Үйдің үлкені Еркін ағам өлең жазатын. Ақындардың жыр жинақтарын оқуды ағамнан үйрендім. Ол менен он жас үлкен еді. Бірінші сыныпқа барғанда ағам оныншыны оқитын. Мектепті бітіргеннен кейін қалаға оқуға кетті, одан кейін әскерге кетті. Жинаған кітаптарына біз ие болып қалдық. Сол кітаптардың арасынан қолыма тигені Фариза Оңғарсынованың «Шілде» жыр жинағы болды. Мектептегі кез, жоғары сыныптамыз. Өлеңді мәнерлеп оқушы едік. Ф.Оңғарсынованың сезімге толы өлеңдерін жаттап алатынмын. Кейін әдейілеп жаттасам да есімде сақтай алмадым. Алғашқы жаттаған өлеңдерім есте сақталып қалды. «Мінезің қыңыр дейсің», – деп қойып жатқа соғушы едік. Ол кезде әкемнің әкесінің аяғы тимеген Фариза апайдың туған жері Атырауға барамын, ақынмен кездесемін, сұхбаттасамын деп тіпті де ойлаған емеспін...
Араға жылдар салып Ұлттық арнаға жұмысқа тұрдық. Еліміздегі танымал тұлғалардың тағдыры, өмірі мен еңбек жолы туралы «Сөнбес сәуле», «Келбет», «Жарқын бейне» бағдарламаларын дайындай жүріп, Фариза апаймен үш рет кездестім. Әр кездесу өз оқиғасымен есте қалды.
2009 жылы күзде «Сөнбес сәуле» бағдарламасын түсіру жұмыстарымен Астанаға іссапар жоспарланды. «Қазақстан» ұлттық арнасының ол кездегі бас редакторы Асылбек Ихсанов шақырып алып, Әбіш Кекілбаев туралы «Әлем таныған Әбіш» атты арнайы жоба дайындап жатқанын, маған Фариза апайдан Әбіш аға туралы сұхбат ала келуді тапсырды. Мен қуана келісіп, апайға телефонмен хабарласып, Астанаға келетін күнімді хабарлап қойдым. Апайдың үйіне келіскен уақыттан кішкене кешігіп келдік. Біздің келіскен уақыттан кешігіп келгеніміз апайға ұнамады ма, әлде науқастанып жүрген кезі ме, бізді суық қарсы алды.
– Қайдан жүрсіңдер топырлап? – деп апай отырған жерінен қозғалмады. Жүзі қатулы, сөзінде зіл бар. Үстіндегі ақ кофтасы, ақ шалбары мен жилеті өзіне сондай жарасып тұр.
Топырлап жүрген төртеу – режиссер Ботагөз Исмаил, қоюшы оператор Мейрам Дәлелхан, жарық қоюшы Боран Досжан және мен. Қыс кезі, сыртқы киімдермен қоса телетехникалардың өзі біршама жүк. Расымен де, топырлап кірдік, оның үстіне кешіккен айыбымыз бар. Амандасып, кешірім сұрап, жағдайды түсіндіріп жатырмыз.
– Әбіш туралы не айтамын? Өзім сыйлайтын адамдар туралы сұхбат бергім келмейді. Мен сөйлемеймін, қайта беріңдер, – деді Фариза апай.
Сөзінде жасандылық жоқ. Мына түрімізбен қайтып кететін сияқтымыз. Апай диванда отыр, екі қолын айқастырып алған. Мен алдында кінәлі болып тұрмын. «Қайтсем де мына жағдайдан шығуым керек» деп түйдім іштей. Сөйттім де, сол тұрған бойымда апайдың бала кезімде жатқа білетін өлеңін өзіне оқып бердім.
– Мінезің қыңыр дейсің,
Тағасың досыңа мін.
Білмедім бұрын дейсің,
Қайтейін осы барым.
Демеймін періштемін,
Бар шығар кемшілігім.
Келіс не, келіспегін,
Тек маған сенші күнім...
Өлеңнің соңғы шумағына келгенімде апайдың жүзі жылып, күлімсіреді. Мен де шабыттанып оқып барып тоқтадым.
– Сонымен мені қайда түсіресіңдер? – деді бізге қулана күлімсірей қарап.
Өлең оқып жатқанда Ботагөз апай түсіретін орын, Мейрам аға камерасын, Боран аға жарығын дайындап үлгерген екен. Ботагөз апай:
– Міне, мына жерге келіп отырыңыз, – деді.
Бағанағы салқындықтың ізі де қалмай, бөлме іші жайма-шуаққа бөленді. Апай орнынан тұрып, ас үйде жүрген қыздарға:
– Қыздар, қонақтарға арқаның қымызын беріңдер, – деді.
Біз де ризамыз, еркіндікті сезінгенім соншалық:
– Апай, мен Мұқағали ақынның жерлесімін ғой, – дедім.
Апай асүйдегі қыздарына қазы туратып, дастарқан жайғызды. Ең бастысы, Әбіш аға туралы керемет сұхбат берді.
«Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деп қабағымыз жадырап, қоржынымыз толып, риза болып қоштастық.
2010 жылы күзде академик, филология ғылымдарының докторы Рымғали Нұрғалиев туралы «Сөнбес сәуле» бағдарламасын түсіру үшін сол кездегі Астана қаласына іссапармен бардық. Түсіру тобында режиссер Ботагөз Исмаил, оператор Самат Құрбиев және бағдарламаның продюсері әрі жүргізушісі өзім болдым.
