Жылжымайтын мүлік пен көлік сату туралы хабарландырулар интернет алаяқтығының көшін бастап тұр, — деп хабарлайды КТК арнасы.
Телеарнаның хабарлауынша, жалған ақпармен елді алдағандарға қатысты биыл 7 мыңнан астам қылмыстық іс қозғалған.
Бірақ соның тек мыңнан астамы ғана ашылған.
Тек жылжымайтын мүлік пен автокөлік саудасы және түрлі қызмет көрсетеміз деп алдайтындар бойынша биыл жыл басынан бері 4 жарым мың қылмыстық іс қозғалған. Бұлардан бөлек, азаматтардың жеке мәліметтерін ұрлап, оны өз пайдасына жарату, ақшасын бірнеше есе көбейтіп беремін деп алдарқату, сондай-ақ, жалған сайттар құру сынды қитұрқылықтар интернет алаяқтарынан қалған іс екен. Соған байланысты Ішкі істер министрлігі жарнама немесе хабарландыру берушілердің міндетті түрде жеке куәлігін тексеріп, сатып алатын тауарына алдын ала көз жеткізіп алуға кеңес береді.
ҚР ІІМ киберқылмыспен күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаев: «388 адам ұсталды. Олардың 160-ы екі рет немесе одан да көп интернет алаяқтығын жасағандар болып отыр. Қылмыстың бұл түрі көп жағдайда трансшекаралық сипат алады. Яғни, зардап шеккен адам бір жақта, ал алаяқтың өзі басқа өңірде отырады», — дейді.