Бал таңдайлы Бибігүл
Бал таңдайлы Бибігүл
155
оқылды

Ол – Қазақ ССР-інің халық артисі, Қазақ ССР Мемле­кеттік сый­лығының лауреаты, КСРО халық артисі, КСРО Мемле­кет­тік сыйлығының лауреаты. Ол – Социалистік Еңбек Ері. Ол – халықтың сүйіктісі. Мейірім не десе, ол кісіні айтар едік. Адалдықтың үлгісі қандай десе де, сол кісіні атар едік. Сұлу­лық­тың символы қалай болады десек те, көз алдымызға сол адам елестейтіні анық. Оны барша қазақ жақсы көреді. Қазақ ғана емес, бүкіл пост­кеңестік елдер оның өнеріне тәнті болғаны анық. Қарапайым қыздың айрықша өнері ән айдынында ерекше қалықтатты. Біз бүгін ешкімге ұқсамайтын, еш­кім алмастыра алмайтын бұлбұл үнді Бибігүл Төлегенова туралы сыр шертпекпіз.

Бақытсыз балалық шақ

Оралхан Бөкейдің 60 жылдық мерейтойында бір топ жазушымен бірге Қатонқарағайға барған едік. Сол жолғы сапарымызда Бибігүл Ахметқызының туған ауылына барып, ат басын бұрғанбыз. Сонда бізге жергілікті ағайындар Бибігүл апаның балалық шағы туралы әңгімелеп берген. Қазақтың аяулы қызының қиын тағдыры туралы естігенде, қамығып қалғанымыз да есте. Зұлмат жылдардағы қара бұлт Бибігүл әншінің отбасын да айналып өтпеген екен.

«Еті тірі, жігерлі, алған беті­­нен қайтпайтын Ахмет Төлеге­нов білімін толықтыра түсті, кі­тап­тарды оқуға құмар еді. Бас­­­­шылық жұмысқа үйренді. Ол 1933 жылы Семей қалалық пар­тия комитетінің нұсқаушылық қызметіне орналасты. Ары қарай оны 1934 жылы райком Алма­ты­­­дағы маркстік-лениндік инс­титутқа екі жылға оқуға жібере­ді. Оқуға алғыр Ахмет оны үздік бітірген соң, ол табиғаты көркем Шығыс Қазақстандағы Қатон­қарағай ауданының аудан­дық партиясының бірінші хат­шы­лы­ғына тағайындалды. Ахмет аңшылықты сүйетін-ді. Оның пистолетіне қоса, қос уыз аң аулайтын мылтығы бар еді. Қоян, түлкі, тіпті қасқыр аулап, қолына түсіріп жүрді. Бір сөзбен айтқанда, тиынның көзіне от тигізе алатын мерген еді. 1936 жылы Ахмет пен Майнұрдың қыздары қы­зыл­­шамен жаппай ауырды. Ахмет­тің осындай қиын-қыстау кезеңде Қауіпсіздік комитетінің төрт қызметкері сау ете түсіп, үйдің астан-кестеңін шығарып, құжатының бәрін жинап әкетеді» деп жазады әншінің ата-анасы туралы естеліктердің бірінде.

Зұлымдықтың тырнағынан құтыла алмайтынын сезген бо­луы керек. Қайран әке сонда жұбайы­на «Балаларды алып, Семейге оралыңдар» деген бір ауыз сөзді айтып, шығып жүре береді. «Ха­лық жауының» отбасына да оңай бол­мағаны белгілі. Әйелі Май­нұр­­ды да бір фотодағы адам­ның кө­зін әдейі шұқыдың деп айып та­ғып, ұрып-соққан екен. Мұхтар Әуе­зовтің «Қорғансыздың күні» шы­ғар­масындағыдай қорған­сыз­дар­дың күні осылай басталған еді. Азып-тозған әйел үш бірдей бүлдіршінін жетелеп, қарашаның қара суығында ағайын-туысты жағалап, жертөлені паналап өмір сүрген екен. «Менің балалық ша­ғым болған жоқ. Бала болып, қуыр­­шақпен де ойнамадым. Жеті жасымда әкемді «Халық жауы» деп ұстап әкетті. Сол күні менің де балалығым аяқталды» деп айтады Бибігүл апа.

Әкесі Ахмет 1938 жылы Алматы маңында атылды. Моласы Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров атылған маңда деседі. Әлі күнге белгісіз. Әнші кейін КГБ архивін ақтарып, әке­сі­н­ің құжаттарын тапқанымен, оның сүйегінің қайда көмілгенін таба алмаған.

