Мемлекеттік рәміздер - тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образы
Мемлекеттік рәміздер - тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образы

Рәміз - тарих, мәдениет, сонымен қатар ұлттың ерекше менталитетімен нығайтылған мәліметтер жиынтығынан тұрады. Егер адамзаттың басынан өткен белгілі бір уақыттағы тарихи оқиғалары туралы  білмесек де, мұра ретінде тарихи дәуірден қалған ерекше белгілер - барлығымызға таныс. Жалпы мемлекеттік рәміздер арқылы мемлекетті, оның ұстанған құндылықтарын, тәуелсіздікке қалай қол жеткізгендігі туралы тарихын білуге болады. Алдымен, рәміздер халықтарды ұлтқа біріктіріп, мемлекеттілік мән берді.

Мемлекеттік рәміздер - еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі, халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Яғни қазіргі таңда ұлттар мен ұлттық мемлекеттердің нағыз өзекті мәселелері экономика, саясат, қорғаныс саласымен емес, керісінше, ұлттың басты құндылығы болып табылатын ұлттық нышандармен тығыз байланысты. Мемлекеттік рәміздер ұлттық біре­гейліктің қалыптасу тірегі және әрбір мемлекеттің дамуының ажырамас бір бөлігі.

Мемлекеттік рәміздерді бекіту жоғары биліктің айрықша құзыреті болып табылады. Оларды қабылдау рәсімі арнайы заңдардың күшіне енуімен  тікелей байланысты. Екіншіден, мемлекеттік рәміздерді қабылдау билікті лигитимдеу қызметін атқарып, халықтың негізгі көзқарастары мен ұстанымдарын көрсетіп,  патриотизмге тәрбилеуде маңызды рөл атқарады.

Әрбір тәуелсіз мемлекеттің тұңғыш қадамы өзінің Туын, Елтаңбасы мен Әнұранын иелік етуден  басталады. 1991 жылы егемендігімізді жарияладық. Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сол бір тарихи кезеңде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік нышандарын әзірлеу  жұмыстары қолға алынып, батыл қадамдар жасалды. 1992 жылдың басында Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік нышандарын дайындау жөніндегі жұмыс тобын құру туралы Жоғарғы Кеңес Президиумының Қаулысы шықты. Соған сәйкес арнайы комиссия құрылып, оның құрамында С.Әбділдин, С.Зиманов, С.Әбдірахманов, Е.Шәймерденов және т.б. лауазым иелері болды. Сондай-ақ, Елтаңба, Ту, Әнұран жобаларына конкурс жарияланады. Оған көптеген шығармашылық өкілдері, талантты қыл қалам шеберлері, сазгерлер мен, ақындар қатысқан. Мысалы, Мемлекеттік Тудың конкурсына 600 адам қатысып, 1200 жоба ұсынылса, Мемлекеттік Елтаңба бойынша 245 жоба жасалған, ал Мемлекеттік Әнұранның іріктеу конкурсына 750 жоба жіберілген.

Сонымен, 1992 жылы 4 маусымда маңызды оқиға болды: Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері қабылданды. Қазақстанның Мемлекеттік туы мен елтаңба құқығы Дүниежүзілік интеллектуалды қорғау ұйымына тіркелген. Қабылданған халықаралық ережеге сәйкес, бұл құқық Париж конвенциясына қосылған 130 мемлекетте заңмен сақталынады.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы

Ту - мемлекеттің егемендік пен біртұтастықты білдіретін басты рәміздерінің бірі.  «Флаг» термині «vlag» деген нидерланд сөзінен шыққан және белгіленген көлем мен түстегі, әдетте елтаңба немесе эмблема түрінде бейнеленген, діңгекке немесе бауға бекітілген мата ұғымын білдіреді. Ту ежелден елдің халқын біріктіру және оны белгілі бір мемлекеттік құрылымға сәйкестендіру міндетін атқарып келеді. Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы - белгілі суретші Шәкен Ниязбеков. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2

Тудың көк түсі ашық аспанды, бейбітшілікті, игілікті білдірсе, түстің біркелкілігі еліміздің тұтастығын меңзейді. Күннің бейнеленуі еліміздің жалпыадамзаттық құндылықтарды қастерлейтінін дәлелдейді және жас мемлекеттің жасампаздық күш-қуатын, серіктестік пен ынтымақтастық үшін әлемнің барлық еліне ашық екенін айғақтайды.

