Өткен жылы коронавирус инфекциясы өршіп тұрғанда жедел шешім қабылданып, небәрі 18 күнде салынған Алматыдағы модульді жұқпалы аурулар ауруханасы төңірегінде жағымды-жағымсыз ақпараттар толастар емес.
Жағымды дейтініміз – санаулы күннің ішінде аурухана құрылысын аяқтап, оны қазіргі талапқа сай құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіп, дәрігерлердің вируспен күресуіне барынша жағдай жасауы болса, жағымсыз ақпарат қатарына аурухана құрылысы сапасына көңілі толмайтындардың пікірі мен осы құрылысқа бөлінген қаржының жымқырылуы жайындағы деректерге тоқталуға болады. Біраз күн бұрын BI Group холдингі құрылысын жүргізген модульді инфекциялық ауруханаға бөлінген 5,5 млрд теңгенің 3,9 млрд теңгесі ұрланғаны туралы ақпарат бұрқ ете қалды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашевтың ұсталғаны туралы ақпаратты растаған. Іле-шала қала әкімдігінің баспасөз қызметі мұндай ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. «Әлеуметтік желілерде және сайттарда жарияланған Жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашевтың ұсталғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Нұрашев жұмыс орнында отыр. Қала әкімдігі қажет ақпаратты және тергеуге дейінгі тексеріске қатысты түсінік беруге дайын» деген ақпарат таратты. Алматы әкімдігі шенеунікті ешкім ұстамағанын мәлімдегеннен кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері ҚазТАГ агенттігіне қайта қоңырау шалып, Нұрашевқа қатысты түсініктеме тұжырымын «біз сотқа дейінгі тергеудің тіркелгенін растаймыз» деп өзгертуді сұраған. Байқап отырғандай, Алматыдағы модульді аурухана құрылысын жүргізу барысында жемқорлық әрекеттер болғаны жайлы ақпарат әлі нақтыланған жоқ. Алматы прокуратурасының мәліметінше, биыл 16 қаңтарда Алматының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Іс Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы, яғни модульді жұқпалы аурулар ауруханасын салуға бөлінген аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру бойынша тергеліп жатыр. «Соталды тергеуді тіркеуге Алматы Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің (ІМАД) қорытындысы негіз болды. Ол 2020 жылдың 21 желтоқсанында жасалды. Қылмыстық іс бойынша адамдар күдікті деп танылмады және ұсталмады. Қазір тергеу органы жоспарланған тергеу әрекетін жүргізіп жатыр. Қорытындының тұжырымдары мен өзге де ақпарат жарияланбайды» делінген Алматы қаласы прокурорының орынбасары Сәкен Ермекбаевтың жауабында. Бұған дейін Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жұқпалы аурулар ауруханасына бөлінген ақшаны жымқырды деген күдікпен тергеу жүргізілетінін хабарлаған. Бірер күн бұрын департамент қызметкерлері жаңа аурухана салуға бөлінген ақшаны жымқыру ісі бойынша БАҚ-та резонанс жасамауды сұрады. «Тергеу барысында келтірілген нақты залалды анықтау үшін Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің актілері міндетті түрде тексеру жүргізу үшін тіркеледі. Соманы және ақша жымқырудың болған-болмағанын анықтау үшін тиісті сараптама тағайындалады. Көп жағдайда расталмайды. Істі тоқтатуы да мүмкін», – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аса маңызды істер бойынша тергеушісі Данияр Бегайдаров. Оның айтуынша, Алматы қаласындағы СOVID-19 орталығы үшін салынған модульді аурухана ісі Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне тіркелген. Бүгінде қылмыстық іс тергеліп жатыр. Ол тергеу барысында бәрі анықталатынын, сондай-ақ бұл жөнінде қосымша хабарлайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар тергеуші бұл ІМАД актісі бойынша тіркелген әдеттегі іс екеніне және ондай іс өте көп болатынына тоқталды.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