«Халық жауының» қызына жұмыс табу да оңай болмағаны рас. «Көп еңбек еттім. Шахтадағы қыз­меткерлердің жарты сағат үзі­лісінде ол кісілерге концерт бер­дім. Бұл өзім сол ортаның қан­дай екенін білгеннен туған ой еді. Пимамның ішіне зат салып, бойымды өсіріп, әнге, өнерге, шөл­деген көпшіліктің ішіне кіріп, ән тыңдағанға құмар едім. Бірде залға кіресің, бірде сыймай қала­сың. Ол кезде баламын, кісі толған залда сахнаны көруге бойым жет­пейді. Кейде клубтан шыға­рып та жіберетін. Қарапайым халық­тың арасынан шыққан соң, сол кісілердің ортасында жүргім келді» дейді әнші.


Жұлдызы жанған қыз

Қиын-қыстау күндер соғыстан кейін аяқталғандай болған. Со­ғыс­тан кейін оған клубтың кино жүргізушісі механигі болу бақы­ты бұйырды. Сөйтіп әнші қыз комсомол қатарына ілікті. Оған дейін «жаудың қызы» деген атағы қыр соңынан қалмай, бөгет жа­сап келген еді. 1948 жылы ком­би­наттың директоры Игорь Шеф­фер­дің арқасында Бибігүл апа Алматыдағы өнер байқауына қаты­суға мүмкіндік алды. Байқауда әнші «Қазақ вальсін» орындап, көп­шіліктің көңілінен шықты. Әсем үнді Бибігүлдің дауысына елітпеген жан қалмады. Ең өкініш­ті­сі, сол байқаудың ертесіне тама­ғына суық тиіп, ауырып қалады. Комиссия бастығы әнші қызды «келесі жылы келерсің» деп, елге шығарып салады.

Әнші қыздың жұлдызын жан­­дырған Галина Иосифовна Серебрякова болатын. Тағдырдың жазуы­мен жазушыны Семейге құдай айдап әкелді. «Сен кон­сер­­ваторияға баруың керек. Оған дейін мен сені бір жыл дайын­дай­мын. Әрі Мәскеуге оқуға түсуіңе мүмкіндік жасаймын» дегені де әлі күнге есінде. Семей­дегі Серебрякованың үйіндегі әр сәттер ән айтумен өтетін. Пуччинидің «Чио-Чио-сан» опе­ра­­сынан бастап, «Қазақ вальсі», «Қара торғай» әндерін құйқыл­жыта шырқайтын еді. Бибігүлдің да­рынын білген жазушы әйел оның ертең-ақ алысқа самғай­ты­нын бірден байқаған-ды.

Серебрякованың дайындауы ар­қасында Алматыға, консер­ва­то­рияға оқуға түсті. Дайындық кур­сында оқып жүріп, тұрмысқа шығады. Сабақтың басталғанына екі ай ғана болған екен. Жақсы көр­ген жігіті Алматыға іздеп ке­ліп, бір күні қолынан жетектеп алып кетеді. Мұны естіген шешесі рен­жіп, хат жазса да, жауап бермей қояды. Дайындық курсын бітіріп, консерваторияның бірінші курсы­на қабылданады. Сол жылы қысқы сессия кезінде тұңғышын дүниеге алып келеді. Ауруханадан шығып, сабаққа келіп, ән айтайын десе, дауы­сы шықпайды. Мұғалімі қо­лы­­нан жетектеп, ректорға алып кіреді. Ол кезде консерваторияның рек­то­ры – Ахмет Жұбанов. Мұға­лімі рек­торға: «Мына қыздың дауысы жоқ. Оқуға жарамайды» деп шорт ке­седі. «Өзім көп үнде­мейтін едім. Шы­дай алмадым. «Артық кетсем, ке­шіріңіз! Мен мұнда кел­ген­де дауы­сым бар еді. Қайда кетті ол дауыс? Сіз жауап бересіз бұған» де­дім ұстазыма. Есі шығып кетті. «Со­вет әйелі оқып, ілім алуға, отба­сын құрып, бала босануына құқы бар» де­дім үсті-үстіне төпелеп. «Дұ­­­рыс айтасың. Құқың бар. Бі­рақ бұл жерде болмайды. Басқа инс­­­титутқа бар» деді. Үйге келіп, ебіл-себіл жыладым. Анамның қар­­сы болғаны, теріс батасын бер­­гені осы екен ғой дедім. Енді не істеймін? Семейге не бетіммен қай­­тамын. Есіме бір ағамыз түсті. Есімі – Мақсұтбек Майшекин. Көр­­­кемөнерпаздардың республи­ка­­лық байқауында танысқан бола­тын­­быз. Радиода қызмет істейді екен. Шамасы дауысым ұнаған бо­луы керек. «Қарағым, егер ән айт­қың келсе, маған хабарлас. Міне, мынау менің телефоным» деп нөмірін қалдырды. Салып ұрып, сол кісіге бардым. Сөйтіп, ра­дио­дан ән айта бастадым. Рек­тор­ға жетелеп апарған ұстазым мұны естіп, ертоқымын бауырына алып тулады. Маған тіпті өшігіп алды» дейді әнші естеліктерінің бірінде.

