Өткен жылдың өлшемінде өзекті өртейтін өкініш те, қабырғаны қайыстырған қасірет те аз болмады. Десе де, мемлекет межелі міндетті орындап, діттеген көрсеткішке қол жеткізуге барын салды. Дегенмен есепті кезеңде ел есінде қалған елеулі істерімен қатар, шалыс басқан тұсымыз да баршылық.
Өткен аптада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев орынбасарлары мен басқарма басшыларының, аудан әкімдерінің басын қосып, тындырылған тірлік пен түйінді түйткілдерді тарқатты. Жалпы, өңірдегі экономикалық өсім 2,2 пайыз болған. 19 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен 4,9 пайызға төмендеген. Инфляция да төмен өсімді көрсеткен. Аймақ басшысының айтуынша, биыл өткен жылдарға қарағанда оңайға соқпауы мүмкін екен. Сондықтан арқаны кеңге салмай, қалыпты қарқынды ұстап қалу маңызды.Қазына қаржысы толық игерілмеді
Келелі кеңесте алғашқылардың бірі болып облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев баяндама жасап, өзіне қарасты салалардың сүзбесін сүзді. Оның сөзіне сүйенсек, өнеркәсіп, сауда, көлік, инвестиция, құрылыс және тұрғын үй салаларында оң динамика қалыптасыпты. 77,4 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, 531 мың жамбылдық жалпы сомасы 48,4 миллиард теңгені құрайтын әлеуметтік көмекке қол жеткізген. Өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 23,2 пайызды діттегенімен, аймақты дамыту бағдарламасының төрт индикаторына қол жеткізілмеген. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы, өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестициялар, ана өлімі және көше қылмысы деңгейі көңіл көншітпеген. Сондай-ақ Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Шу аудандары мен Тараз қаласында Денсаулық сақтау, Жастар саясаты мәселелері және Дін істері басқармалары бойынша қаражат толық игерілмеген. Одан бөлек, облыс аумағында жұмыс істейтін кәсіпорындардың жергілікті салық базасында тіркелген-тіркелмегеніне талдау жүргізу маңызды мәселе болып тұр. – Салық базасын кеңейту мен электр энергиясының тарифтерін төмендету қажет. Әлеуметтік нысандарды салмас бұрын елді мекеннің болашағына зерделеу жүргізген дұрыс, – деді Бердібек Сапарбаев баяндамашыны мұқият тыңдап.Бір мердігер 90 жоба жеңіп алса, құрылыс қалай мерзімінде бітеді?
Келесі кезекте сөз алған облыс әкімінің тағы бір орынбасары Ұлан Жазылбек құрылыс саласы бойынша көрсеткіш 128,2 пайыз болғанын жеткізді. 38 көппәтерлі тұрғын үй тапсырылған десек, жалпы облыс бойынша барлығы 160 нысан толық пайдалануға берілген. Десе де, кемшіліктер жоқ емес. Мәселен, құрылысқа жауапты мердігерлердің жұмыс кестесін бұзуы, жобалаушылардың жұмысының әлсіздігі биліктің бас ауруына айналып отыр. Тіпті, кейбір компаниялар 80-90 жобадан алып-алып, нысанды мерзімінде өткізбей, құрылысты сағызша созып жүр. Тағы бір мәселе – сумен жабдықтаудың төрт нысаны бойынша әлі күнге дейін мемлекеттік қабылдау актісі жоқ. 38 нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттар дайындау барысы кешіктірілуде. Бұған дейін газ саласында 21 нысан салынса, тағы 10-ы осы жылы аяқталмақ. Алайда 2012-2019 жылдары салынған нысандарды «ҚазТрансГазАймақ» АҚ теңгеріміне өткізу мәселесі тиісті шешімін таппай отыр. – Халыққа шағын ауылдарға су және газ құбырларын жүргізу қисынсыз екенін түсіндіру керек. Ұңғымаларды, мобайл жабдықтарды пайдалану қажет. Сондай-ақ әлеуметтік нысандарды газ отынына ауыстыру мәселесі де шешуді талап етеді. Мәселені біртіндеп шешу керек, өйткені бюджеттің мүмкіндігі бәріне бірдей жете бермейді. Облыста созылмалы құрылыстар әлі де көп. Тараз әуежайынан рейстерді арттыру үшін әуетасымалдаушылармен, Азаматтық авиация комитетімен тығыз жұмыс істеу керек. Қазір бірде-бір халықаралық рейс жоқ. Неліктен жамбылдықтар Шымкент арқылы ұшуға мәжбүр? – деді Бердібек Сапарбаев.Қайырымды істе көзбояушылық жасаудың қажеті жоқ
Денсаулық сақтау саласы туралы баяндаған облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев дәрігерлер көрсететін қызметтердің сапасына қатысты шағымдардың артқанын атап өтті. Сондай-ақ жамбылдық түлектер арасында ҰБТ нәтижелері де ойдағыдай емес. Ал әлеуметтік сауалнама қорытындысы бойынша Тараз қаласының, Жуалы мен Меркі аудандарының әкімдері төмен бағаға ие болған. – Қоғамдағы көңіл күйді, адамдардың көзқарасы мен қажеттіліктерін түсінуге негізделген әлеуметтік сауалнамалар тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Қайырымдылық шаралардан көзбояушылық жасаудың қажеті жоқ, бәрі шынайы ниетпен орындалуы тиіс. «Асарлатып үй салу» жобасы тек жеке отбасының тұрғын үй мәселесін ғана шешіп қоймай, жергілікті қоғамдастықтың бірігуіне, неғұрлым берік қарым-қатынас орнатуға ықпал етуі керек. Өткен жылы «Бейбітшілік пен келісім», «Үлгілі ауыл», «Көшпелі қоғамдық қабылдау», «Түлек.кз» және басқа да игі жобалар қолға алынды. Олар жалғасуы керек. Әкімдер әлеуметтік желілермен өзара іс-қимылды, қоғамдық пікір көшбасшыларымен жұмыс істеуді үйренуі қажет, – деп атап өтті аймақ басшысы.Берілген тапсырма неге орындалмайды?
Аймақтың асыраушы саласына жауапты облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашевтің сөзіне сүйенсек, ауыл шаруашылығы 5,3 пайызға өсіп, егістік алқап 735 мың гектарға жеткен. Облыстың азық-түлік брендтері ретінде ол пияз, бал, ірімшік және балықты атап өтті. Десек те, әр ауданнан кем дегенде тағы бір әлеуметтік павильоннан салынуы қажет. Естеріңізде болса, былтыр облыс әкімі Бердібек Сапарбаев желтоқсан айының соңына дейін аудандардан бір-бір әлеуметтік дүкен ашуды тапсырған болатын. Алайда оны барлық елді мекен бірдей орындаған жоқ. Тағы бір мәселе – екі жылдан бері әрбір ауылдық округтен ветеринарлық пункт ашу мәселесі шешілмей келеді. – Ең бастысы – жерді тиімді пайдалану, суармалы алқаптарды ұлғайту. Өткен жылы су аз болды, биыл одан да аз болуы мүмкін. Сондықтан егістіктерде су үнемдеу технологияларын, жаңбырлатып суғару қондырғыларын белсенді енгізіп, қайта өңдеуді дамыту қажет, – деді Бердібек Сапарбаев.P.S
Қазір еліміз басынан қиын экономикалық жағдайды өткеруде. Сондықтан жыл басынан жұдырықша жұмылып, болашақтың бағдарын айқындаған абзал. Әйтпесе, жүрісімізден жаңылып, көш соңында қалып қоярымыз анық. Оған қоса Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында алдағы уақытта ауыл әкімдерімен қоса, аудан әкімдерінің де сайлауы өтетінін айтты. Сондықтан әкімқараларға қызметіне «бардым-келдім» қарамай, қазірден жүйелі жұмыс жүргізгені абзал.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы