Қызылағаштағы бес жігіт босатылады
Қызылағаштағы бес жігіт босатылады

Ақсу ауданында Қытайлықтарды соққыға жыққан бес жігітке қатысты сот отырысы бүгін тағы да кейінге қалдырылған. Тіпті, сот залында Қытайлық жәбірленушілер көрінбеген. Бұл туралы "Жетісу" газеті жариялады.

Сотта жәбірленушілердің тарапынан тек автобус иесі мен полиция қызметкері болған. Адвокаттардың бірі Жанар Балғабаева Алматы облысында "шетелдіктермен төбелесті" делінген Қызылағаштың бес тұрғыны прокурормен процессуалдық келісім жасасқаны туралы хабарлаған.

Алайда сот отырысынан соң  500-ге жуық адам: "Бостандық!" - деп ұрандап, бес жігітті алып бара жатқан көліктің жолын бөгеп, өздерінің талабын қойды. Ол - сот процесін созбай, бес жігітті бостандыққа шығару. Ал қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбай мен Ақсу аудандық прокурорының орынбасары Әділет Асқарұлы полицейлердің көлігінің үстіне шығып, халықты сабырға шақырды.

- Бауырларым, сәл сабыр етіңіздер!  Біздің талабымыз, сот процессін қайта бастасын. Қазір біз қайтадан өтініш жасаймыз. Жігіттерді еркіндікке кепіл арқылы, не болмаса қолхат арқылы, не болмаса үйқамақ арқылы бостандыққа шығаруын талап етеміз. Жәбірленушілерді келтірсін. Сот процесін қысқартсын, - деді Рысбек Сәрсенбай.

Одан кейін аудандық прокурордың орынбасары Әділет Асқарұлы "Ертең үштегі сот процесіннен соң жігіттер сот залынан босатылады. Сондықтан, Рысбек аға айтқандай, заңға бағынайық, қоғамдық тәртіпті бұзбайық" - деп жігіттердің босатылатынын нақтылады.