Жырақтағы қазаққа қолдау қажет пе?
Жырақтағы қазаққа қолдау қажет пе?

Әлем елдерінде шеттегі диаспораларға қатысты көзқарас, олар­ды қолдау әдістері сан алуан. Біреу өз еліне жастарды алдыртып, оқытуға тырысса, басқалары түбегейлі көшіріп әкелуге ұмтылады. Себебі саны аз ұлттардың басқа мемлекетте ассимиляцияланып, сіңісіп кету қаупі жоғары. Ал біз ше? Қандастарды қолдау саясатын қалай жүргізуіміз керек? Қайсы жол тиімді?

Бүгінде әлем бойынша қазақтың санын дөп басып айту қиын. 17-18 мил­лионның шамасы деген мәлімет бар. Оның 12,5 миллионы Қазақстанда тұрады. Қалғаны жаһанға тарыдай шашылған. Негізінен 1930 жылдардағы ашаршылық кезеңінде қазақтың бас ауған жаққа аман қалу үшін қоныс ау­дарғанына тарих куә. Қандастардың негізгі бөлігі Қытай, Өзбекстан, Ресей, Моңғолияны мекен етеді. Яғни, зұл­мат заманда іргедегі көрші елдерді паналаған. Алайда Тибет айналып, Иран, Түркияға барғаны, одан ары Еуропаға бет алғандары аз емес. Ал тәуелсіздік алған соң жайлы өмір іздеп, Америка асқандары да жетерлік. Бүгінде кейбір штаттарда көшіп келген қазақтардың қауымдастықтары құ­рылған. Түркияның Анталия айма­ғында да теңізді аңсап, соңғы жылдары арнайы қоныс ауыстырған 100-ге жуық отбасы тұрады екен.

Қайтқан қандастар. Тәуелсіздік жылдары миллионға жуық қандас елге оралды деп мақтанамыз. Бұл аз ба, көп пе, әркім өзінше ба­ға­­­сын берер. Алайда жылдар бойы ме­кен етіп, бойың да, етің де үй­­­рен­ген аймақты тастап, туған бол­са да басқа елге қотара көшу оңай тірлік емес. Бұрын оралман, қазір қандас атанған бауырлар жалпы халықтың шамамен 6 пайы­­зын құрайды. 1991 жыл мен 2019 жылдың 1 қазанындағы жағ­дай бойынша 314 мың отбасы немесе 1 057 343 қандасымыз елге орал­ды. Олардың негізгі бөлігі Өзбек­­стан­нан (61 пайыз) келген. Одан бө­лек, 13 пайыз – Қытайдан, 11 па­йыз – Моңғолиядан, 7 пайыз – Түркіменстаннан, 3,7 пайыз – Ре­сейден және 3,8 пайызы басқа елдер­ден.

Шалғайдан келген бауырлар­дың Қазақстанның өңірлерінде жайғасуы жайында сөз көп. Жиі айтылатыны – келгеннің бәрін неге солтүстікке орналастыр­мас­қа? Себебі ондағы жұрт Ресейге ауып, жұмыс күші жетпей жатыр. Қ­а­зақтың үлесі де көп емес. Алай­да қандастардың басым бөлігі оңтүстік аймаққа қоныстанған екен. Ол түсінікті де. Келгендердің көпшілігі өзбек елінен, сәйкесінше ділі мен салт-санасы ұқсас оңтүс­тікке орналасуға тырысады. Туыс­тары да баршылық. Мәселен, Түр­кіс­тан облысында – 21 пайыз, Алматы облысында – 17,6 пайыз, Маңғыстау облысында – 13 пайыз және Жамбыл облысында 9 пайыз қандас жайғасқан.

Елге оралған қазақтардың әлеу­меттік құрамы әр алуан. Жас пен қариясы да, орта және жо­ғары білімдісі де бар. Дип­ло­­мы жоқтар да кездеседі. 56 пайы­зы – еңбекке жарамды, кәме­лет жасына толмағандар 38,8 па­­йыз­ды құрайды, 4,8 пайызы – зей­неткерлер. Ал еңбекке жарам­ды­ла­рының тек 8,8%-ның жоғары білімі бар болса, 20,6%-ында орта арнаулы білім бар, 60,8% – жалпы орта білімі бар азаматтар, ал 9,8%-нің білімі жоқ.

Министрлік берген мәліметке сүйенсек, биыл қандастарымызды елі­мізге қайтаруға 2 031 квота бө­лін­ген. Шет мемлекетте 5 мил­лион­дай қазақ жүр десек, бұл теңіз­ге тамған тамшыдай. Биыл елі­­мізге 6 678 отбасы көшіп келіп, орал­ман мәртебесін алған екен. Санға шақсақ, 11 185 – этникалық қазақ. Олардың 48 пайызы – Өзбек­станнан, 30 пайызы – ҚХР-дан, 8 пайызы – Моңғолиядан.

