол жақта жүргенімде көп өлең жаздым. Өлеңдерім орыс тіліне де аударылды. Алғашқы жырларым Қытай жерінде жазылса да, тұманың көзін аршығандай «Көптен күткен ақынымыз, міне, қасымыздан табылды» деп қуанып, өлеңдеріме алғы сөз жазып, сәт сапар тілегендер көп болды. Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков сияқты ақын ағаларымның ақ тілектері өміріме арқау болды. Жас кезімде атақты ақын-жазушылардың шығармаларын жата-жастана оқып жатқанымда: «Шіркін, солар­дың қасында жүрген адамдардың арман­дары жоқ шығар» деп ойлайтын едім. Кейін сол киелі ордаға мен де тап болдым. Ол кезде Көркем әдебиет баспасы бар еді. Сол баспа­ның поэзия бөлімін Ғафу аға басқарды. Шәміл Мұхамеджанов, Төлеужан Ысмайылов, Тұман­бай Молдағалиев сияқты мықты ақын­дар­дың жас кезі. Менің де уыздай кезім. Міне, сондай керемет уақытта сол бөлімге қосылдым. Осы орта маған көп әсерін тигізді. Қазақтың классик ақыны Тайыр Жароков – сол баспаның бас редакторы. Мұхамеджан Қаратаев – басшы. Өзім бір кездері армандаған, шығармаларын жата-жастана оқыған ақын-жазушылардың орта­сында жұмыс істеу бақыты бұйырғанына қуанамын.


Ең алғашқы кітабым 1962 жылы жарық көрді. Кітаптың аты – «Балқұрақ». Содан кейін «Шыңдағы жазу», «Жастық шақ» кітаптары оқырманға жол тартты. 1968 жылы Мәскеуге оқуға кеттім. Ол жақта жүргенімде көп өлең жаздым. Өлеңдерім орыс тіліне де аударылды. Алғашқы жырларым Қытай жерінде  жазылса да, тұманың көзін аршығандай «Көптен күткен ақынымыз, міне, қасымыздан табылды» деп қуанып, өлеңдеріме алғы сөз жазып, сәт сапар тілегендер көп болды.


– «Аққу» деген бүркеншік есіммен Жазушылар одағына қабылдады. Бұл Мәскеуден оқу бітіріп келгеннен кейін бе?

– 1968 жылы үш кітабым шыққаннан кейін Мәскеуде мені Жазушылар одағына қабылдады. Сонда менен «Сіздің бүркеншік есіміңіз қалай?» деп сұрады. Ойланбастан, «Лебедь» деп жауап бердім. Дүниеге келген кезімде өте жұқалтаң бала болыппын. «Құлағынан күн көрініп тұрады» деп айтады екен. Ақ киім кигі­зіп қояды екен. Сайрам көлінің жағасында бала­лық шағым өтті. Жаңбыр болмай, жел соқ­пай тұрған шақта көлдің үсті айна секілді жар­қырап жататын. Аспандағы бұлт, ұшқан құс ерекше әсер беретін. Аққу көп болатын сол көлде. Осыдан үш жыл бұрын киноға түсу­ге барғанымда бірде-бір аққуды көргенім жоқ. Құртып жіберген секілді. Кешке дейін көл­дің жағасында жүріп, аққулармен ойнайды екен­мін. «Бұл – қасиетті құс қой. Баламыздың бойы­на аққудың қасиеті жұқса екен» деп тілейді екен шешем. Сол шешемнің тілеуі себепкер болған шығар, тіліме оралған бірінші сөз де осы аққу болыпты.

– Қонаев берген пәтеріңізді ерекше құрметтей­ті­ніңізді естіп едік. Ол пәтердің жайы не болды?

– Алатаудың баурайынан өзіме ұнайтын ерекше жерден баспана тұрғыздық. Осы үйді салғанда, қабырғасын көтергенде балаларым көп несие алды. Димаш аға берген пәтер орта­­лықта орналасқан еді. Кейін өзіме музей жасаймын деген арманым болған. Амал жоқ, үй тұрғызамыз деп, сатуға тура келді.

– Өмірі көрмеген батыста кеш өткізуіңізге себепші болған Атыраудың әкімі Нұрлан Ноғаев екен. Батысқа бұрын неге жол түспеді?

