Nickelodeon мен Walt Disney қызыққан қазақ кім?
Nickelodeon мен Walt Disney қызыққан қазақ кім?
172
оқылды

Қанат Нұртазин – әлемге өзінің ерекше хоббиімен танылған астаналық жігіт. Ол мультфильмнің қызықты көріністері мен кейіпкерлерін жапырақтан қиып шығарады.

Тіпті, осы ісін дамыту мақсатында «Сурет салудың 100 тәсілі» атты жобасын шығарған. Міне, оның осы ерекше ісі Nickelodeon мен Disney-дің назарына ілікті. Нәтижесінде, Қанат олармен бірге жұмыс істеуге ұсыныс алған. Осындай алпауыт компаниялармен серіктес болу қаншалықты қызықты екенін білу мақсатында және туындыларының жасалу жолдарын сұрау үшін кейіпкерімізбен сұхбат құрдық. 

Snapseed.JPG
"Мулан"

Қанаттың суретке келуі

– Қанат, өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Сіз жайында көп нәрсе білмейміз. Жалпы, немен айналысасыз?

– Жасым – 28-де. Қазір Назарбаев университетінде аға менеджер болып жұмыс істеймін. Кембридж университетімен жасалған келісімшарттың бақылауымен айналысамын. 

09.jpg
"Мұзды өлке"

Суретке құмарлық қай кезден басталды?

– Сурет салуға университеттен кейін құмарта бастадым. 2013 жылы Куала-Лумпурдағы халықаралық бизнес-менеджмент мамандығы бойынша бітіріп, жұмыс іздеп жүрген едім. Сол кезде уақытымды босқа өткізбейін деген оймен сурет сала бастадым. Бұл саладан ешқандай хабарым болмаса да, онымен айналысқан сайын қызығына кіріп кеттім.

01.jpg
Жапырақ бейне

Алғашында қалың қатырма қағаздан қиындылар қия бастап, шай жапырақтармен сала бастадым. Кейіннен ағаштың жапырағынан бейнелерді қиып көрдім. Коллекцияда біраз жұмыс жиналып қалғанда, «Сурет салудың 100 тәсілі» атты кішкентай ғана жобаны ашу ойыма келді. Сөйтіп, әртүрлі тәсілде сурет салудың жолдарын көрсете бастадым.

IMG-2134.JPG
Мультфильм кейіпкерлері

Nickelodeon-мен серіктестік

– Жұмысыңыз танылып, компаниялардан ұсыныс қай кезден келе бастады?

– Сурет сала бастағанымда Instagram-нан парақша ашып, шығармашылығыммен бөлісіп отырдым. Тынымсыз еңбегімнің жемісі болар, жұмысым ескерусіз, пікірсіз қалмайтын. Сол кезден-ақ Instagram-ның ірі арт-аккаунттары мен онлайн БАҚ-тың көзіне түстім. Міне, олар жазбаларыммен бөлісіп, суреттерімді жариялады. Сөйтіп, ел арасында таныла бастадым. 

02.jpg
Алладин

Ал Nickelodeon-нен ұсыныс қалай келді? 

– Олармен алғаш рет былтыр тамыз айында байланыстық. Онда да Instagram парақшама бірге жұмыс істеуге қызығушылық болса, байланыс нөмірімді қалдыруымды сұрап хабарлама жазып кеткен. Бастапқыда  сенбедім. Өтірік нәрсе шығар деп ойладым. Алайда хабарлама ресми аккаунттан келгендіктен қызық үшін нөмірімді тастадым. 

D43D8515-E461-44D5-BA30-D81EDCE97556.JPG
Никулин, Вицин және Моргунов

Бір айдай уақыт өтті. Ешқандай хабар келмеді. Шынымен де, өтірік болғаны ғой деген ой келді. Артынан маған жауап келіп, мені өздерінің қызмет жеткізушілер жүйесіне қосып қойған. Ал өз басым әлі компания өкілдерімен кездесіп, көріскенім жоқ. Кездесіп, оларды көргім келеді. Әзірге келісім бойынша ғана жұмыс істеп жатырмыз. 

D02A3E60-99CD-43AA-B2AD-FFB11C38ADB7.JPG
Елорда һәм жалын құс

Disney-дің талабы

– Әлемдік компаниямен жұмыс істеу қиын емес пе? Олардың қандай да бір шектеулері, талаптары болды ма?