Қандастарды қолдау. Шеттегі қа­зақтар жайлы сөз қозғалса, алды­мен ойға оралатыны оларды атажұртқа қайтару болатын. Себебі Қытайдағы 1,4 млрд ханзу ұлтына, Ресейдегі 120 млн орыс этносына, іргедегі 31 млн өзбекке жұтылу қаупі жоқ емес. Әсіресе, қазіргі жаһандану кезеңінде аз ұлттардың жойылып, тілдері қолданыстан шығу процесі жылдам жүреді. Дегенмен жырақтағы 5 миллион қазақтың барлығы бірдей елге асығып тұрған жоқ. Бірінің бизнесі өрге домалап жатса, басқасының лауазымды қызметі бар, өзгесі жергілікті ортаға сіңісіп кетті. Ал Қытайда зейнетақы жоғары, Ре­сей­­де жоғары білім сапалырақ, Еу­ро­­­пада өмір сүру сапасы озықтау. Яғни, әрбірінің өз себептері бар. Сон­­дықтан 5 миллион қазақты ел­ге әкелу деген миссия тұрған жоқ.

Алайда оларды қолдау мәсе­ле­сі Қазақстан Үкіметінің күнтіз­бе­сінде тұруы шарт секілді. Неге? Себебі қазір шалғайдағы қазақ­тар­дың үшінші, төртінші ұрпағы ер жетіп, бой жете бастады. Әттеген-айы, жас өрендердің арасында қа­зақ тілінде сөйлейтіні аз. Бұған Стамбұлда Түркия қазақтарымен бол­ған кездесуде көз жетті. Жас­тар ататегін білгенімен, өзара тү­рік тілінде сөйлеседі. Ол үшін еш­кімді жазғыруға болмас. 80 мил­лиондық түрік қоғамында ғұ­мыр кешкен бірнеше ұрпақтың асси­миляциялана бастауы заңды­лық. Осы себепті қазақ тілі тек тұрмыс тіліне айналған.

Аталған жағдай қандастарды жаңа әдістермен қолдаудың қа­жет екенін көрсетіп отыр. Осы мақ­сатта 2017 жылы қазан айында Отандастар қоры құрылды. Қор­дың атқарып жатқан жұмыс­та­рын бағамдау үшін сайтына көз жүгіртсек, көңіл тола қоймады. Көпшілік айдарлары бос, мәлімет жоқ. Негізгі шаралар – шетел қа­­­­зақтарының балаларын Қа­зақ­­­станда жазғы лагерьде де­малту және бизнес-форумдар ұйым­дас­тыру. Бәлкім, пайдасы мол шара шығар? Алайда алыста қалған қа­заққа бірреттік балалар лагері ем бе? Оларға бизнес-форумдардың қажеті қаншалық? Иә, баласы ата­жұртын көріп, көзайым болар, кә­сіпкерлер кездесіп, ортақ жоба­ларды талқылар. Бірақ олар бірсәттік дүниелер емес пе? Ал алыстағы қандасты қолдаудың тиім­ді әрі ұзақмерзімді жолдары қа­жет екені даусыз. Мәселен, Түр­киядағы Қазақстан елшісі Абзал Сапарбекұлы түрік елінде жер­гілікті қазақтар құрған би то­бына, жастардың қорына қазақ­тың ұлттық киімдері, ұлттық ас­пап­тары жетіспейтінін айтады. Жа­ңа­сын сұрамаймыз, Мәдениет және спорт министрлігі өзіне қа­рас­ты мекемелердегі қолдану мер­зімі аяқталған оюлы киімдерді, аспаптарды беріп жіберсе, салтын ұмытқысы келмейтін шеттегі қа­зақтарға үлкен демеу болар еді дейді. Келісуге тұрарлық сөз.

Бұдан бөлек, жоғарыда айтқа­ны­­мыздай, тілді ұмыта бастау – бүгінгі қандастардың бас қай­­­ғысы. Сондықтан ана тілін үй­ре­тудің онлайн сабақтарын іске қосса, шапағатын көпшілік кө­руші еді. Оның ішінде қытай-қа­зақ, өзбек-қазақ, орыс-қазақ, тү­рік-қазақ, моңғол-қазақ, пар­сы-қазақ тілдерінде арнайы тіл бағдарламасын дайындаса, құба-құп. Иә, шығыны бар. Дегенмен бұл бір күнде өте шығатын бизнес-форумдардан анағұрлым тиімді. Себебі сайтқа жүктелген онлайн сабақты жырақтағы әрбір қазақ баласы кез келген уақытта ашып, үйрене алады.

