Алматы қаласының Зерделі ықшамауданындағы №179 үй қазір ел назарында. 2013 жылы ғана пайдалануға берілген 9 қабатты, 72 пәтерлі мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған тұрғын үй қисайып, тұрғындарды уақытша басқа жерге көшіру жайлы шешім қабылданған.
Қажетті қаржы қала бюджетінен бөлінеді. Әрине, тұрғындар өз баспаналарынан көшкенімен, олар уақытша жалдамалы пәтерге бар дүние-мүлкін алып кете алмайды. Сол себепті пәтерлерді тонау әрекеттерінен сақтау үшін тәулік бойы тәртіп сақшылары ұйымдастырылған. Тұрғындардың өз үйіне қайта оралу не оралмау мәселесі сараптамадан соң белгілі болмақ. Егер қисайған үй қауіпті деп танылса, онда ғимарат бұзылады. Әкімдік тұрғындарға басқа пәтер беру жолын қарастырады. Ал прокуратура үйдің қалай қабылданып, пайдалануға берілгенін анықтап, тексеру жұмыстарын бастамақ.
Қазір үйдің алдыңғы жағында үш, артында үш, жанында екі шамшырақ бар. Сол бойынша күнде екі рет геодезиялық құралмен өлшеу жүргізіледі. Мамандар әрбір өзгеріс журналға жазылатынын айтады.
Мамандар қисайған үйге таяу маңнан ашық қалған өртке су себу үшін қолданылатын су шүмегін тапты. Нәтижесінде, топырақ дымқылданған.
«Біз ұңғыманы бұрғылап көрдік және өртке су себу үшін қолданылатын шүмектен аққан су 15-17 метр тереңдікке дейін топырақты дымқылдағанын айта аламыз. Бұл – алдын ала болжам, зертхана нақты қорытындыны 27 желтоқсанда шығарып береді» дейді Қазақ геотехникалық институты инженерлік-геологиялық бөлімінің бас инженері Алтай Ыдырысов.
Биыл жазда көршілес №180 үйден өрт шығып, құтқарушылар өртке су себу үшін қолданылатын су шүмегін қолданғанын, сосын оны ашық қалдырғанын тұрғындар да растап отыр. Бұл болжамды Қазақ геотехникалық институты мамандары да мақұлдады. Енді топырақтың дымқыл тартуына кімнің кінәлі екенін Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент пен прокуратура анықтауы тиіс.
«27 желтоқсанда Қазақ геотехникалық институты ақырғы қорытындыны айтады. Содан соң біз 15 күннің ішінде зерттеу жұмыстарына кірісеміз. Тұрғын үйді бұзу керек пе әлде мықтау керек пе, нақты қорытындысын айтамыз» дейді «ҚазҚСҒЗИ» АҚ сейсмикалық төзімділік, ғимараттар мен құрылыстарды қарап-тексеру орталығының директоры Жасұлан Омаров.
Қазір Алатау ауданы Nur Otan партиясы филиалы жанынан штаб құрылған. Онда Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент, әкімшілік қызметкерлері, полицейлер, ТҮКШ төрағасы бар. Олар демалыссыз, күн сайын таңертеңгі 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істеп жатыр.
Тұрғындардың өз үйін тастап шыға салуы оңай болмады. Балаларды балабақшаға, мектепке апару керек. Қыстың көзі қырауда тұтас отбасының жалға пәтер табуы да қиын. Оның үстіне бақандай 72 отбасы көшіріліп отыр. Штаб мүшелері тұрғындарға қолайлы жалдамалы пәтер табуға да көмек қолын созуда. Әзірге жалдамалы пәтер үшін үш айға келісімшарт жасалады. Алдын ала есеп бойынша осы мерзімде қисайған үйді зерттеп, қажет болған жағдайда оны мықтап, реттейді.
Алдағы уақытта Зерделі ықшамауданындағы барлық үй арнайы тексеруден өтеді. Мұндай шешім қабылдауына негіз жоқ емес. Бұрынғы Алғабас, қазіргі Зерделі ықшамауданында үйдің қисаю жағдайы бұрын да болған. Оның үстіне тұрғындар осындағы әрбір үйде қабырғаның жарылуы кездесетінін жоққа шығармайды. Пәтер есіктерінің дұрыс жабылмауы да қалыпты жағдайға айналған.
Біраздан бері күн мен түнін үреймен өткізіп келген тұрғындар енді арнайы комиссияның шешімін күтеді.