Шкарупаның мүлкі тәркіленбейді
Шкарупаның мүлкі тәркіленбейді
103
оқылды

Қарағанды қаласы Қазы­бек би аудандық сотында прокурорлар бұрынғы Энер­гетика вице-министрі Ана­то­лий Шкарупаны 10 жылға бас бостандығынан айыруды та­лап етті.

Прокурор Медеу Жақанов ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы «Аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету» бойынша Ана­толий Шкарупаны 10 жыл бас бос­тандығынан айыруды, мүлкін тәр­кілеусіз, ең жоғары қауіпсіз­діктегі ҚАЖК мекемесінде жазасын өтеуге кесуді, мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеуге тыйым салуды сұрады. Анатолий Шкарупа 2018 жыл­­дың қазан айында Қазақстан Энер­гетика вице-министрі болып та­­­­ғайын­далған. Оған дейін А.Шка­­рупа бір жарым жылға жуық Қара­ғанды облысы әкімінің энергетика және ТКШ мәселелері жөніндегі орынбасары болды. Оның алдында 2015-2017 жылдары Саран қаласы әкімі қызметін атқарды. Анатолий Шкарупа министрдің орынбасары орындығында бар бол­ғаны бір айдан астам ғана уақыт отырды. Содан бері – қылмыстық іс кейіпкері. Оның айыпталушыға айналғанын бұрынғы Бас прокурор Қайрат Қожамжаров Қауіпсіздік кеңесінде мәлімдеген болатын. «Жақында тағайындалған Энер­гетика вице-министрі Анатолий Шкарупаға Саран қаласының бұ­рынғы әкіміне заң тарапынан елеулі шағымдар бар. Ол 2015 жылы Саран қаласында орталық жылыту жүйесі жоқ үйлерге есептегіш орнатуға бө­лінген 215 миллион теңгені жым­қыруға қатысты. Есептегіштер жай бос қабырғаларға орнатылған», – деп мәлімдеді Қайрат Қожамжаров. Мәлімдемеден екі апта өткен соң, 2018 жылдың 19 қарашасында вице-министр қамауға алынып, қызметінен кетті. Вице-министр тұт­­­қындалғаннан бес күн өткен соң «ТКШ дамыту қоры» компа­ния­сының бұрынғы басқарма төрағасы Қайсар Байдалы мен ENERCO компаниясының директоры Ерлан Набиев те қамалды. Прокурорлар оларды сегіз жылға бас бостан­дығынан айыруды сұрап отыр. А.Шкарупа 2018 қарашасында қамауға алынды, бір жылға созылған тергеуден кейін 2019 жылдың қа­раша айында сот басталды. Бір жа­рым жылдан кейін сотталу­шыларды 2020 жылдың маусымында үйқа­маққа ауыстырды. Анатолий Шка­рупа мен Қайсар Байдалы елорда­дағы пәтерлерінде – үйқа­мақта. Оларға үйлерінен шығуға, телефон арқылы сөйлесуге, қыл­мыстық іске қатысы бар адамдармен кездесуіне, республикадан тыс жерлерге шы­ғуға және т.б. тыйым салынған. Тергеу нұсқасына сәйкес, 2015 жылы Саран қаласының әкімі ке­­зінде Анатолий Шкарупа орталық қазандығы жоқ көпқабатты үйлерге жылу есептегіш орнату үшін бөлін­ген қаржыны заңсыз аударған. Ол қаржы лизингі шартын заңсыз жа­сасуға, сондай-ақ монтаждау, сер­вистік қызмет көрсету мен тексеруді орындамай-ақ аспаптарды қабыл­дау-беру актілеріне қол қоюға ық­пал еткен. Қайсар Байдалыға «Са­раньтеплосервис» жұмыс істе­мейтін кәсіпорнын заңсыз қар­жылан­ды­­­рып, монтаждау, жөндеу және пай­далануға беру бойынша қыз­меттерге ақы төлеуді, сондай-ақ ENERCO компаниясымен лизинг шартын жа­сасуды ұйымдастырған деген айып тағылып отыр. Сонымен қа­­тар тергеу қызметтердің құнын асы­­ра көтерген деп санайды. «ТКШ жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» мемле­кеттік