Қыран (бүркіт) бейнесі - күн астында қалықтаған бүркіт мемлекеттің қуат-күшін, оның егемендігі мен тәуелсіздігін, биік мақсаттар мен жарқын болашаққа деген ұмтылысын танытады. Бүркіт бейнесі еуразиялық көшпенділердің дүниетанымында айрықша орын алады және олардың түсінігінде бостандық пен адалдық, өрлік пен ерлік, қуат пен ниет тазалығы тәрізді ұғымдармен ұштасып жатады. Алтын бүркіт кескіні жас егемен мемлекеттің әлемдік өркениет биігіне деген ұмылысын көрсетеді. Мемлекеттік тудың сабының тұсына тігінен ұзына бойына кескінделген ұлттық өрнектер - оның маңызды элементі. Қазақ ою-өрнектері – дүниені көркемдік тұрғыдан қабылдаудың халықтың эстетикалық талғамына сай келетін ерекше бір түрі. Түрлі формалар мен желілер үйлесімін танытатын өрнектер халықтың ішкі әлемін ашып көрсететін мәнерлі көркемдік құрал болып саналады. Тудың сабын жағалай салынған ұлттық өрнектер Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрін символдық тұрғыда бейнелейді.

 Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы

Елтаңба - мемлекеттің басты рәміздерінің бірі, «герб» термині немістің «erbe» (мұра) деген сөзінен шыққан. Мемлекеттің мәдени және  тарихи дәстүрін бейнелейтін символдық мәні бар үйлесімді пішіндер мен заттардың мирастық ерекшелік белгісін білдіреді Қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген қола дәуірінің көшпенділері кейін графикалық ұғымы «таңба» деп аталған ерекше символ-тотем арқылы өздерін танытқанына тарих куәлік етіп отыр. Алғаш рет бұл термин Түрік қағанаты тұсында қолданыла бастаған.

Егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары - белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы - дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде - бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Qazaqstan» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Qazaqstan» деген жазу - алтын түстес. Елтаңбада қолданылған негізгі түс - алтынның түсі. Бұл – байлықтың, әділдіктің және кеңпейілділіктің символы. Сонымен қатар, көгілдір аспан түстес тудың түсі алтынның түсімен үйлесім тауып, ашық аспан, бейбітшілік және бақуат тіршілік ұғымдарын танытып тұр.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні

Әнұран - мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді. Әнұран ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие, маңызды дыбыстық рәміз саналады. Төл тарихымызда Әнұран екі рет қабылданды (1992; 2006). Алғашқы әнұранның сөзін Т.Молдағалиев, М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Ж.Дәрібаева жазғаны белгілі. Ал, оның әуені бұрынғыша қалған болатын. Сегіз жылдан кейін 2000 жылы 9 мамырда Елбасы Н.Ә. Назарбаев Әнұранымызды өзгерту қажеттігін қадап айтты және үкіметке нақты тапсырмалар берді. Нәтижесінде 2006 жылы қаңтарда «Менің Қазақстаным» Әнұран ретінде ресми бекітілді. Оның әуенін жазған Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов болды. Бұл әннің тарихы 1956 жылдан басталады. Тың игеру жылдарында марш сарынында дүниеге келген, қазақтың рухын көтеру, намысын ояту мақсатында жазылған. «Менің Қазақстаным» 1986 жылдың желтоқсанында да жаңғырды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының эталондары Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясында сақталады. Мемлекеттік рәміздерді қабылдауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі ерекше. Әнұранның сөзіне бүгінгі еліміздің мақсат-мұратын айқындайтын түзетулер енгізіп, бірлескен авторлардың қатарын толықтырды. «Тәуелсіздіктің тұңғыш рәміздерін қабылдау кезінде мен Елбасының мемлекеттік тілге, қазақ тіліне, қазақ тіліндегі терминдерді кең қолдануға деген ерекше ілтипатты көзқарасын танытатын мысалдарды да байқап, жадыма түйдім, - деп еске алады ту авторы  Ербол Шәймерденов, тұсаукесер сәтінде сөйлейтін сөзінің жобасын әзірлеп жатқан тұста «герб», «гимн», «символ» деп жазылған жерлерді өз қолымен «елтаңба», «әнұран», «нышан, рәміз» деп түзетті». Мемлекеттік рәміздеріміз бүгінде шартарапқа кеңінен танылды. Қазақ Елін әлем жұртшылығы мойындады. Біздің Көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының ғимараты алдында тұр, Қазақстан Республикасының шетелдердегі Елшіліктері ғимаратының маңдайшаларына тігілген. Қазақтың Көк Туын ғарышкер Талғат Мұсабаев көк аспанда самғатты, әлемдік спорт додаларында еліміздің олимпиада жеңімпаздары Әнұранымызбен бірге Көк Туымызды биікке көтерді. Мұның бәрі Қазақстан Республикасының әрбір азаматы үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш. Қорыта келе айтатыным, еліміздің ежелден аңсаған Тәуелсіздігіне қол жет­кізіп, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруы, мемлекеттік рәміздердің бекітілуі болашақ дамуға бет алған егемен еліміз үшін ерекше құбылыс. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді қас­терлеу азаматтарымыз үшін басты мін­дет болып табылуы тиісті. Сондай-ақ ұлтаралық татулық пен бейбітшілікті насихаттау жолында және мемлекетіміздің әлемдік деңгейде танылып өзіне тән белгілерімен дамыған елдер қатарынан орын алуы үшін төл нышандарымыздың атқаратын қызметі айрықша.

Саясаттанушы Тулебаева М.К.