Медицинадан мән кетті
Медицинадан мән кетті

Біздегі бітпейтін жырға айналған саланың бірі – медицина. Толғауы тоқсан тіршіліктің қатпар-қатпар қиындықтары да тек осы денсаулық сақтау саласымен байланысып отырғаны сондықтан. Дәл осы салаға келгенде кімнің болса да көңілі күпті. Суық тиіп ауырған баланың ауруханадан сал боп шығатынына көз үйренді. Өзіне ескертусіз он екі мүшесінің бірінен айырылып жататын елдің қарасы көбейді. Әйтеуір, қазір медициналық мекемелер мен дәрігерлерді сотқа сүйрейтін оқиға өте көп. Ең өкініштісі, әрбір жағдайдың артында адам тағдыры тұр…

Әлеуметтік желілерден екі күннің бірінде дертіне дауа іздеп, отандық медицинадан көңілі қалған жазбаларды оқи­тын болдық. Қоғам белсенділері мен сарапшылар «Біз медицина­мыздың дамуынан кемі 30 жылға артқа қалып кеттік» деп отыр. Жұрт тегін емге арқа сүйемейтін болған. Айлап кезек күткенше, ауруын асқындырып алудан қорқып, сол күні қабылдайтын ақылы қызметке жүгінеді. Осы­дан кейін медицинадан мән кетті деуге әбден негіз бар. Бүгінде еліміздегі медициналық меке­мелерде ең үздік деген 30 шақты құрылғы істен шығып тұр. Міне, осының әсерінен де адамдар тек­серістен уақытылы өте алмауда. Тіпті, кейбірі көрші мемлекет­терге барып қаралуға мәжбүр. Осыған дейін денсаулық сақтау саласына жаңалық әкелген түрлі озық техникамыз көп уақыт өтпей-ақ сынып қалған. Әсіресе, позитрондық-эмуссиондық томография жылына бірнеше рет істен шығады екен. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мұндай аппараттың саны үшеу болса, оның біреуі бұрыннан сынып тұр. Екіншісі де жиі бұзыла береді. Оның үстіне, мұндай қымбат техника Қазақстанда тек 4-еу болған соң, ел аймағының тұрғындары елордаға келеді. «Осы құрылғылардың жөнделуін күтіп біраз жүрдім. Болмағасын көрші Өзбекстанға барып, көрініп, емделіп келдім. Неге екенін білмеймін, біздегі құрыл­ғылар жиі сынып қала береді. Компьютерлік томография тек облыс орталықтарында ғана болады. Ал аудандарда мүлдем жоқ. Сонда біздегі медицина әр ауданға біреу болса да осындай компьютерлік томография орна­тып беруге қауқарсыз ба?» дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Гүлім Тәтенова. Денсаулық сақ­тау министрлігінің мәліметінше, еліміз бойынша 4 126 медици­налық мекеме бар. Оларда құны 3 миллиард теңгеден асатын 27 техника істен шығып тұр. Оның біреуі – Жамбылда, бесеуі – Қарағандыда, Ақтөбеде – 3, Ас­та­нада – 4, Батыс Қазақстан облы­сында – 1, Алматыда – 2. Ал Алматы облысында мұндай жағдай мүлдем тіркелмеген. Ағза­ның барлық бөлімі мен жүйелеріне зерттеу жүргізуге мүм­кіндік беретін мұндай құ­рылғы елордадағы медициналық мекемелердің он шақтысына ғана қойылыпты. Олар істен шық­пай, жөнді жұмыс істеп тұрғанда ғана күніне 30 шақты науқасты тексере алады. Өкі­нішке қарай, бұл құрылғы жиі сынатын техникаға жатады. Мұн­дай техниканы сатып алу үшін 2017-2019 жылдарға бюд­жеттен 49 миллиардқа жуық қаржы бөлінген. Бірақ бұл қаржы мұндай құрылғы үшін аздық етеді. Оның үстіне егер ол құрыл­ғының бір бөлшегінен ақау кетсе, жаңасын шетелден әкелу үшін 2 айдай уақыт керек. Ал ол аппа­раттардың тілін түсінетін маман­ның да аздығы өз алдына бөлек әңгіме. Міне, осындай қордалан­ған дүниелердің көптігі меди­цинадағы көп мәселені ушық­тырып отыр. Озық техни­калар, тек бас қалада емес, басқа қа­лаларға да жетсе дейсің. Оның үстіне Қазақстанда медицина мамандарының кәсіби дайын­дығы көңіл көншітпейді. Әсі­ресе, ауылдық жерлерде меди­циналық қызметтің сапасы тө­мен. Бұл енді қалай бүркемелесек те, көзге көрініп отырған шын­дық. Бүркеген жерден бүрге шығарын ескерсек, алдымен осы олқылықтың орнын толтыру ке­рек. Денсаулық сақтау саласына қатысты күнде бір жиын өтіп, жиі-жиі талқылауға ұшыраса да, бұл саланың мәселесі азаймай отыр. Кезінде денсаулық сақтау саласы мамандары шетелдің жоғары оқу орындарымен бірле­се отырып, еліміздің медицина­лық білімін жаңғырту шаралары қолға алынғанын айтқан еді. Финляндияның тәжірибесі негізінде бакалавриат бойынша медбикелік білімді жаңғырту шаралары да қолға алынған. Алайда онда дәріс алып жатқан­ның барлығы бірдей ауылға бармайды. Себебі оларды мін­дет­ті түрде ауылды жерлерге жіберу қарастырылмаған. Осы тұста ауылға дәрігер тарту үшін осы бағытта білім алушылармен келісімшартқа отыру шараларын да қарастырып көру керек сияқты. Біз осылай деп, ауылға алаңдағанымызбен қаладағы жайдың да жапсары белгілі. Маман жетіспеушілігі мәселесі үлкен қалаларда да бар. Елор­даның кейбір ауруханаларында неонатологтар мен анесте­зио­логтар, реаниматологтар мен ота жасайтын акушер-гинекологтар, окулистер мен отоларинголог­тардың жетіспеушілігі бар.