– Біріншіден, олар менің жұмысыммен таныс болғандықтан, ешқандай шектеу болмады. Керісінше, еркіндік беріп қойған. Қиялың қанша шарықтай алса, сен де соншалықты самғай аласың ғой.  Осы жағынан келгенде Disney-мен тез жұмыс істеп кеттік. Бір ғана талап – жұмысты уақытында өткізіп, жұмысты олар жария етпегенше, ешкімге тіс жармау. Әйтпесе, олар телефонмен сөйлескеннен-ақ ұсынысымды қолдап-қуаттады. Оның үстіне, оларға жіберген жұмыстарым ұнаған еді.  

57DA3A4E-46F1-44CC-AD16-164E463EA285.JPG
Лондонның көгіндегі Гарри Потер

Nickelodeon мен Disney үшін жасаған танымал жобаларыңызды атай аласыз ба?

– Nickelodeon үшін жапырақтан ең танымал кейіпкерлер – Арнольд, Спанч Боб, Сквидвард, Чаки және торай Пепуді жасадым. Тіпті, осыдан кейін «Эй, Арнольд!» мультфильмінің шығарушылары Facebook-тен хат жазған. Ал Disney үшін «Малефисента» мен «Мұзды өлке 2» мультфильмдегі сюжеттерді жасағаным бар. 

05.jpg
Спанч Боб

Қолдан жасалған еңбек 

IMG-3667.PNG

– Бір қарағанда жапыраққа бейнені салу оңай көрінеді. Дегенмен оның машақаты көп шығар? Бұған да шабыт керек пе?

– Кино көрсем де, ән тыңдасам да, бір нәрсеге толқысам да әсерленіп, жүрегіме қабылдаймын. Соның өзі адамды шабыттандыра түседі емес пе?! Мәселен, кейбір суреттерді 1-2 сағатта жасасам, енді бірі  жарты жылдай уақытымды алады. Негізі қолда бар затпен жасай беремін. Кейде қажетті материалдарды іздеп жүріп қалатыным бар. Бірақ жұмысты бастамастан бұрын әр қадамымды есептеп, ойластырып аламын. Сондықтан жасайтын дүниемді тірілтпей тұрып, ұзақ уақыт бойы қолайлы сәтін ойластырып жүремін.

 – Әр суретіңізді ұсақ-түйегіне дейін нақышына келтіріп тұрып жасайтын секілдісіз. Осының бәрін қолыңызбен жасайсыз ба? Әлде, пайдаланатын қандай да бір құралыңыз бар ма?

– Көбісі осылай ойлайтын шығар. Жобамның мақсаты – бәрін өз қолыммен жасау. Сеніңіз, бүкіл жұмысымды өз қолыммен дайындадым. Бұл – біркүндік жұмыстың нәтижесі емес, тынымсыз еңбектің жемісі. 

04.jpg
"Арыстан патша"

Хобби бизнеске айнала ма?

Негізгі жұмысыңызды тастап, хоббиіңізді бизнеске айналдыру ойда жоқ па?

– Ондай ойдың болғаны рас.  Солай жасап көруге де тырыстым. Портрет жасап, тапсырыспен жұмыс істедім. Бірақ одан ештеңе шықпады. Мәселе, ақшасына не ақысына байланысты емес. Ең бастысы, жасаған жұмысыңнан рахат алуың керек. Сонда ғана бойыңа қанат бітіп, жұмыс істеуге құлшынысың оянады. Оған қоса, кейбір тапсырушылар жұмысыңа араласып, талаптарын қоя бастайды. Ал бұл көбіне қолбайлау болады. 

07.jpg
Арнольд

Instagram парақшаңызға қарасақ, қайырымдылық акцияларын жиі өткізетініңізді байқадық? Бұған не түрткі болды?

– Бірде жақын ағайынның қызы аяқасты ауырып қалды. Сөйтіп, ата-анасы мен ағайын-туғандар жан-жақтан ақша жинай бастады. Сол сәтте суреттерімді сатып, түскен ақшаны неге соларға бермеске деген ой келді. Жағдайды түсіндіріп, парақшама жазғаным сол еді, жазылушыларым бұл әрекетімді қолдады. Содан жұмысымды 70 мың теңгеге сатқаным бар. 

08.jpg
Лола

Соның арқасында көрікті сурет салып қана қоймай, ол арқылы біреуге көмектесетінімді түсіндім. Сондықтан шынайы мұқтаждарға қайырымдылық қорларын іздестіріп, көмектесуге тырысамын. Бұл жердегі мақсат – біреуге қаржы жинап беру емес, адамды жақсылық жасауға шақыру. Жүрегіміз де, өміріміз де мейірімнен тұрады.