9 айда 112 мың шақырым жол жүрді
9 айда 112 мың шақырым жол жүрді
5,138
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланғалы бері 12 елге сапармен барды. Оның ішінде Өзбекстан, Қытай, Қырғыз Республикасына мемлекеттік сапармен, Ресей мен Германияға ресми сапармен бар­ған. Ал Ресейге 2 рет және АҚШ, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түркіменстан, Арменияға жұмыс сапарымен жолға шыққан. Сонымен бірге халықаралық деңгейдегі 9 жиынға қатысып үлгерді. Ол жиындардың қатарында АҚШ-та өткен БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясы, Біш­кектегі ШЫҰ отырысы, Душанбедегі АӨІСШК-ке, ЕАЭО саммитіне, Ашхабадтағы ТМД мемлекет басшы­лары кеңесінің отырысы бар. Бұл жөнінде Президенттің бас­пасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент лауазымына кіріскен күннен бергі жұмыстарын қорытындылаған брифингте мәлімдеді.

– Ел жылнамасы биыл үлкен ірі оқиғалармен есте қалды. Бұл, ең алдымен егемен еліміздің қа­лып­­тасып, дамуына зор еңбек сі­ңірген Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел бас­қару тізгінін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырған сәтінен бас­тау алады. Осыдан кейінгі елі­міздің саяси өміріндегі маңызы зор оқиға Президент сайлауы болды. Биліктің басты сайлау науқаны Ата заңымызға сәйкес жүзеге асты. Қасым-Жомарт Ке­мелұлы халық алдында ант бер­геннен кейін Мемлекет басшысы ретінде бірден білек сыбана кі­рісіп кетті. Мемлекет басшысы еліміздің бүкіл өңірін аралап, халқымыздың әлеуметтік-эконо­микалық ахуалымен та­нысты. Көптеген халықаралық кез­десу өткізді, шетелдерге са­пар­мен ба­рып, маңызды келіс­сөздер жүр­гізді. Биыл Мемлекет басшы­сының қатысуымен 463 шара өтті. Оның ішінде еліміздің аймақ­тарына 25 рет жұмыс сапарымен барды, кейбір облыстарға екі рет барғанын білесіздер. Қасым-Жо­март Кемелұлы Президент қыз­метіне кіріскен сәттен бері мем­лекеттік органдардың 249 бас­шысын, Парламент депутатта­рын, саяси партиялар мен қауым­дастық өкілдерін және жеке тұл­ғаларды қабылдады. 31 елдің бас­шысымен телефон арқылы сөйлесті, – деді Президенттің баспасөз хатшысы.

Оның дерегінше, Президент елшілермен, шетелдік іскер және саяси ортаның халықаралық ұйымдарының жетекшілерімен, соның ішінде БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутеришпен, Еуро­па­лық кеңес төрағасы Доналд Туск­пен және басқа да әлемдік деңгейдегі саяси тұлғалармен 100-ге жуық кездесу өткізді. 23 шетелдік ел­ші­ден сенім грамо­тасын қабылдап, Қазақстанның шетелдердегі 30 елшісін тағайын­дады. Қазақ­стан­ның 6 мемле­кет­тегі – Болга­рия, Латвия, Пор­ту­галия, Сербия, Сло­вакия, Эсто­ниядағы дипло­матия миссия­лары елшілік ретін­де қайта құ­рылды. Нұр-Сұлтан қаласында 70 мемлекеттің елші­лігі мен 30 халықаралық ұйымның өкілде­рімен өткен айдың соңында Ақор­дада кездесу өткізді. Қа­зақ­стан Президенті халықаралық сапарлар кезінде шетелдің мем­лекет басшыларымен бірге 8 бри­финг және 3 баспасөз мәс­лихатын өткізді. Отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне берген 16 сұхбаты жарияланды.

Берік Уәлидің айтуынша, Президент биылғы 20 наурыздан бері 45 заңға, 226 Жарлыққа, 68 Өкімге қол қойды. Президенттің қатысуымен өткен жиындар бо­йынша 49 хаттама толты­рыл­ған. Мемлекет басшысы 9 айда 112 796 шақырым жол жүрді. Оған 181 сағат 36 минут уақыт кеткен.

– Қасым-Жомарт Кемелұлы 2 қыркүйекте Қазақстан Прези­денті ретінде алғаш рет Қазақстан халқына арналған Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы заман талабына сай мемлекет болу үшін азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүддесіне сәй­кес жаңғыру біртіндеп жүзеге аса­тынын атап өтті. Саяси ре­фор­маларды «асығыстыққа са­лынбай», кезең-кезеңімен, жан-жақты ойластырып орындау қа­жетін айтты. Жолдауда елі­міз­дің саяси жүйесінде «Күшті Пре­зидент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы мемлекет тұрақтылығының не­гізі саналатынына баса мән бе­рілді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы азаматтардың өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қа­растыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­да­масын іске асыру бәрімізге ортақ міндет екенін белгілеп берді,– деген баспасөз хатшысы Мем­лекет басшысының тапсырма­сымен Президент Әкімшілігінде Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі және Президенттің Вир­туалды қабылдауы ашылғанын еске салды. Бұл бөлімге 1 та­мыздан бері 15 669 өтініш түскен, оның 4 025-і виртуалды қабылдау арқылы келіпті.

Президенттің бастамасымен өмірлік қиын жағдайға тап бол­ған отбасыларға әлеуметтік кө­мек көрсету мақсатында 500 мың­нан астам азаматтың 300 мың теңгеге дейінгі несие қары­зы мен үстеме төлемдері кеші­ріл­ді. Бұл мақсатқа жалпы алған­да 107 млрд теңге жұмсалды. Ал Сириядағы отан­дас­тарымызды қақтығыс алаңы­нан алып шығу мақсатында «Жу­сан» операциясы сәтті іске асты. Нәтижесінде, Сириядан – 406, Ирактан 14 бала туған жерге жет­кізілді.

Елбасы жариялаған «Жастар жылы» аясында бірқатар маңыз­ды іс-шара атқарылды. Мәселен, Президенттік кадр резерві жа­сақ­талып жатыр. Биыл «Жастар жылының» жабылу салтанатында Қ.Тоқаев «Волонтер жылының» тұсауын кесті.

Мемлекет басшысы Twitter әлеуметтік желісін 2011 жылдан бері белсенді қолданады.

– Бүгінде Мемлекет басшы­сының Twitter әлеуметтік желі­сін­де 137 мың оқырман бар. Биыл еліміздегі өзекті мәселе­лер­ге, қо­ғам­да болып жатқан түр­лі оқиға­ларға қатысты 862 туит жарияла­ды. Ал сәуір айынан бері Қасым-Жомарт Кемелұ­лы­ның Instagram желісінде мил­лионға жуық жа­зылушы тіркел­ген. Президент осы желідегі па­рақшасына 60 жазба жарияла­ды, – деді Б.Уәли.

Президенттің баспасөз хат­шысы брифинг соңында Мем­ле­кет басшысының жұмысы мен мемлекеттік саясатты наси­хат­тау­ға атсалысып жүрген БАҚ өкіл­дерін Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Алғысхатымен» марапаттады.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