Бір кездері ел спортында атағы жер жарған талай мықты спортшымыз үлкен спорттан кетті. Бүгінде олардың қайда, немен айналысып жүргені көпшілігіміз үшін беймәлім. Көп спортшы мемлекеттік қызметке тағайындалып, халықтың алдында жүр. Ал санаулылары ғана спорттан тыс дүниелермен айналысып, өзге саланың тізгінін ұстаған. Олардың бірқатарымен хабарласып, қазіргі уақытта қайда жүргенін сұрадық.
Допинг дауына ілігіп, спорттан шеттетілген Илья Ильин сынақ мерзімі біткеннен кейін алдағы Олимпиадаға қатысатынын айтқан еді. Алайда төрт құрлықтың басты додасы пандемияға байланысты бір жылға шегерілгеннен соң спортшы бұл ойынан айнып қалды. Ол туралы тілшілерге берген сұхбатында Илья: «Мен Токиода өтуі тиіс Олимпиадаға қатысуға ниеттенгем, алайда оның кейінге ше герілуіне байланысты спорттық мансабымды аяқтауды жөн көрдім» деген болатын. 2019 жылы қыркүйек айында қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин Қазақстан Спортшылар одағы Қызылорда облыстық филиалының басшысы болып тағайындалды. Қызылорда облыстық Денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Мұзайдыны» спорт кешенін басқарды. 2020 жылдың желтоқсан айында БҒМ Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығына қызметке орналасты. Тағы бір қазақстандық ауыр атлет Майя Манеза да спорттан шеттетілгеннен кейін ұзақ уақыт көрінбей кетті. Ана атанды, көп ұзамай кәсіпкерлікке бет бұрды. Шығыс медициналық орталығын ашып, бүгінде соның жеке жұмыстарымен айналысып жатыр. Ал көркем гимнастикадан спорт шебері Әлия Жүсіпова бүгінде шәкірт тәрбиелеуді қолға алған. Аталған спорт түрінен олимпиадаға бір емес бірнеше рет қатысып, үздік нәтиже көрсетті. Әлем кубогының, XIV Азия ойындарының күміс жүлдегері, Азия ойындарының (2006) абсолютты чемпионы. Көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері, Халықаралық санаттағы төреші лауазымдарынан бөлек, Әлия Шымкенттегі №9 көркем гимнастикадан олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры қызметіне тағайындалған. Лондон және Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовтың да бокс қолғабын шегеге ілгеніне екі-үш жылдың жүзі болды. Ол бір сөзінде бокстан не үшін кеткенін айтты. – Менің бокстағы кәсіби жолым аяқталды. Соңымыздан өсіп келе жатқан жастар бар. Мен алмаған асуды солар бағындырсын. 15 жыл бойы үнемі оқу-жаттығу жиындары деп үй бетін көрмей, үнемі түзде жүрдім. Спортта жетістікке жетумен бірге денсаулық та сыр берді. Үздіксіз жаттығулар салдарынан белімде «грыжа» пайда болған. Бұл Рио Олимпиадасы кезінде қатты қинады. Үйдегілер Лондон Олимпиадасынан кейін «боксты қойсаң қайтеді» деген. Бірақ мен – жаттығудың адамымын. Бірден тоқтағым келмеді. Рио Олимпиадасынан кейін 3 турнирге ғана қатыстым. Қазақстан бокс федерациясы тарапынан бөлінген қаржымен Оңтүстік Кореяға ем-дом алуға бардым. Ол жақтағы мамандар белімнің қазіргі ахуалымен спортта жүре беруге болмайтынын айтты. Бапкеріммен ақылдаса келе, бокспен қош айтысуға тура келді, – дейді боксшы. Қазіргі таңда Әділбек Шоқыр Бөлтеков атындағы Жоғарғы спорт шеберлік мектебінде директордың орынбасары қызметін атқарады. Қазақстандық танымал дзюдошы Максим Раков та 2018 жылы үлкен спорттан кетті. Оған себеп: түрлі жарақаттары мен жас шамасы. Енді ол өзін халықаралық жарыстарда төреші ретінде сынап көрмек. Сондай-ақ бірнеше жыл бұрын әкесімен бірге Қарағандыда мектеп ашты. Кейінгі кезде спортшы шәкірт тәрбиелеуге ден қойған. 