Өткен жылы Алматыда ақшаны заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырумен байланысты 82 құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды қалалық прокуратура. Оның ішінде 3 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкере болды.
«Қолма-қол ақшаға 147 млрд теңгеден астам сомаға жалған шот-фактуралар жазылды. Бюджетке төленбеген салық 29 млрд теңгеден асты. Сотқа 65 іс жолданып, 11 тұлға жазаланды. Салық органдары соттарға қолма-қол ақша компаниялары мен олардың контрагенттері арасындағы мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы 165 талап арыз енгізді. Олардың 62-сі бойынша 11 млрд теңгеге қанағаттанарлық шешімдер шығарылды», - делінген хабарламада.