Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Шыңырау» көркем фильмі қаңтардың 15-і мен 31-і аралығында Болгарияның астанасы София қаласында өтіп жатқан 13-ші халықаралық кинофестивальге (Sofia MENAR Film Festival) қатысып жатыр.
Естеріңізге сала кетсек, Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесі желісі бойынша түсірілген картина құдық қазушы Еңсептің оқиғасын баяндай отырып, менмендік, бақталастық, махаббат, достық, қастандық сияқты адамға тән құбылыстарды көтереді. Фильмнің режиссері – Жаңабек Жетіруов. – 2018 жылы жарыққа шыққан фильмнің төрт жыл қатарынан халықаралық кинофестивальдерге қатысуы өте сирек болатын жағдай. Бұл әрине, қазақ прозасының ең шоқтығы биік туындысы саналатын. Ә.Кекілбаевтың «Шыңырау» повесіндегі ешкімді жайбарақат қалдырмайтын ғаламат идеяны көркемдеп экранға шығару үшін тер төккен түсіру тобының жемісті еңбегінің арқасында жүзеге асып отырған жетістік деп ойлаймын, – деді режиссер Жаңабек Жетіруов. Фильмнің түсірілімі Маңғыстау облысында өтті. Картинада басты рөлді Асылхан Төлепов, Алдабек Шалбаев және Айжан Жетіру сомдады. 2009 жылы негізі қаланған Балқан аймағындағы ең ірі байқаулардың бірі – Sofia MENAR Film Festival кинофестивалі жыл сайын өз көрермендеріне киногерлер шығармашылығында бейнеленген ислам әлемінің мәдениеті және дәстүрімен таныстырып отырады. Фестиваль шеңберінде Таяу Шығыс, Орталық Азия жән Солтүстік Африка мемлекеттерінің ең үздік көркем, деректі және қысқаметражды туындылары көрсетіледі. Айта кетсек, биылғы фестивальдің конкурстық бағдарламасында ұсынылған 13 фильмнің ішінде Әзиз Зайыров және Мұхамед Мамырбеков түсірген «Қыз бен теңіз» фильмі де бар.Г. БЕКЗАТ