Екпе мен аутизм: байланыс қандай?
Екпе мен аутизм: байланыс қандай?
211
оқылды

«Вакцинаға қарсымын. Себебі ол балаларды аутист қылады екен» деп, екпеге қарсы шығатын ата-ана аз емес. Ғылыми тұрғыдан мұның мүлдем шындыққа жанаспайтыны дәлелденсе де, осы тақырыптағы дау тоқтар емес. Аутизм мен екпенің арасында қандай да бір байланыс болуы мүмкін бе? Мамандар не дейді? Шетелдік зерттеулердің нәтижесі қандай?

Даудың басы неден туды?

Вакцина аутизм тудыруы мүмкін деген болжам алғаш рет 1998 жылы жасалған. Британ зерттеушісі Эндрю Уэйкфилд қы­зылша, қызамық, паротиттен екпе алғаннан кейін балалардың көп­­­шілігінде аутизм белгілері пайда болғаны туралы ғылыми жұмыс жазады. Міне, сол сәттен бастап вакцинаға қарсы адамдар тобы көбейе бастайды. Ал негізі сол кездің өзінде екпеге теріс көзқарас танытқан адамдарды жинап, онсыз да аутизм белгілері бар балаларды зерттеуге қатыстырған екен. То­­­лығырақ қарастыра келе, ға­лым­­­­ның көрсеткен кей мәліметтері тіпті жалған болып шыққан. Аталған зерттеуді жасап жүріп, Уэйкфилд үш ауруға қарсы екпені бір сәтте алуға болмайды деген пікірді де таратады. Оның мәні де кейін белгілі болады: сөйтсе, сол ғылыми жұмысты қолға алардан бұрын қызылшаға қарсы вакци­­­­наның бір түрін патенттеп алған екен. Байқасақ, осы жұмыстың шикіліктерінің беті ашылғанына біраз жылдың жүзі өтсе де, соның аясында туындап жатқан талқы басылар емес.

Даннинг-Крюгер эффектісі кімдерге тән?

Вакциналауға қос қолдап қар­сы шығатын топ аса үлкен бол­маса да, үні зор. Жалпы, қа­­лып­тасқан ғылыми пікірге келіспей, екпенің денсаулыққа зиян екенін айтудан таймайды. Дәлел ретінде осы күнге дейін жасалған зерт­теулерді келтірсеңіз де, ойынан қайтару қиын. Әдетте ғалымдар мұндай топқа «Дан­­­­нинг-Крюгер эффектісі тән» дейді. Яғни, ондай адамдар қандай да бір тақырып шең­бе­­рінде білімі аз болғанына қара­­­мастан, мамандардан әлде­қайда көп білемін деп ойлайды. Ғалым­дар вакцинаға қарсы шыға­тын­­дарды осындай эффектімен си­паттайды. 2018 жылы Пенсиль­вания университетінің Қоғамдық саясат орталығының зерттеу­шілер тобы сауалнама жүргізіп, аутизм туралы аз білетін адамдар жалған ақпараттарға сенгіш ке­летінін анықтайды. Аталған сауал­­намаға 1 310 адам қатысқан. Олар­дың ішінде 36 пайызы «дәрігер­лерден көп білемін» десе, 34 пайызы ау­тизмнің туындау се­бептерін бі­летінін айтқан. Соны­­мен бірге жал­­ған ақпараттың жел­еуіне еруге де білімі аз адам­дар бейім келетіні белгілі болған. «Баласынан аутизм белгісі бай­қалған кезде кей ата-аналар оны екпемен байланыстырып жатады. Жалпы алғанда, мұндай көзқарас Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қалыптасқан. Ғы­лыми тұрғыдан айтар болсақ, осы күнге дейін бірне­ше метаанализ жасалды. Бәрінің нәтижесінде аутизм мен вакцина арасында байланыс жоғы дәлелденген. Ал енді неге бұлай ойлайды дегенге келсек, аутизмі бар балаларда генетикалық дең­гейде иммундық қорғаныс бұзыл­ған. Ал вакцина иммунитетке әсер етеді. Бәлкім, соның салдарынан ол қоздырып, байқалуы мүмкін деген гипотеза бар. Десек те, соңғы жылдары жа­салған зерттеулердің қоры­тын­­дысы бойынша, байланыс жоғы айты­лады» дейді Білім және ғылым министрлігінің Ғылым ко­­ми­­­тетінің жалпы генетика және ци­­тология институтының қыз­меткері Ана­стасия Перфильева. Балаларға арналған екпелер күнтізбе бойынша, туған сәтінен бастап егіледі. Ал аутизм белгілері 2-3 жаста анық байқала бастайды. Десек те, ол туабітті дерттің түріне жатады. Перфильеваның айтуын­ша, туған кезде де көз фикса­ция­­­­­сына, баланың анасына барғы­сы келмеуі сынды белгілерге қарап аутизм болуы мүмкін деген болжам жасауға болады. Әйтсе де, дәрі­­­герлердің мұны ерте бастан анық­тай алуы үшін білігі жоғары болуы маңызды.

