Мінезің қыңыр дейсің...
Мінезің қыңыр дейсің...

Үйдің үлкені Еркін ағам өлең жа­затын. Ақындардың жыр жи­нақтарын оқуды ағамнан үй­рендім. Ол менен он жас үл­кен еді. Бірінші сыныпқа бар­­ғанда ағам оныншыны оқи­­тын. Мек­теп­ті бітіргеннен ке­йін қа­­лаға оқуға кетті, одан ке­йін әскерге кет­ті. Жи­­на­ған кі­­тап­тарына біз ие бо­лып қал­дық. Сол кітап­тар­дың ара­сынан қо­­лыма ти­­гені Фариза Оң­ғар­сы­но­­ва­­­ның «Шілде» жыр жи­на­­ғы болды. Мектептегі кез, жо­­ға­ры сыныптамыз. Өлең­ді мә­­нерлеп оқушы едік. Ф.Оң­ғар­­сынованың сезім­ге толы өлең­­дерін жаттап алатынмын. Кейін әдейілеп жаттасам да есімде сақтай алмадым. Ал­ғаш­қы жаттаған өлеңдерім есте сақталып қалды. «Мінезің қы­ңыр дейсің», – деп қойып жат­қа соғушы едік. Ол кезде әкемнің әкесінің аяғы тимеген Фариза апайдың туған жері Атырауға барамын, ақынмен кездесемін, сұхбаттасамын деп тіпті де ойла­ған емеспін...

Араға жылдар салып Ұлттық арнаға жұмысқа тұрдық. Еліміздегі танымал тұлғалардың тағдыры, өмірі мен еңбек жолы туралы «Сөн­бес сәуле», «Келбет», «Жар­қын бейне» бағдарламаларын да­йын­дай жүріп, Фариза апаймен үш рет кездестім. Әр кездесу өз оқи­ға­сымен есте қалды.

2009 жылы күзде «Сөнбес сәу­ле» бағдарламасын түсіру жұ­мыс­­тарымен Астанаға іссапар жос­­­парланды. «Қазақстан» ұлт­тық арнасының ол кездегі бас ре­дакторы Асылбек Ихсанов ша­қы­­рып алып, Әбіш Кекілбаев туралы «Әлем таныған Әбіш» атты арнайы жоба дайындап жат­қа­нын, маған Фариза апайдан Әбіш аға туралы сұхбат ала келуді тап­сырды. Мен қуана келісіп, апайға телефонмен хабарласып, Астанаға келетін күнімді хабарлап қойдым. Апайдың үйіне келіскен уақыттан кішкене кешігіп келдік. Біздің келіскен уақыттан кешігіп келгеніміз апайға ұнамады ма, әлде науқастанып жүрген кезі ме, бізді суық қарсы алды.

– Қайдан жүрсіңдер топырлап? – деп апай отырған жерінен қоз­ғал­­мады. Жүзі қатулы, сөзінде зіл бар. Үстіндегі ақ кофтасы, ақ шал­­бары мен жилеті өзіне сондай жа­ра­сып тұр.

Топырлап жүрген төртеу – ре­жиссер Ботагөз Исмаил, қоюшы оператор Мейрам Дәлелхан, жарық қоюшы Боран Досжан және мен. Қыс кезі, сыртқы киімдермен қоса телетехникалардың өзі біршама жүк. Расымен де, топырлап кірдік, оның үстіне кешіккен айыбымыз бар. Амандасып, кешірім сұрап, жағдайды түсіндіріп жатырмыз.

– Әбіш туралы не айтамын? Өзім сыйлайтын адамдар туралы сұхбат бергім келмейді. Мен сөй­ле­меймін, қайта беріңдер, – деді Фариза апай.

Сөзінде жасандылық жоқ. Мына түрімізбен қайтып кететін сияқтымыз. Апай диванда отыр, екі қолын айқастырып алған. Мен алдында кінәлі болып тұрмын. «Қайтсем де мына жағдайдан шығуым керек» деп түйдім іштей. Сөйттім де, сол тұрған бойымда апайдың бала кезімде жатқа білетін өлеңін өзіне оқып бердім.

