Банкроттық туралы заң кімге тиімді?
Банкроттық туралы заң кімге тиімді?
247
оқылды

Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші оты­ры­сында қоғамды алаңдатып отырған бірнеше мәселе қозғалды. Соның бірі – Қазақстанда Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдау. Бұл туралы аталған кеңестің мүшесі Мұхтар Тайжан айтты.

Экономист М.Тайжанның айтуынша, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды кеңес мүшелері үш айдан бері ұсынып келе жатқанымен, шешімін таппай отыр. «Бәріңізге мәлім, кредит бүгінгі күні үлкен проблемаға айналған. Ресейде және басқа елдерде мұндай заң бар. Бізге де сондай заң керек. Бірақ оған Үкімет өкілдері келіспей отыр. Өйткені ол масылдық тудырады дейді. Бұл жерде ешқандай масылдық жоқ. Біздің тобымыздың мүшелері онымен келіспейді», – деді ол.

Айта кетейік, Мұхтар Тайжанның «біздің тобымыздың мүшелері» деп отырғаны ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі экономикалық блок мүшелері. Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Дания Еспаева 12 қыркүйекте Премьер-Министрдің бірінші орынбасарына жолдаған сауалында жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңның дереу Пар­ламентке жіберілуін талап еткен болатын. «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы үкіметтен жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын енгізуді сұрайды, егер ол дайын болмаса, 2015 жылы Үкімет қабылдамаған заң жобасын қайта енгізуге ниеті барын мәлімдейді», – деді депутат.

Банкроттық туралы заңның қабылдануын сұрап отырған кеңес мүшелері Қазақстанда тұтынушылық несие көлемі өсіп бара жатқанына алаңдайды. Банктерге борышын өтей алма­ғандардың көбеюінен қоғамда ажырасу, өз-өзіне қол жұмсау се­кілді келеңсіз жағдайлар жиі орын алуда. Биылғы 11 қараша күні exclusive.kz сайтына берген сұхбатында Мұхтар Тайжан қазір 4 миллионнан астам қазақстан­дықтың несиесі барын, олардың көп бөлігі үш айдан астам мерзімі өткен, проблемалық несиеге айналғанын айтады.

Біздің қоғамда жастардың ажы­расуы көбейгені жасырын емес. Британиялық The Econо­mist журналының сарапшыла­ры Қазақстанды ажырасу бо­йынша алғашқы ондықтағы мем­лекет­тер­дің қатарына қос­қан. Басы­лымның жазуынша, әрбір үшін­ші неке айырылысып кетеді. Әрбір төртінші бала толық емес отбасында өсіп жа­тыр. Рас, шаңырақ көтерген жас­тардың айырылысып ке­туінің себебі тек несиеге бай­лан­ған ба, ол жағын тап басып айту да қиын.

Еске сала кетейік, елімізде тұтынушы несие көлемінің ұл­ғай­ғанын шілде айындағы Сенат отырысында депутат Ольга Пе­репечина да көтерді. Оның ай­туынша, тұтынушылық несие бойынша жалпы қарыз 4 трлн теңгеден асып кеткен. Халықтың 27%-ы борышкер, яғни әрбір ал­тын­шы жұмыс істейтін адам­ның тұтынушылық несиесі бар. Бұл – ипотекалық несие мен ав­тоне­сие, бизнес-кредит және өзге де займ түрлерін қоспа­ған­дағы көрсеткіш.

 

НЕСИЕ АЛУ ЖАН БАҒЫС ПА, КӨРПЕҢЕ ҚАРАЙ КӨСІЛУ МЕ?

Әрбір алтыншы тұрғын тұ­ты­ну несиесін алған. 4 трлн теңге – үлкен ақша. Әдетте, адам қа­рызды жетпеген соң сұрайтыны рас. Бірақ психологтар мәселені қарызбен шешу үйреншікті жағдайға айналса, соңы жақсы­лыққа апармайтынын айтады.