Кезінде денсаулық сақтау саласы мамандары шетелдің жоғары оқу орындарымен бірле­се отырып, еліміздің медицина­лық білімін жаңғырту шаралары қолға алынғанын айтқан еді. Финляндияның тәжірибесі негізінде бакалавриат бойынша медбикелік білімді жаңғырту шаралары да қолға алынған. Алайда онда дәріс алып жатқан­ның барлығы бірдей ауылға бармайды.


«Менің аяғым ауыр. Ауылды айтпағанның өзінде, ауданы­мызда жалғыз емханамыз бар. Онда дені дұрыс УДЗ да жоқ. Қазір босануға уақытым таяп, айы-күнім жетіп отыр. Бірақ әлі күнге дейін дұрыс анализдер өткізіп, жағдайымды қараған дәрігер жоқ. Бірінші баламды облыс орталығы Қызылордаға барып босанып келдім. Өздері жіберді. Білдей бір аудан орта­лығында екіқабат әйелге жағдай жасайтын, оны босандырып алатын мүмкіндік жоқ дегенге сену қиын. Бірақ шындығы сол боп тұр. Бізге техника да бө­лінбейді, оны игеретін маман да жоқ-ау деймін. Халыққа обал. Осында жасалған отадан ауру­лары асқынып, түбінде Алматы мен Нұр-Сұлтанға барып қайта жасатып кеп жатады» дейді Қы­зылорда облысы Арал ауданының тұрғыны Бахтыгүл Баекенова.

Расында да, қалалықтар, мем­лекеттік емханалардан баз кешсе, олар үшін жеке клини­калар қызмет көрсетеді. Ал ауылдағылар ше? Оларды кім ойлап жатыр?

 

Жанаргүл РАЕВА,
Алматы қаласының тұрғыны:

– Біздің кенжелеп, дами алмай отыруымыздың басты себе­бі – озық технология мүлде жоқ. Келіп жатқан дүниенің бәрі – шетелдің қаңсығы. Бүгінгі медицина даму үшін, оқу, іздену керек. Жаңа технология медицинаға ауадай қажет. Отандық медицина даму үшін, ең алдымен медицинаға кажетті құралдарды жаңартудан бастау керек. Шетелде оқып келіп жатқандардың тәжірибесін көрсететін заманауи құрылғыларды айтып отырмын. Мәселен, Израиль медицинасы бүгін де қарыштап дамып отыр. Себебі оларда технология мықты дамыған. Бірақ олар да біздің дәрігерлер жасаған отаны жасап отыр. Сондықтан біздің мықты мамандарымыз білетін, озық технологияны елімізге көптеп әкелу керек.

 

Құралай БЕГАЛЫ,
Тараз қаласының тұрғыны:

– Бізге ауылдан кісі ауырып келсе, іргедегі Бішкекке апарамыз. Бұл үрдіс қаламызда кәдімгідей қалыптасып кеткен. Болмаса, Түркістан арқылы Ташкентке барып келеміз. Біресе техника бұзылды, біресе маман жоқ деген құрғақ сөздерден әбден шаршағанбыз. Бұл біздің медицинаның осалдығын білдіреді. Алматы мен Нұр-Сұлтанда ондай мәселелер аз шығар. Бірақ облыс орталықтарында, аудандарда кезек күту, дәрігердің қабылдауы, дәрі-дәрмек мәселесі шешімін әзір табады дегенге сенбеймін. Ауылдағы дәрігерлердің жайын айтпасам да болатын шығар. Бішкекке баратын себебіміз, ондағы медициналық қызмет көрсету сапасы өте жоғары әрі қалтамызды қақпайды.



Сөз соңы...___________


Қалай десек те, ден­саулық сақтау саласы қомақты қаржыға мұқ­таж. Мемлекеттік медицина мекемелерінің 50 пайызынан көбі ­тоз­ған. Жабдықталған 70 па­йыз техниканың да тең жартысы ескі. Проб­леманы шешу үшін ден­саулық сақтау саласы­ның инфрақұрылымына әлі 1 триллион теңгеге жуық қаражат керек.
Бұл – техника мен маман мәселесіне бірдей назар аудару қажет деген сөз.