Әлия Әбсеметова: Халықты толғандыратын мәселені шешуге атсалысамын
Әлия Әбсеметова: Халықты толғандыратын мәселені шешуге атсалысамын
151
оқылды

Жуырда Парламент Мәжілісінің толық құрамы белгілі болды. Жаңа Мәжілісте еліміздегі 3 саяси партия және Қазақстан халқы Ассамблеясының кандидаттары мандатқа ие болды. Мәжіліске  Nur Otan партиясы атынан 76 кандидат өткен болатын. Соның бірі – журналист, медиа-волонтер Әлия Әбсеметова.

 Ол осы уақытқа дейін қоғамдық істерге белсене араласып,  түрлі жоба­ларды жүзеге асырды. Медиа ерікті ретінде онко­логиялық және сал ауруына шал­дыққан балалардың еміне қаражат жинауға атсалысты. Көпбалалы ана әлемді қауіпті індет жайлаған кезде де халықтың ортасынан табыла білді. Жақында ғана жаңа қызметіне кіріскен Әлия Әбсеметова енді депутат ретінде  қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді көтеруге ниетті.
«Парламент Мәжілісіндегі жұмысымның барысында «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы»; «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»; «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»; «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»; «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бойынша жұмыс істеуді жоспарлап отырмын. Партия мүшелерімен бірге өз сайлаушыларымызды мазалайтын бірқатар өзекті, әлеуметтік мәселелерді көтермекпін. Сонымен қатар білім беру және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы заңнамаға өз ұсыныстарымды енгізуді жоспарлап отырмын», – деді Мәжілістің жаңа сайланған депутаты.
Әлия Әбсеметова 1984 жылы туған. 2005 жылы «Тұран-Астана» университетін халықаралық экономист маман­дығы, 2016 жылы әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетін журналист мамандығы бойынша бітірген. Uzyn.kz ақпараттық сайтының бас редакторы қызметін атқарған. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚХА-ның Алматы облысы бойынша аналар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз журналист қызметі үшін «Шапағат» мемлекеттік наградасының және мейірімді аналық жүрегі үшін «Деде Горгуд» халықаралық қоғамдық қорының Mehriban Ana орденінің иегері, «Nur Otan» партиясының мүшесі.