кәсіпорны — «ТКШ дамыту қо­­ры» компаниясының жалғыз ак­ционері әрі жәбірленуші тарап бо­­­­­­­лып та­нылды. Үш сотталушыға Қа­­­­­зақ­­стан­дық тұрғын үй-комму­нал­­­­­­дық шаруа­шылықты жаңғырту және дамыту орталығы келтірілген залал­­­ды өндіріп алу туралы азамат­тық талап қойды. Алдымен талап қою сомасы 241 мил­лион теңге болды, кейін талапкер оны 381 мил­лион 175 мың теңгеге дейін ұлғайтты және соттан сотта­лушы­лардың жыл­­жы­малы және жыл­жымайтын мүлкіне тыйым салуды сұрады. Был­­­­тыр мү­лікке тыйым салу туралы өті­­­­­ніш қа­­­­­на­ғат­тан­дырылған бо­латын. 2012 жылы Саран қаласында орталық жылу қазандығын салуға 4 млрд 977 млн теңгеге шарт жаса­лады. Жоспар бойынша 2015 жылы барлық құрылыс жұмыстары аяқ­талуы керек болатын. Алайда пав­лодарлық мердігер жылу қазандығы құрылысын уақытында аяқтамайды. Алаяқтық жасаған кәсіпкер бес жылға бас бостандығынан айы­рылады, оған жол берген мемле­кеттік қызметкерлер шартты мер­зімге сотталды. Қазандық салынбаса да 2015 жылы «Сараньтеплосервис», «ТКШ жаңғырту мен дамытудың қазақ­стандық орталығы» және Energo же­ке фирмасы жылу энергиясы есептегіштерін сатып алуға қар­жылық лизинг шартын жасасады. Жеткізуші Саранға 274 есептеу құралын әкеледі, олардың бір бөлігі орнатылады. Айыптау деректері бойынша, Қ.Байдалының төрағалығымен қор Е.Набиевтің ENERCO компа­ниясының «Сараньтеплосервис» әрекетсіз кәсіпорнының шотына жылу энергиясын есептеу үшін 215 миллион теңгеден астам қаражат аударған. Айыптаушылар оның 104 миллионнан астам теңгесі ұрланған деп есептеп отыр. Прокурорлардың дәйегінше, аталмыш үштік қазандықтың мер­зімінде тапсырылмайтынын білген, алайда есептеу құралдарын жылуы жоқ үйлерге орнатуға шешім қа­былдаған. Бүгінгі таңда бұрынғы энер­гетика вице-министрі Анатолий Шкарупаның, «ТКШ дамыту қоры» компаниясы басқармасының бұ­рын­ғы төрағасы Қайсар Байда­лының және ENERCO компа­­ния­сының директоры Ерлан Набиевтің үстінен ұзаққа созылған сот процесі аяқталуға жақын. 2021 жылдың 18 қаңтарында осы іс бойынша жа­рыссөз басталды, прокурорлар Ана­толий Шкарупаны кінәлі деп та­нуды және орташа қауіпсіз ҚАЖ мекемесінде жазасын өтеумен 10 жылға бас бостандығынан айыруды және өмір бойы мемлекеттік ор­­­­гандарда жұмыс істеу құқығынан айыруды талап етіп отыр. Бір қы­зығы, прокурорлар шенеуніктің мүлкін тәркілемеуді сұрады. «189-баптың 4-бөлігінің 2-тар­мағы «аса ірі мөлшерде алдын ала сөз байласу арқылы сеніп тапсы­рылған бөтеннің мүлкін иемдену және ысырап ету» бойынша сотта­лушылардың кінәсі толық дәлел­денді. Мен соттан Анатолий Шка­рупаны осы бап бойынша кінәлі деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. Сондай-ақ Қай­­сар Байдалы мен Ерлан Нә­биев­­ті кінәлі деп танып, 8 жылға бас бос­­­тандығынан айырып, мүлкін тәркі­­леусіз, орташа қауіп­сіздік ме­кеме­­­сінде жазасын өтеуге үкім шы­ғарыл­сын», – деп хабарлады про­курор. Жарыссөз жалғасуда. Іс 115 том­нан тұрады. Сотталушылар сотқа онлайн қатысып жатыр. Іс мате­риал­дарымен танысудың өзі алты айға созылған болатын.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы