Пікір
Пікір
159
оқылды
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысының мен үшін әсері өте жақсы болды. Өйткені Ұлттық сенім кеңесінің мүшелері арасында, сондай-ақ әртүрлі коми­тет­терде талқыланған ұсыныстар Президенттің баяндамасында қандай да бір түрде көрініс тапты Дания.JPG Дәния ЕСПАЕВА, Мәжіліс депутаты:

Ауқымды жұмыс атқарылды

– Бірінші отырыстан бері үш ай уақыт өтті. Осы қысқа мер­зімде барлық үш блок ұсыныс­тарын берді. Президент Әкім­ші­лігінде 18 отырыс өтті. Бұл өз ке­зегінде ауқымды жұмыс атқа­рылғанын білдіреді, яғни әрбір блок кем дегенде 30 ұсы­ныстан енгізді. Президенттің сөзінен ұсыныстардың көбі қабылданғанын түсіндім.

Мен Ұлттық кеңестің экономикалық блогы­ның құрамында жұмыс істедім. Экономикалық блок қамты­ған ұсыныстардың көбі бойынша Президент деңгейінде шешім қабылданғаны қуантады. Сонымен қатар саяси реформалар да назардан тыс қалмады. Өздеріңіз білесіздер, қо­ғамның даму процесі бар. Сондықтан партияларды тіркеуге қатысты мәселе маңызды болды. Мү­шелер саны 20 мың болса, партияны тіркеу мүм­кін­дігі туралы айтылды. Яғни, партияны тіркеуде мүшелер санының төменгі шегі екі есеге азайтылмақ.

Арманжан.JPG Арманжан БАЙТАСОВ, Қазақстан медиа альянсының төрағасы:

Батыл жұмыс істеуге мүкіндік береді

– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысының мен үшін әсері өте жақсы болды. Өйткені Ұлттық сенім кеңесінің мүшелері арасында, сондай-ақ әртүрлі коми­тет­терде талқыланған ұсыныстар Президенттің баяндамасында қандай да бір түрде көрініс тапты. Саяси ре­формаларға, оның ішінде саяси партияларға және митингілерге қатысты ескертулер сипатына ерекше назар аударғым келеді. Біз қазір біртіндеп дамып жатқан елміз, реформа тұрғысынан алғанда даму эволюциялық түрде жүріп жатыр. Біз өзара келісімге келіп, реформалардың ең дұрыс және түсінікті жолдарын іздестіріп жатырмыз. Бұл өте маңызды.

Менің ойымша, Қылмыстық кодекстің 130-бабының (жала жабу – ред.) қылмыстық сипатының алынып тасталуы журналистер жұмысының мүмкіндігін кеңейтеді. Журналист ретінде, медиа саласының қызметкері ретінде, Қазақстан медиа альянсының төрағасы ретінде, әрине осы баптың қылмыстық сипаттан алып тасталатыны қуантады. Өйткені сөз бостандығы, меніңше мемлекеттің тұрақты дамуына ықпал етеді. Осы баптың декриминализациялануы журналистердің батыл жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Журналистік зерттеулер қайта шыға бастайды, журналистер сапалы материалдар дайындауға ұмтылады. Сосын біздің журналис­терді де көп оқи бастайды. Сондықтан да 130-бапты қылмыстық сипаттан алып тастау туралы шешім өте маңызды болды деп санаймын.

Марат.JPG Марат БАШИМОВ, заңгер:

Митингі заң шеңберінде өтуі тиіс

– Жолдауда айтылған маңыз­ды мәселенің бірі – митинг өт­кізу. Шеру өткізуді қалай рет­теу керек екенін Мемлекет бас­шысы айтып берді. Ата за­ңы­мызда көрсетілгендей, ми­тингі ұйымдастыруға аза­мат­тардың құқы бар. Алайда заң шеңберінде ғана, заңды түрде болуы тиіс, Конс­титуциямызды бұзбау керек. Қазір рұқсат берілді. Мәселен, министрліктер үйінің жанынан күнде өтем, төрт күннен бері бір жігіт пикетке шығып жүр. Айналасында адамдар да, полиция да бар. Бірақ оған ешкім, тіпті полиция да тиісіп жатқан жоқ. Осылай көзқарас ақырындап өзгереді.

Халықаралық адам құқығы жөніндегі шартқа байланысты төрт жағдайға митинг өткізуге шек­теу қойылады. Біріншіден, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер төнген жағдайда. Мәселен, қару пайдаланып, елде төңкеріс жасау. Ата заңымыз бойынша сайлау деген бар, сайлауға келіп, өзің ұнатқан кандидатқа дауыс бересің. Екіншіден, қоғамдық тәртіп бұзылған кезде. Үшіншіден, адамның құқығы бұзылған кезде. Мысалы, басқа адамның мүлкін бұзып, дүкенін тонап, мате­риал­дық зарар келтірсе, шектеу қойылады.Төр­тіншіден, адамның денсаулығына зиян тигізген жағдайда шектеу қойылады.

Тағы бір принцип – 12-баптың 5-тармағында «Өз ойыңды айтуға құқығың бар, бірақ басқаның құқығын бұзуға құқың жоқ». Мәселен, темекі шек­кің келе ме, арнайы орындарға барып шегуің керек, шеруге шыққың келе ме, басқа адамдардың құқығын бұзба. Біз осының аражігін түсінуіміз керек.

Толеутай.JPG Төлеутай РАХЫМБЕКОВ, Ұлттық аграрлы ғылым-білім  орталығының басқарма төрағасы:

Қоғамды дамытуға ықпал етеді

– Мемлекет басшысының баяндамасын тағатсыздана күткендер көп болды. Себебі бірнеше күн бұрын Президент Қ.Тоқаевтың өте маңызды бастамаларды жариялайтыны туралы болжам айтылған-ды. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлы­ның баяндамасы біз күткеннен де асып түсті.

Президент баяндамасын екі бөлімге бөлер едім. Бірінші бөлімінде қоғамдағы өткір де өзекті мәселелер көтерілді: ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жерлерді тиімсіз пайдаланып жат­қандардан алып қою, латын графикасына көшу, ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету, Қылмыстық кодекстің бірқатар баптарын декриминализациялау, халықтың осал тобын әлеуметтік қорғау.

Баяндаманың екінші бөлімі бүгіндері пісіп жетілген саяси реформаларға арналды. Партия­ларды тіркеу кезінде талап етілетін мүше санын 40 мыңнан 20 мыңға азайтуды қарастыратын «Партиялар туралы заңды» өзгерту, заңнамаға «парламенттік оппозиция» ұғымын енгізу, митингі өткізерде рұқсат алудан ескерту сипатына көшу, депутаттарды сайлау кезінде партияларға кандидаттар тізімінде әйелдер мен жастардың 30 пайыз үлесін сақтау. Мұның барлығы қоғамда соңғы уақытта жиі көтерілген мәселелер еді.

Осынау саяси реформалардың маңызын уақыт өте келе түсінеміз. Бір анығы, бұл реформалардың қай-қайсысы да қоғамды, мемлекетті тұтастай дамытуға ықпал етеді.