Медициналық жұмбақ қашан шешіледі?

Әлі күнге дейін аутизмнің қалай туындайтыны жұмбақ болып отыр. Осы тақырыпта талай ғалым талқы жасап, зертту жүргізген. Әлі де жүргізіліп келеді. Бір анық: аутизм – ми мен жүйке жүйесі дамуының бұзылуы. Яғни бала қоршаған ортаны тану, басқа­­­лармен қарым-қатынас жасау сияқты қабілеттерді жоғалтады. Аутизмнің патогенезі гендік мута­ция­ларға байланысты деседі. Ген­дердің мутацияға ұшырауы атадан балаға берілмейді, аяқ асты да пайда болмайды. Ол үшін үлкен бір себеп болуы керек. Әдетте гендік аномалиялар қоршаған ортаның кері факторларымен біте қай­­насады. Яғни, әйел жүкті кезде тұмау, безгек, медикаментоз не өзге де интоксикациялар, антибио­тиктермен жасалатын емді ауыр өткерген болса, аутист бала өмірге келуі мүмкін деген пікір бар. Жа­салған талай зерттеудің нәти­жесінде бала екпе алса да, алмаса да аутизм белгісі уақыт өте келе байқала бастайтыны дәлелденген. Жиілігі де бірдей болады. Мамандар балада аутизм белгісі байқалған сәттен-ақ, дереу тера­пияға кіріскен абзал дейді. Аутизм саласындағы білікті маман, доктор Джеймс Партингтон да осындай кеңес береді. «Ертерек қимылдаған қаржылық жағынан ғана емес, отбасының алдағы өміріне де оң әсер береді. Егер баламен дер кезінде айналыспаса, анасына баласын өмір бойы қарап өту керек болады. Яғни, терапияның ертерек басталғаны қай жағынан да жөн. Ата-ана баланың бойына негізгі өмірлік дағдыларды сіңіре алса, соғұрлым жақсы. Бұл ретте оларға арнайы орталықтардың көмегі аса қажет. Ондай орталықтар Қазақ­станда бар. Мысалы, бізде, АҚШ-та ата-аналарға баласы үшін үздік ұстаз болу жолдарын үйрететін орталықтар жұмыс істейді. Бала – сынып қалған сағат емес, оны ма­манға апарып жөндете алмай­сыз. Сондықтан ата-анаға, соның ішінде аналарға үлкен қолдау қа­жет. Қоғамның қабылдауы да маңызды», – дейді маман.

Аутизм балаға ғана тән, есейгенде не болады?

Расында, аутист баланың ата-анасы, көп жағдайда баласын көзінен таса қылмай, үнемі жа­нында отырады. Жұмысқа шы­ғайын десе, қолы байлаулы. Үйде бала қарап отырайын десе, мате­­риал­­дық жағ­дай мәз емес. Бала 16 жас­­­қа тол­­ғанда және кәмелетке келгенде тексерістен өтеді. Есей­ген соң «аутизм» деген диагноз алып тас­­талады. Сөйтіп, оның орнына ши­­­зо­­­френия, психопатия немесе ақыл-ой кемтарлығы деген диаг­нозға ауыстырылады. Ко­­миссия шешімінен соң мүгедектік тобы да өзгертіледі. Соған сәйкес, ата-ана көмекші деген статустан айы­­­рылады, осы санатқа тө­­ле­нетін тө­­­­­лем де тоқтайды. Осы кез­де ақ­шаға мұқтаж ата-ана ба­­­ласын жал­­ғыз қалдыруға мәж­бүр болады. Жа­сы 18-ге келсе де, ау­тизм өшіп кет­­­­­­пейді. Демек, бұл оның өмірі үшін бір жағы үл­кен қауіп тудырады. Ендеше, аутизмге қатысты мә­селелерді шешуге келгенде сел­қостық танытуға болмайды. Әрі қаңқу сөздерден гөрі ғылыми дәлелденген фактілерге сенген абзал.

Жадыра АҚҚАЙЫР