Жеке куәлік пен банк карталарын түсіріп, WhatsApp арқылы жолдай бермеңіз. Мұндайдан сақтану керек. «Өйткені бұл құжаттардың көшірмесімен-ақ онлайн-сауда жасай беруге болады», – дейді Ішкі істер министрлігінің өкілі.
«Қауіпсіздік үшін кілт сөздерді (әлеуметтік желіде немесе телефонда) жиі өзгертіп тұрған жөн. Себебі қазір қолыңыздағы телефонда бәрі сақталады. Өміріңізде бір рет болсын, WhatsApp арқылы жеке куәліктің суретін жіберген боларсыздар. Кей жағдайда азаматтар банк карталарының да суретін жолдайды. Мұндайдан сақтану керек. Өйткені бұл құжаттардың көшірмесімен-ақ онлайн-сауда жасай беруге болады. Интернетті пайдаланудың қарапайым ережелерін сақтаған дұрыс», –дейді Ішкі істер министрлігі Қылмыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаев ведомствода өткен баспасөз мәслихатында. Бүгінгі күні интернеттен алаяқтық басым бөлігі трансшекаралық сипатқа ие болған. Биыл осындай мыңға тарта қылмыс ашылып, 388 адам ұсталған. Олардың 160-ы екі немесе одан да көп қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінген.
Интернеттегі сауда-саттық барысында тараптардың бір-бірімен кездеспейтіні белгілі. Сол себепті қылмыскер бір өңірде отырып алып, басқа өңірде өз қылмысын жасай алады. Оның айтуынша, интернеттегі алаяқтықтың бірнеше түрі бар екен. Бір жағдайда қылмыскерлер жалған жарнамалар арқылы азаматтарды алдаса, екінші жағдайда адамдардың жеке құжаттарын пайдалана отырып, пиғылдарын іске асырады. «Интернеттегі алаяқтықтың ең көп кездесетін түрі – мүлік немесе тауар, қызмет туралы жарнама жариялау арқылы жасалады. Мұндай санатта биыл 4,5 мың қылмыс тіркелді. Алаяқтар мұндай жағдайда клиенттерді арзан бағамен арбап, алдайды. Алдын ала жарна немесе толық ақшаны банк картасына немесе электронды әмиянға жіберуді сұрайды. Әлбетте, банк карталары мүлде үшінші адамға тиесілі болуы мүмкін», – дейді ол.
Әділ БЕК