Түркістан облысы Төлеби ауданында тұратын келіншек Надира Асылова 18 жылдан бері азаматтық ала алмай келеді. Өзбекстанда туып-өскен ол 2003 жылы Бірінші Мамыр ауылының тұрғыны Кәмілжан Асыловқа тұрмысқа шыққан. Қазір бес баланың анасы.
Жылдар бойы Қазақстанның азаматы атана алмай жүрген әйел «Nur Otan» партиясы Төлеби аудандық филиалында өткен қоғамдық қабылдауына келіп, көмек сұраған. Айтуынша, ол жиырма жылдан бері тек уақытша шетелдіктің тұру ыхтиярхатымен жүріп келген. Қазір тұңғыш перзенті 15-те болса, ең кенжесі 6 жаста.Облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібаймен кездесуі барысында ол бұл мәселені көтеріп, жергілікті ішкі істер органдарының қызметкерлері Өзбекстанның елшілігіне сілтегенін айтты. Ал олар тиісті құжаттарды жинау қажеттігін сылтауратқан. Қысқасы, қанша әрекеттенсе де нәтиже шықпаған. Н.Асылованың айтуынша, азаматтығы болмаған соң 5 баласына мемлекет тарапынан берілетін жәрдемнің барлығынан қағылған. Бұл ретте «Nur Otan» партиясы Төлеби аудандық филиалының заңгер-кеңесшісі Жанар Жұмағұлқызы Қазақстан азаматымен кемінде үш жыл некеде тұрса, оның азаматтық алуға құқылы екенін жеткізді. Сондықтан бес перзенті бар келіншекке мәслихат депутаты мен партия өкілдері бірлескен түрде көмектесетін болды.«Енемнің көзі көрмейді. Оған күтім жасап жүріп, әрі-бері шығуым да қиын. Сол кісінің жалғыз зейнетақысына күн көреміз. Күйеуімнің нақты мамандығы, тұрақты жұмысы жоқ. Қай жерден жұмыс шықса, сонда барып азын-аулақ нәпақасын табады», - дейді Надира Асылова.