– Осыдан бірнеше жыл бұрын қауым­дас­тық­тың құрылтайы өтті. Құрылтайға келіп, өзіме тиесілі орынға отырайын деп барсам, біреулер отырып алыпты. Сосын сол жердегі ұйым­дас­тырушы жігіттер мені басқа орынға апа­рып отырғызды. Облыс әкімдерінің орта­сына тап болдым. Оң жағымда Нұрлан Ноғаев отыр екен. Оған дейін де бір-екі рет дидарласқанымыз бар-ды. Жүзі жылы жігіт. «Біздің батыста бұ­рын болдыңыз ба?» деп сұрады. Бұрын көр­меген, болмаған жер болғасын «Жоқ» деп жауап қайырдым. «Онда мен сізді шақырамын. Қай уақытта мүмкіндігіңіз бар. Сол кезде келі­ңіз» деді. Арада біраз жыл өтіп кетті. «Жұмы­сы көп. Шаруасы да шаш етектен. Ұмы­тып та кеткен шығар. Әрі батыстан шық­­қан ақын-жазушы да өте көп. Мені не қыл­сын?» деп ойладым да қойдым. Содан бір күні Атыраудан Қойшығұл Жылқышиев хабар­ла­сып тұр. Сонымен, шығармашылық кешімді өткі­зетін болдық. Бүкіл бағдарламаны өзім дайын­дадым. Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі   сүйе­мелдеді. Нұр-Сұлтаннан Махмұт Тойке­новті өзіммен бірге ала бардым. Қайда барсам да жалғыз жүре алмаймын. Жанымда үне­мі қызым Жанбота жүреді. Жазушылар ода­ғынан Ғалым Қалибекұлы да барды. Шығар­­машылық кешімде әкімге 7 томдық шы­ғар­­малар жинағымды табыстап тұрып: «Нұр­лан бауырым, өмірімді білгің келсе, осы өлең­дерімді оқы. Менің тағдырым осында жатыр» дедім. Сөйтіп, кітабымды тапсырып, рақметімді айтып, өлеңдерімді оқып, атыраулық ағайынның алдында бір шалқып қайттым. «Бауырларым, қалайсыңдар?» деген әнімді Махмұт Тойкенов домбырамен орындады. Шахмардан Әбілов шырқауындағы әндер де жиылған жұртшылықтың жүрегіне жылылық нәрін құйды. Айрықша есте қалатындай кере­мет кеш болды. Ұйымдастыру жағында бұлар­да ешқандай әттеген-ай дейтін жері жоқ. Қандай сала болса да, ыждаһаттықпен, мұқият көңіл бөлетін, елін, жерін ерекше қадірлеп, өлеңге айрықша құрмет көрсетіп жүрген Нұрланға алғысым шексіз. Керемет батырлар, керемет ақындар шыққан жерде кеш өткізуге себепкер болған ағайынға да құрметім бөлек.

– «Енді өлең жазбаймын» деген екенсіз. Оған не себеп болды?

– Соңғы кездері «өлең жазбаймын» деп кетіп едім. Былтыр елордада аппақ болып, қар жауды ғой. Терезеге көз салсам, айналаның бәрі аппақ, жапалақтап қар жауып тұр. Астананың қысын көргенім де алғаш рет болатын.

– Қандай ғажап астананың ақ қары,
Астанамыз – бүкіл қазақ мақтаны.
Шыңылтыр аяз ақ боранмен алысып,
Ерекше екен арай таңның атқаны, – деп бастап, бір топ топтаманы қалай жазып таста­ға­нымды да білмеймін. Ол топтамам кейін басы­лымда жарық көрді. Осы үш кітабымды бітірсем, Алла өмір берсе, естелік жазуға отыр­сам деген ойым бар.

 

P.S.


«Қаншама адам жете алмай зар ғып өткен,
Біздер көшіп келгенбіз арғы беттен,
Арбасына ат емес, Атан емес,
Құлындай шырқыратып жанды жеккен...»
Марфуға ақынның аққу жүрегі туған жерді таңдады. Атасы Мәруа деп ат қойып, кейін ағасы Шаяхмет пен жеңгесі Сапардың Марфуға қызын ұмыттырмай, Марфуға атанған, Мәруа-Марфуғаның жүрегіндегі жыр керуені осылай жалғасып жатыр.

 

Әңгімелескен
Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