Өзгелер қалай қолдайды? Түр­лі тарихи себептермен әлемнің біраз елінің азаматы шет жаққа бас сауғалап, сонда мекен теп­кен. Мәселен, Дублинде 900 мың­дай ирландық тұрса, Нью-Йорк­те­гі ирландық саны 450 мың­дай. Ал 934 мың халық тұратын От­та­ваның 8 пайызы шетте туған қы­тайлықтар. Лондон тұрғын­да­ры­­ның 12 пайызы ислам ді­нін ұстанады. Яғни, тарихи миграция халықтарды сан тарапқа ша­­шы­ра­тып жіберген. Бүгін көп­те­ген ел үкіметтері өз ұлтының өкіл­дерін түрлі әдістермен қол­дау­ға тырысады. Мәселен, Румы­ния шеттегі румындарды еліне көшіруге асықпайды. Оның орны­на сол жақта өз бизнесін ашуға көмектесіп, арнайы грант бөледі. Бұл елде шетелдегі ру­мын­дар ісі бойынша арнайы ми­нис­трлік те бар. Ал Түркия бұл салада кешенді саясат жүргізеді. Шеттегі түріктерді қолдау арқылы өзінің «жұмсақ күш» саясатын жүргізетіні көрініп тұр. Мәселен, осы бағытта Түркияда «Диянет», Түрік ынтымақтастығы және үй­лес­тіру агенттігінің (ТIКА) Шет­ел­дегі отандастар және туыс қауым­дас­тықтар ісі жөніндегі басқарма (YTB) секілді ұйымдарды құрған. Олар алыс-жақын елдердегі түрік және түркітілдес ұлттардың жас­та­рына білім гранттарын үлес­ті­реді, ара-тұра Түркияда ба­сын қосады, тұрып жатқан елде­рін­де мешіт, мектептер салып береді.

Ал Армениядағы жағдай өзге­ше. 1988 жылы АҚШ-та құ­­рыл­ған Армян көмек қоры, ке­рі­сін­ше Ереванға көмектеседі. Қор­­дың штаб-пәтері Нью-Йоркте, 180 қызметкері бар. Ар­ме­­­ниядағы түрлі гуманитарлық бағдар­ла­­маларға қаржылай қолдау көр­се­теді. Мәселен, 2016 жылы осы ел­дегі Тавуш облысының даму бағ­дарламасына 5 млн доллар бөл­ді. Мұндай оң құбылыс Қы­тай­да байқалған. Мәселен, 1985-2000 жылдары осы елге келген шетелдік инвестицияның 70 пайызын эмигрант қытайлар құйған. Үндістанның тәжірибесі де назар аударуға тұрарлық. Мә­се­лен, инновациялық тран­с­ұлт­­тық компаниялардың желісі кең жұмыс істеуіне орай талай үн­ді жастары АҚШ-тың ірі IT ком­­панияларында қызмет етуге мүм­кіндік алды. Бүгінде сол ком­па­­ниялардың басшылығына ке­луде. Бұдан бөлек, АҚШ-тағы меди­ци­налық факультетті та­мам­да­ған студенттердің ара­сында үнді жастары аз емес екен. Үндістан үкіметі оларды еліне шақы­рып, отандық медициналық туризмді дамытуға жақсы мүмкін­дік алды.

Сөз соңында. Қандастарды көшіріп әкелуге бөлінетін квота саны 2 мыңға дейін азайғанын ескерсек, шеттегі қазаққа қатысты Үкіметтің саясаты өзгергенін байқау қиын емес. 1990 және 2000 жылдағыдай жаппай көшіру ұстанымы жоқ. Егер өз күшімен атажұртқа оралып жатса, ешкім көкірегінен теппейді. Жалпы, 28 жылда елге қайта қоймағандардың енді қотара қоныс аударуы да қиын шығар. Сондықтан алыстағы қазақты қолдаудың саясаты да өз­геруі керек сыңайлы. Бір жағы – ұлттық-мәдени тұрғыда болса, екінші жағы – саяси қолдау. Яғни, жырақтағы қандас және оның ұрпағы тілін, салтын ұмытпас үшін оларға білім грантын бөлу, ұлт­тық киім, аспап жеткізу, он­лайн тіл оқыту сабақтарын іске қосу жұмысын кешенді түр­­де жүргізу. Келесі бағыты – ел­ші­­ліктер арқылы шетелдегі қазақ­тар­дың бизнес және саяси элитаға қосылуына қолдау көрсету. Күр­делі іс. Оған қоса, бұл өзге елдің ішкі ісіне араласу емес, бұл қазақ диаспорасын демеу ғана. Егер өзге елдегі қазақ өкілі аталған жоғары топқа кіріп жатса, бұдан Қазақстан еш ұтылмайды.

Бүгінде әлемнің ірі IT компа­ния­ларына үнді азаматтары бас­шы­лық етеді. Айталық, Google-де Сундар Пичай, Microsoft-та Сатья Наделла, Adobe Inc-та Шантану Нарайен, Nokia-да Раджив Сури және басқалары. Бұлардың жетіс­тігі Үндістан үшін мақтаныш. Кемі талай үнді жастары үшін үлгі тұтып, алға ұмтылуға септігін тигі­зе­тін тұлғалар. Өз еліне түрлі жолдармен қол ұшын да беріп тұра­тын болар. Егер Еуропа, Түр­кия, Қытай, Ресейде тұрып жат­қан қазақ жастары ертең биз­нес, саясатта ірі жетістікке қол жеткізіп жатса, бұған қазақ елі қуанбаса, қаймықпайтыны анық. Олардың атажұртына шарапаты тимесе де, сырттай біз үшін көз­қуа­ныш болар. Сондықтан қандастарды тек елге кө­шіріп қана қоймай, жана­ма қол­дауға да көшетін кез келген сияқ­ты.