– Мінезің қыңыр дейсің,

Тағасың досыңа мін.

Білмедім бұрын дейсің,

Қайтейін осы барым.

Демеймін періштемін,

Бар шығар кемшілігім.

Келіс не, келіспегін,

Тек маған сенші күнім...

Өлеңнің соңғы шумағына кел­ге­німде апайдың жүзі жылып, күлімсіреді. Мен де шабыттанып оқып барып тоқтадым.

– Сонымен мені қайда түсі­ре­­сіңдер? – деді бізге қулана күлім­сірей қарап.

Өлең оқып жатқанда Ботагөз апай түсіретін орын, Мейрам аға камерасын, Боран аға жарығын дайын­дап үлгерген екен. Ботагөз апай:

– Міне, мына жерге келіп оты­рыңыз, – деді.

Бағанағы салқындықтың ізі де қал­май, бөлме іші жайма-шуаққа бөленді. Апай орнынан тұрып, ас үйде жүрген қыздарға:

– Қыздар, қонақтарға арқаның қы­мызын беріңдер, – деді.

Біз де ризамыз, еркіндікті сезін­­генім соншалық:

– Апай, мен Мұқағали ақын­ның жерлесімін ғой, – дедім.

Апай асүйдегі қыздарына қазы тура­тып, дастарқан жайғызды. Ең басты­сы, Әбіш аға туралы керемет сұхбат берді.

«Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деп қабағымыз жадырап, қоржынымыз толып, риза болып қоштастық.

2010 жылы күзде академик, фило­логия ғылымдарының док­торы Рымғали Нұрғалиев туралы «Сөнбес сәуле» бағдарламасын түсіру үшін сол кездегі Астана қаласына іссапармен бардық. Түсіру тобында режиссер Ботагөз Исмаил, оператор Самат Құрбиев және бағдарламаның продюсері әрі жүргізушісі өзім болдым.

Рымғали ағаның жары Хади­ша апай үйіне шақырды, сол шаңы­рақта Фариза апаймен дас­тарқандас болдық. Апай Рымғали аға туралы жақсы естелік сұхбат берді. Сол басқосуда қызықты оқи­ғалар, әртүрлі әңгімелер ай­тып бәрімізді өзіне баурап алды. Ел аңыз қылып айтатын қатал­ды­ғының ізі де жоқ жүзінде. Екі көзіміз апайда. «Ет алып бол­саңдар, жастарға өз қолыммен ет асатайын», – деп Фариза апай төрдегі орнынан тұрып келіп, әрқайсымызға ет асатты. Елге сыйлы апайдың қолынан ет асаған бізде де арман жоқ, бәріміз мәзбіз. Апайдың қазақтың дәстүрін біліп қана қоймай, оны отырған же­рін­де көрсетіп, дәріптеп жүр­гені біз үшін үлгі болды. «Ет асату» туралы оқығаным, есті­­ге­нім болмаса, кім асатып кө­ріп­ті?! Бірінші рет өз басымнан осындай оқиғаның өткені есімде қалып қойды. Сол отырыста апай ерекше мейірімді болып көрінді. Ол кісімен бұрыннан араласып жүрген жандардай жақын тартып, қимай қоштастық. Бағдарлама эфирге шығатын уақытын айтып апаймен хабарласып тұрдық. Менсіз де ол кісіні іздейтін адам көп болғандықтан, мазасын ала бер­мейтінмін.