Рымғали ағаның жары Хадиша апай үйіне шақырды, сол шаңырақта Фариза апаймен дастарқандас болдық. Апай Рымғали аға туралы жақсы естелік сұхбат берді. Сол басқосуда қызықты оқиғалар, әртүрлі әңгімелер айтып бәрімізді өзіне баурап алды. Ел аңыз қылып айтатын қаталдығының ізі де жоқ жүзінде. Екі көзіміз апайда. «Ет алып болсаңдар, жастарға өз қолыммен ет асатайын», – деп Фариза апай төрдегі орнынан тұрып келіп, әрқайсымызға ет асатты. Елге сыйлы апайдың қолынан ет асаған бізде де арман жоқ, бәріміз мәзбіз. Апайдың қазақтың дәстүрін біліп қана қоймай, оны отырған жерінде көрсетіп, дәріптеп жүргені біз үшін үлгі болды. «Ет асату» туралы оқығаным, естігенім болмаса, кім асатып көріпті?! Бірінші рет өз басымнан осындай оқиғаның өткені есімде қалып қойды. Сол отырыста апай ерекше мейірімді болып көрінді. Ол кісімен бұрыннан араласып жүрген жандардай жақын тартып, қимай қоштастық. Бағдарлама эфирге шығатын уақытын айтып апаймен хабарласып тұрдық. Менсіз де ол кісіні іздейтін адам көп болғандықтан, мазасын ала бермейтінмін.
2011 жылы қазақтың танымал ақыны Тұманбай Молдағалиев өмірден өтті. Басшылықтың тапсырмасымен шұғыл түрде «Сөнбес сәуле» бағдарламасын түсіру керек болды. Фариза апай мен Тұманбай аға бұрын қызметтес болғандықтан апайға қоңырау шалып, естелік сұхбат беруін өтіндім. Ол кісі қарсы болған жоқ, бірден келісті. Астанадағы әріптестер бізге Фариза апайдың сұхбатын түсіріп жіберетін болды. Араға уақыт салып Астанадан апайдың сұхбаты келіп жетті. Бағдарлама сценарийін жазғанда апайдың Тұмағаңның ақындығы, адами қасиеті, поэзиядағы орны мен қызметі туралы айтқандарын қалдырдым да, туған-туысына, ұлына көңіл айтқан жерін алып тастадым. Біріншіден, бағдарлама концепциясына келмейтін болды, екіншіден бағдарламаның уақыты шектеулі еді. Апайдың сөзін толық бере алмадым. Ол есімде жоқ, бағдарлама болатын күні апайға хабарласып, уақытын айтып көруін өтіндім.
Бағдарлама эфирден өте салысымен ұялы телефон шырылдады. Хабарласып тұрған Фариза апай екен.
– Сен кімсің? – деді бірден маған.
– Сәлеметсіз бе! Жаңылмын, –
дедім.
– Жоқ, сен кімсің? – деді қайталап.
– Асылбековамын, – дедім.
– Менің жазғанымды неге толық бермейсің, сөзімді қысқартатын сен кімсің? – деді.
– Апай бағдарламаның уақыты шектеулі, оның үстіне бұл көңіл айтатын бағдарлама емес, кейіпкердің шығармашылығы мен еңбек жолына арналған ғой, – дедім.
Апай үнсіз тыңдады да, телефонды қоя салды. Қайтадан хабарлассам, телефонын көтермеді. Көңіл күйім түсіп, біртүрлі болып қалдым. Апайды ренжітіп алдым ғой деп қиналып жүрдім. Бірақ жұмыстың аты жұмыс. Уақыт өте берді...
2013 жылдың күзі болатын, жаңылмасам – қазан айы. Алматыдағы өзіміздің ғимаратта жұмыс істеп отырғам. Әппақ киініп, аяңдай басып ғимаратқа кіріп келе жатқан Фариза апайды терезеден көріп қалдым да, жүгіріп алдынан шықтым. Қарсы алып, амандық-саулық сұрасып жатырмыз. Апай әдемі, жүзінен керемет жақындық, жылылық сезіліп тұр.
– Жаңыл, сен маған өкпелеп жүрсің бе? – деп сұрады.
– Не үшін, апай? Неге өкпелеуім керек? – дедім.
– Өткенде сені Тұмағаң үшін ұрыстым ғой, – дейді апай.
– Ол есімнен шығып кетіпті, ұрысқыңыз келсе, міне тұрмын алдыңызда, тағы да ұрысыңыз, – деймін мен.
– Сол жолы Германияда емделіп, Тұмағаң қайтыс болғанда келе алмап едім, жарына, ұлына көңіл айтқаным ғой. Бірақ жұмыс тәртібі басқа түсінемін, өзім қаншама жыл баспасөзде жұмыс істедім, сен маған ренжімей жүр. Мені Әсет Бейсеуов туралы «Жарқын бейне» бағдарламасына Айнұр деген қыз шақырып еді, соған келдім, – деді.
Апаймен бірге аяңдап студияға дейін келдік. Мені апайдың ешнәрсені ұмытпайтыны таңғалдырды.
Бұл – Фариза апайды соңғы көргенім болатын.
Фариза апаймен үш кездесуде өлеңдерін бала кезімнен жаттап жүретін ақынымды толық таныдым деп айта алмаймын. Бірақ оның күндей нұрын төккен шуақты сәттерін, туған анаңдай мейірленген шексіз мейірімін, қатал да бола алатын қайратты күш-жігерін, кішірейе де білетін кісілік қасиетіне тәнті болдым. Өмір осындай адамдарымен құнды, осындай ақынымен аяулы!
Жаңылхан МӘМЕЖАНҚЫЗЫ