Қазақстандықтардың табы­сының 47,6% азық-түлік сатып алуға жұмсалады. Демек, тапқан қаржысының жартысы «қарын­ның қамына» жұмсалады. Са­рапшылар бұл қымбатшылық жайлаған кедей мемлекеттерге тән құбылыс екенін айтады. Таяуда Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров Үкіметке жолдаған сауалында халық көп тұтынатын тауардың бағасы қалай қалып­тасатыны терең талданбай отыр­ғанын, өндірушілердің тасымал­ға, электр мен жанармайға жұм­сайтын шығындары және басқа да факторлар назарға алын­бай­тынын мәлімдеді. «Үкімет азық-түлік бағасын мониторинг жүр­гізу арқылы ғана бақылап отыр. Отандық нарық импорт және экспорт бағасындағы тұрақ­сыз­дыққа тәуелді. Сол себепті баға теңгерімінде жүйелі жұмыс жоқ. Осының кесірінен кез келген өнімнің тапшылығын болжап, бағаның құбылуына байланысты алдын ала шаралар қабылдау мүмкін болмай отыр», – деді ­де­путат. Демек, халықтың не­сие алу­ға деген сұранысының ар­туы­ның бір себебі – осы қым­батшылық.

Десе де, ел Үкіметі биыл Қа­зақстан Президентінің арнайы жарлығы бойынша борышкер­лердің 106 млрд теңге көлеміндегі қарызын мемлекет есебінен жа­уып бергенін айта кеткен жөн. Бұл қаражат бюджетке едәуір салмақ салғаны анық. Алайда несие амнистиясы бір жолғы шара. Үкімет несиеңізді үнемі жаба бермейді. Тіпті, кредит алу­ға шектеу қойылмақ. Келесі жыл­дан бастап қарызы 90 күннен асып кеткен, кірісі төмен аза­маттарға енді несие беру заңмен шектеледі. Бірақ оның халықтың несиемен күнін көріп отырған бөлігіне қатты әсері болатыны сөзсіз.

Осы себепті ұлттық қоғамдық кеңес мүшелері Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттық туралы заңын қабылдауды ұсы­нып отыр. Яғни, әлдебір себеп­терге байланысты қарызыңызды төлеу мүмкіндігін жоғалтсаңыз, заң жүзінде борышыңыз жо­йы­лады. Әйтсе де, аталған заңның қабылдануына қарсылар да бар. Ең алдымен, оған қаржы инсти­туттары, банктер қарсы. Себебі бұл олардың бизнес-моделіне едәуір әсер етеді. Бөлшек сау­дадағы үлесі, яғни тұтынушылық несие портфелінің қысқаруына әкеледі. Екіншіден, халықтың тұтынушылық несиесін жой­ға­нымен, жартылай қайтарылған несиелер үшін банктер салық төлеуі (пайда тапқаны үшін) мүмкін. Сондықтан қаржы инс­титуттары үшін мұндай займ­дарды проблемалы несиелер ре­тінде қайтаруға тырысқан тиім­ді. Сайып келгенде, бан­крот­тық кез келген жағдайда банк үшін жағымсыз рәсім.


БАНКРОТТЫҚ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСУЫ МҮМКІН?

Қазақстанда банкроттық ту­ралы заң жоқ емес, бар. Бірақ ол заңды тұлғалар мен кәсіпкер­лердің мүддесін қорғайды. Ал экономикалық қатынастардың басқа қатысушылары – жеке тұл­ғаларға аталған заң қарас­ты­рылмаған. Яғни, азаматтарды күтпеген жерден туындаған қо­лайсыз жағдайлардан құқықтық қорғау жоқ. Мәселен, ипотека­лық қарыз алушылар төлей ал­маса, жалғыз баспанасынан айырылып қалуы әбден мүмкін. Осының кесірінен жоғарыда айтылған өз-өзіне қол жұмсау, аштық жариялау, қылмыс жасау, тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдардың қатарын толықтыру және тағы басқа жағымсыз салдарлар орын алады.

Жалпы, бірқатар дамыған елдерде бұл мәселелер өркениетті түрде шешіледі. Тіпті, көршіміз әрі одақтас ел Ресейдің өзінде жеке тұлғаның банкроттығы ту­ралы заң жұмыс істеп тұр. Мә­селен, Ресейде осы заңның енгі­зі­луінен бастап жыл сайын 15-25 мың азаматтың борышы жойы­лады екен.

