Қазақстанның Финляндия Республикасындағы елшілігі және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ ұйымдастыруымен Хельсинки қаласында режиссёр Джефф Веспаның «Әміре» көркем фильмі көрсетілді.
Кинотуынды қазақтың тұңғыш драмалық тенор дауысты біртуар әншісі Әміре Қашаубаевтың (1888-1934 жж.) қамшының сабындай ғана қысқа да жарқын ғұмырын баяндайды. 1925 жылы Парижде өткен Exposition Internationale des Arts Décoratifs et Industriels Modernes шеңберінде өткен бүкіләлемдік музыкалық байқауда Еуропа көрерменіне қазақтың дәстүрлі әншілік өнері мен қара домбырасын паш еткен 36 жастағы әнші КСРО делегациясы арасынан топ жарып, екінші орынды және күміс медаль иеленді. Фильм сондай-ақ дарынды әнші Әміре Қашаубаевтың джаз орындаушысы Джордж Гершвинмен достығы туралы сыр шертеді.
Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген, Әміре Қашаубаев туралы биографиялық кинотуындының көрсетілімінде сөйлеген Қазақстанның Финляндия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Жанна Сартбаева: «Бұл фильм дүниежүзі бойынша адамдарды байланыстыратын адамзаттың әмбебап тіліне айналған музыка өнерінің феномені туралы» деді.
Айта кетсек, ұлттық нақышта ұйымдастырылған кеш барысында AALTO университетінің студенті И.Мизамбек домбырамен қазақтың тамаша күйлерін орындап берді. Сонымен қатар кеш қонақтары ұлттық киіммен суретке түсіп, ұлттық тағамнан ауыз тиді.