Мәдениет және спорт министрлігінің жалпыреспубликалық «Музейлер шеруі» акциясы аясында ұлылардың ізі қалған киелі Семейдегі қасиетті қара шаңырақ Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» тақырыбында «Музей түні» өтті.
Музейге келуші қонақтар Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті студенттерінің және қаламыздағы балалар мен жасөспірімдер сарайының «Отражение» шығармашылық студиясындағы жас суретшілердің сурет көрмесін тамашалады. Бұл көрмеге алпыстан астам өнер туындылары қойылған. Әртүрлі тақырыптарды арқау еткен шығармаларда жастардың жаңаша бағыттағы ізденістері мен айқын қолтаңбалары көрініс тапқан.
Музей түні шарасының салтанатты ашылу рәсіміне қазақ халқының көрнекті тұлғалары жазушы Сәуле Досжан, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Суат Бейлур, Семей қаласының тұрғындары мен қала меймандары, мәдениет және өнер мекемелерінің қызметкерлері, жас ақындар мен өнерпаздар, студенттер мен оқушылар қатысты.
Сонымен қатар республикалық «Музейлер шеруі» акциясы аясында Семей қаласындағы жас суретшілердің «Сурет болып құйылған әлем» атты көрмесі де ұйымдастырылды. Заманауи балмұздақтың авторы, жас кәсіпкер Айдын Серікқазин музей қонақтарымен еркін сұхбаттасып, жастарға өз кәсіптерімен айналысуға кеңес берді.
«Музей түні» шарасы аясында музей қонақтарына арналған абайтану мен Абай музейінің залдары бойынша танымдық ойын өткізілді. Ойынға қатысушылар «Қырандар» және «Ұландар» тобы болып бөлініп, Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайында білімдерін көпшілік алдында көрсетті. Ойынға қызығушылық танытқан жастар мен мектеп оқушылары берілген арнайы тапсырмаларға жауап беріп, музей ұжымы әзірлеген бағалы сыйлықтарға ие болды. Шараның салтанатты ашылу рәсімінде Абай шаңырағы атынан ұлттық құндылығымызды насихаттап жүрген жандарға құрмет көрсетіліп, алғысхат табысталды.
Семей тұрғындары мен қала қонақтары түн ортасы ауғанша Абай шаңырағындағы жалпыреспубликалық «Музейлер шеруі» акциясы аясында «Музей түнін» тамашалап, хакімнің ұлағатын, ұлы ақынның тағылымын сезініп, Абай әлеміне сапар шегіп тарқасты.
Қуат ҚИЫҚБАЙ,
Абай музейінің аға ғылыми қызметкері