АҚШ-та банкроттық туралы істерді мамандандырылған сот­тар қарайды. Азаматтың немесе компанияның жеке жағдайына байланысты банкроттық рәсім­дерінің әртүрлі түрлері бар. Мә­селен, білім алуға арналған не­сие­лер, балаларды дамытуға ар­налған қаражат, алимент, сот ше­шімімен төленетін айып­пұл­дар, жарақат алып қалуға бай­ланысты міндеттемелер, ипотека бойынша төлемдер кешіруге жатқанымен, алаяқтық секілді жолмен алынған қарыз мемлекет есебінен кешірілмейді. Осы­лайша, АҚШ заңы азаматтарды сауықтыруға, төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге, «жаңа өмір» бастауға мүмкіндік береді.

Ал Швецияда банкроттық туралы заңға қосымша ретінде «Қарыздан құтылу туралы» заң қабылданған. Ұлыбритания мен Францияда қарыз мерзімі 120 күннен асатын міндетті бан­крот­тық институты бар. Жапо­нияда қарызды мүлік сату арқылы өтеу, «жою» процедурасы деп аталады. Бірақ өзін банкрот деп жария­лаған азаматтар компанияларды басқару құқығынан айырылады.

Ашығын айту керек, жеке тұлғаның банкроттығы туралы заңды енгізу керегі біздің еліміз­де де жиі көтеріліп жүр. Дегенмен оған қарсы уәж айтатындар заң қабылданса «жалған банкрот­тық» туралы өтініштер мен құ­жаттар қаптап кетуі мүмкін. Ол пікірдің де жаны бар. Естеріңізде болса биыл атаулы әлеуметтік көмек алу үшін көптеген ауқатты отбасы табысын жасырғаны әшкереленді. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу үшін шет мемлекеттердің тәжірибесін мұқият зерделеп, жеке тұлғаларға банкроттық рәсімдерін қол­да­нуға нақты талаптар қою қажет. Сонда біздің отандастарымыз ше­шілмейтін қаржылық қиын­дық­­тарды өркениетті түрде ше­ше алады. Банктер де оңды-сол­ды қарыз таратуды азайтар еді.

Десек те, банкроттық туралы заңның орындалуының өзі оңай­ға соқпайтынын айта кеткен жөн. Заң қабылданды, қарыз жа­былады деген әңгіме жоқ. Ең алдымен, заң процедурасы ақы­лы жүреді. Егер борышыңыз үлкен болса, төлейтін ақшаңыз да көбірек шығады. Екіншіден, іс жүріп жатқан кезде борышкер азаматтың құқығы белгілі бір мерзімге шектеледі. Яғни, сіз банкрот деп танылсаңыз мүлік сату, сатып алу және кепілге қою құқығынан айырыласыз. Белгілі бір кезеңде кез келген лауазымды атқаруға және қаржылық опера­цияны жүзеге асыруға қатыса алмайсыз.

Ресейде жеке тұлғаның бан­крот болу процедурасы 15 күн­нен үш ай мерзім аралығында қа­растырылады екен. Қарыз ақша­ны қайта есептеуге төрт ай, мүлікке иелік етуге құқық беру жарты жыл көлемінде жүзеге асады. Демек, жеке тұлғаны бан­крот деп танудың ең қысқа мер­зімі кем дегенде 8-9 ай мерзімді қамтиды. Енді шығындарын есеп­тейік. Ресейде жеке тұлға­ның банкроттық деп тануға берген өтінішіне мемлекеттік алым (госпошлин) 300 рубльді құрайды. Одан бөлек, сотқа арыз беру мен қаржылық басқарушыға төлейтін сыйақыңыз бар. Одан басқа ұсақ-түйек процедура­ларды қосқанда, бір азаматтың банкрот деп танылуы 30 000 ру­бльге шығады екен.

Ал біздің елімізде аталған заң қабылданып, жүзеге асса оның шығындары қалай болады? Ол жағы әлі анық емес. Оның үстіне, заң барлық жеке тұлғаны бірдей банкрот деп тани бермейді. Қа­таң талаптарға сай 500 мың бо­рышкердің 5-10% ғана бан­крот деп танылуы мүмкін. Дегенмен үмітсіз жағдайда қалған адам­ның қарызын жабудың жалғыз жолы – банкрот болу.