2018 жылы үлкен футболмен қос бірдей танымал футболшы қош айтысты. Олар – Самат Смақов пен Нұрбол Жұмасқалиев. Екеуі де қазақ футболының тарихында атын алтын әріппен жазған үздік футболшылар. Қоштасу матчын Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионында өткізген Смақов мансабын ерекше аяқтау үшін екі бірдей командада өнер көрсетті. Алаңда «Смақовтың достары» және «Ақтөбе ардагерлері» атты екі команда кездесті. Айтпақшы, «Ақтөбе» командасындағы 8 нөмір Саматқа ғана тиесілі болып қалды. Самат ойыншы ретіндегі мансабын аяқтағанымен футболдан алыстамады. Футболдан кеткен соң «Ақтөбе» клубының басшылығында да қызмет етті. «Тобыл» сапында ұзақ жыл тер төгіп, бірнеше рекордты жаңартқан Нұрбол Жұмасқалиев – Қазақстан Премьер лигасы тарихында ең көп гол соққан (167 гол) және ең көп ойын өткізген (523 ойын) футболшы. Ол да Самат секілді футболдан алыстап кетпеді. Бапкерлік қызметте жүр. Алғашында бапкердің көмекшісі қызметін атқарды, кейін уақытша «Тобылдың» жаттықтырушысы болды. 21 жасында чемпион атанып, 25 жасында мансабын аяқтаған олимпиада чемпионы Бахтияр Артаев – спорттан ерте кеткен санаулы боксшылардың бірі. Споршы қазір мемлекеттік қызметте жүр. Ауыл әкімі де болды, саясатқа да араласты. Соңғы рет праймеризге қатысып, өзін депутаттыққа ұсынды. Спортта карьерасын аяқтаған соң, 2009 жылы ол Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Айшабибі ауылдық округінің әкімі, қараша айында Жамбыл облысы Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды. 2011 жылы Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2012 жылы 24 желтоқсанда «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының президенті болды. 2014-2016 жылдары Лондонда білім алды. 2016 жылы «Тарлан батырлары» компаниясының директоры қызметін атқарды. Компания Қазақстанда спорттық кешен салумен айналасады. 2018 жылдың ақпанынан Astana Arlans кәсіпқой бокс клубының директоры болды. Жаңа қызметін сұрағанда «Тарлан батырлары» мекемесінің директоры қызметіне қайта тағайындалғанын айтты. Бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері, екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиев 2012 жылы спорттағы жолын аяқтады. Қазақстандық танымал боксшы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританиядағы Брунель университетінде білімін шыңдады. 2014-2017 жылдары Astana Arlans кәсіби бокс клубының бас директоры қызметін атқарды. 2017 жылдың 28 ақпанынан 2019 жылдың 30 қаңтарына дейін Мәжіліс депутаты болды. Қазіргі таңда Серік Сәпиев Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетін басқарады. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында жарақатына қарамастан қола жүлде еншілеген Ақжүрек Таңатаровтың карьерасын аяқтағанына да біраз болды. Грек-рим күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері (2017 жыл), Азия чемпионы (2017) ендігі кезекте шәкірт тәрбиелеуді қолға алған. Спорттан кеткеннен соң көп ұзамай ол Тараздағы спорт мектептерінің біріне басшылық қызметке тағайындалды. Бұл – спорттық мансабын аяқтаған спортшылардың бір бөлігі ғана. Байқағанымыздай, олардың басым бөлігі спорт мектептерінде басшы, директор қызметін атқаруда. Жеке кәсіппен айналысып жүргендері бірен-саран. Бапкерлікті қолға алғандары да жоқ емес. Біз өз кезегімізде толағай жетістіктерге жеткен ардагер спортшыларымызға жаңа қызметтерінде де толайым табыс тілейміз.