 

Ең соңғы Алтын жұлдыз

Ол кісіде атақтың бәрі бар. Тіпті Социалистік Еңбек Ері ата­ғы дәл Одақ тарардың алдында берілді. Бұл атақтың берілуіне Елбасының да еңбегі орасан зор. «Одақтың тарайтыны талассыз болуға айналған күндері Горбачев Алматыға, Нұрсұлтан Әбішұлына телефон соғады. «Еңбегіңіз бар, кезінде онша дәл жасалмаған қадам­дарымыз да болды. Сізге Социалистік Еңбек Ері атағын бергелі отырмын» дейді. Сонда Елбасы: «Көңіліңізге, ниетіңізге рақмет. Мен бас тартамын. Егер мүмкіндігіңіз болса, ол атақты біздегі өте лайықты бір өнер адамына берсеңіз екен» дейді. Сөйтіп, менің кандидатурамды ұсы­нады өзінің орнына. Екі күннен кейін Бибігүл Төлегеноваға Социалистік Еңбек Ері атағын беру туралы КСРО Президентінің Жарлығы шығады. Тағы екі күннен кейін Одақ тарайды. Солай болған. Осының өзі Елбасының дарқан жанын, жомарт жүрегін көрсетіп тұр емес пе? Тарап бара жатқан Одақтың ең соңғы Алтын жұлдызы маған солай бұйырған. Оны сұ­рап алу тұрмақ, оның берілуінің жайы қалай болғанын мен арада ша­мамен жарты жылдай өткенде барып бір-ақ естідім» дейді бұлбұл әнші.

Бибігүл апа сахнада «Баян­ауыл», «Бір бидай арпа», «Жалғыз ар­ша», «Бір бала», «Илигай», «Ши­лі өзен», «Бурылтай», «Ай­нам­­көз», «Гәкку», «Қазақ вальсі», «Қайықта», «Тербеледі тың дала», «Қуанамын», «Жан сәулем», «Қара торғай», санап тауыса алмайтын қазақтың кіл інжу-маржанын шыр­қады. Мұның бәрі – Қазақ мемлекеттік филармониясында өткіз­ген он бес жылында шыр­қал­ған әндері. Одан бөлек, опера театрының сахнасына «Қыз Жібектегі» Жібекті, «Алпа­­мыстағы» Гүлбаршынды, «Ең­лік Кебектегі» Еңлікті, «Риголлеттодағы» Джильданы, «Травиатадағы» Виолеттаны, «Дон Жуандағы» Церлинаны шығарды. «Бақыт бағасын білгеннің ғана басында тұрады» деген әдемі тәмсіл бар. Әншінің бағы – ән. Халықтың ең қымбат маржандарын теріп, сахнаға шығарды. Ән әншінің, әнші әннің бағын аша білді. Бұл да болса, Бибігүл Төлегенованың ең үлкен бақыты шығар.

Орыстың арасында туып-өсіп, қазақша бір ауыз сөз білмейтін қызға тілді үйреткен – ұлттық намыс болатын. «Маған қазақ тілін үйреткен – намыс. Намысы бар әр қазақтың жүрегінде намыс болуы керек» дейтін де өзі.

Биыл ән өнерінің ханшайымы 90-ға келді. Тоқсанында да өзі сүйген сахнасынан түскен жоқ. Екі бірдей қалада, Нұр-Сұлтан мен Алматыда бұлбұлдың мерей­той­лық кеші өтті. 70 жылдан ас­там киелі сахна төрінде жүрген қазақтың аяулы қызының ту­ған жері Семейдегі мәдениет сарайы­на есімі берілетін болды. Бұл да қазақтың ардақты әншісіне көр­сет­кен игі құрметі болса керек.

 


P.S.

  

Бибігүл Төлегенованың есімі ЮНЕСКО-ның ең атақты 20 әйе­лінің тізіміне енді. Әкені қолын қайы­рып, «Халық жауы» деп ұс­тап әкеткенде 7 жастағы сәби ана­сы Май­нұрмен бірге қиын күн­дерді бас­тан кешіп жүргенде мұндай сәт­­тің боларын сезінбеген де шы­ғар. «Алла сүйген құлына ғана сы­­нақ береді» деседі. Алла бер­ген сынақтың бәрінен сүрінбей, қиын­дық­тың бәрін өткеріп, 90 дейтін асу­ға шаршамай, талмай жеткен бұл­­бұл әншінің тағы бір белесі басталды.