«Музейлер шеруі» – Абай шаңырағында
«Музейлер шеруі» –  Абай шаңырағында

Мәдениет және спорт министрлігінің жалпы­рес­пуб­ликалық «Музейлер шеруі» акциясы аясында ұлы­лардың ізі қалған кие­лі Семейдегі қасиетті қара шаңырақ Абайдың «Жи­де­бай-Бөрілі» мем­ле­кеттік қорық-музейінде «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» та­қырыбында «Музей түні» өтті.

Музейге келуші қонақтар Шәкәрім атындағы Семей мем­ле­кеттік университеті сту­дент­терінің және қаламыздағы бала­лар мен жасөспірімдер сарайы­ның «Отражение» шығар­машылық студиясындағы жас суретшілердің сурет көрмесін тамашалады. Бұл көрмеге алпыстан астам өнер туындылары қойылған. Әртүрлі тақырыптарды арқау еткен шығармаларда жастардың жаңаша бағыттағы ізденістері мен айқын қолтаңбалары көрініс тапқан.

Музей түні шарасының салта­натты ашылу рәсіміне қазақ халқының көрнекті тұлғалары жазушы Сәуле Досжан, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, мем­лекеттік сыйлықтың иеге­рі, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу инс­­ти­туты директорының орын­ба­сары Суат Бейлур, Семей қаласының тұрғындары мен қала меймандары, мәдениет және өнер мекемелерінің қызметкерлері, жас ақындар мен өнерпаздар, студенттер мен оқушылар қатысты.

Сонымен қатар республи­ка­лық «Музейлер шеруі» акциясы ая­сында Семей қаласындағы жас суретшілердің «Сурет бо­лып құйылған әлем» атты көр­­месі де ұйымдастырылды. За­ма­науи балмұздақтың авто­ры, жас кәсіпкер Айдын Серік­қа­зин музей қонақтарымен еркін сұхбаттасып, жастарға өз кәсіп­тері­мен айналысуға кеңес берді.

«Музей түні» шарасы аясында музей қонақтарына арналған абайтану мен Абай музейінің залдары бойынша танымдық ойын өткізілді. Ойынға қаты­сушылар «Қырандар» және «Ұландар» тобы болып бөлініп, Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайында білімдерін көпшілік алдында көрсетті. Ойынға қызығушылық танытқан жастар мен мектеп оқушылары берілген арнайы тапсырмаларға жауап беріп, музей ұжымы әзірлеген бағалы сыйлықтарға ие болды. Шараның салтанатты ашылу рәсімінде Абай шаңырағы атынан ұлттық құндылығымызды насихаттап жүрген жандарға құрмет көрсеті­ліп, алғысхат табысталды.

Семей тұрғындары мен қала қонақтары түн ортасы ауған­ша Абай шаңырағындағы жалпы­рес­публикалық «Музейлер шеруі» акциясы аясында «Музей түнін» тамашалап, хакімнің ұлағатын, ұлы ақынның тағылымын сезі­ніп, Абай әлеміне сапар шегіп тарқасты.

 

Қуат ҚИЫҚБАЙ,
Абай музейінің аға ғылыми қызметкері