2011 жылы қазақтың танымал ақыны Тұманбай Молдағалиев өмірден өтті. Басшылықтың тап­сыр­масымен шұғыл түрде «Сөн­бес сәуле» бағдарламасын түсіру керек болды. Фариза апай мен Тұманбай аға бұрын қызметтес болғандықтан апайға қоңырау шалып, естелік сұхбат беруін өтіндім. Ол кісі қарсы болған жоқ, бірден келісті. Астанадағы әріптестер бізге Фариза апайдың сұхбатын түсіріп жіберетін болды. Араға уақыт салып Астанадан апайдың сұхбаты келіп жетті. Бағдарлама сценарийін жазғанда апайдың Тұмағаңның ақындығы, адами қасиеті, поэзиядағы орны мен қызметі туралы айтқандарын қалдырдым да, туған-туысына, ұлына көңіл айтқан жерін алып тастадым. Біріншіден, бағдарлама концепциясына келмейтін болды, екіншіден бағдарламаның уақыты шектеулі еді. Апайдың сөзін толық бере алмадым. Ол есімде жоқ, бағ­­дарлама болатын күні апайға хабарласып, уақытын айтып көруін өтіндім.

Бағдарлама эфирден өте салы­сы­мен ұялы телефон шырыл­да­ды. Хабар­ласып тұрған Фариза апай екен.

– Сен кімсің? – деді бірден ма­ған.

– Сәлеметсіз бе! Жаңылмын, –
дедім.

– Жоқ, сен кімсің? – деді қайта­лап.   

– Асылбековамын, – дедім.

– Менің жазғанымды неге то­лық бермейсің, сөзімді қысқар­та­тын сен кімсің? – деді.

– Апай бағдарламаның уақы­ты шектеулі, оның үстіне бұл кө­ңіл айтатын бағдарлама емес, ке­йіп­кердің шығармашылығы мен еңбек жолына арналған ғой, – де­дім.

Апай үнсіз тыңдады да, теле­фон­ды қоя салды. Қайтадан хабар­лас­сам, телефонын көтер­ме­ді. Көңіл күйім түсіп, біртүрлі болып қалдым. Апайды ренжітіп алдым ғой деп қиналып жүрдім. Бірақ жұмыстың аты жұмыс. Уақыт өте берді...

2013 жылдың күзі болатын, жа­­ңылмасам – қазан айы. Алма­ты­дағы өзіміздің ғимаратта жұмыс істеп отырғам. Әппақ киініп, аяң­дай басып ғимаратқа кіріп келе жатқан Фариза апайды терезеден көріп қалдым да, жүгіріп алдынан шықтым. Қарсы алып, амандық-саулық сұрасып жатырмыз. Апай әдемі, жүзінен керемет жақындық, жылылық сезіліп тұр.

– Жаңыл, сен маған өкпе­леп жүр­сің бе? – деп сұрады.

– Не үшін, апай? Неге өк­пе­­леуім керек? – дедім.

– Өткенде сені Тұмағаң үшін ұрыстым ғой, – дейді апай.

– Ол есімнен шығып кетіпті, ұрыс­қыңыз келсе, міне тұрмын ал­­дыңызда, тағы да ұрысыңыз, – дей­мін мен.

– Сол жолы Германияда емде­ліп, Тұмағаң қайтыс болғанда келе алмап едім, жарына, ұлына көңіл айтқаным ғой. Бірақ жұмыс тәртібі басқа түсінемін, өзім қаншама жыл баспасөзде жұмыс істедім, сен маған ренжімей жүр. Мені Әсет Бейсеуов туралы «Жарқын бейне» бағдарламасына Айнұр деген қыз шақырып еді, соған келдім, – деді.

Апаймен бірге аяңдап студия­ға дейін келдік. Мені апайдың еш­­нәрсені ұмытпайтыны таңғал­дыр­ды.

Бұл – Фариза апайды соңғы көр­генім болатын.

Фариза апаймен үш кездесуде өлең­дерін бала кезімнен жаттап жүре­тін ақынымды толық таны­дым деп айта алмаймын. Бірақ оның күндей нұрын төккен шуақ­­ты сәттерін, туған анаңдай мейір­лен­ген шексіз мейірімін, қатал да бола алатын қайратты күш-жіге­рін, кішірейе де білетін кісілік қасиетіне тәнті болдым. Өмір осындай адамдарымен құнды, осындай ақынымен аяулы!

                                                              

Жаңылхан МӘМЕЖАНҚЫЗЫ