Жоқ мектепті айтпағанда, бар мектептің мәселесі бас ауыртып тұр. Әсіресе, білім ошақтарындағы дәретхана жайы жайсыз оқиғалардың орын алуына әкеп соқтырды. Жақында ғана Жамбыл облысында болған атышулы оқиғадан кейін еліміздегі барлық мектептің мәселесі қаузала бастады. Нәтижесінде, 40 пайызға жуық білім ошағының дәретханалары ғимарат сыртында орналасқаны белгілі болып отыр.
Елімізде 7 014 мектеп бар. Оның 2 514-інің дәретханасы ғимарат сыртында орналасқан. Мұндай мектептер қалада – 157 болса, ауылдық жерлерде – 2 357. Аймақтар бойынша Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облысындағы мектептердің дәретханасы сыртта орналасқан.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетовтің айтуынша, дәретханасы сыртта орналасқан мектептердің мәселесі шешімін табады.
«Мектептердің сыртында орналасқан дәретханалардың бәрін жою міндеті тұр. Қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді. Бейнебақылау камералары бойынша да – жалпы қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Үкімет тапсырма берді. Бұл жұмысты аяқтаймыз», – деді министр.
Дәретхананы мектептің ішіне көшіру үшін жаңадан жобалық-сметалық жоспар жасау керек. Министрдің айтуынша, әр мектепке кететін қаржы көлемі әр аймақта әртүрлі. Қазіргі уақытта кететін шығындар есептеліп жатыр.
– Қаражат көлемі әр аймақта әртүрлі. Себебі смета бағасын әзірлеу керек. Жұмыс топтары қазір тиісті жұмысты қолға алып, бұл бағытта қанша қаражаттың керегін есептеп жатыр. Кейбір мектепке қосымша су скважинасы, енді біреуіне кәріз құбырын тарту қажет. Бұл – кешенді мәселе. Қанша мектепке қажетті жұмыс жасалатыны белгілі. 2 300 мектепке жөндеу жүргізу керек. Қазір іске кірісіп кеттік, – деді министр.
Мектептегі дәретхананы жөндеу, ғимарат сыртында орналасқанын ішке көшіру мәселесі жуырда Таразда 12 жастағы оқушы қызды 38 жастағы күдіктінің зорлауына мектептің сырттағы дәретханасы себеп болды. Мәселені шешу қолға алынды.
Осы оқиғадан соң Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов мектеп ауласындағы дәретханалар проблемасын көтерді. Оның айтуынша, Жамбыл облысындағы 442 мектептің 260-сында дәретхана далада орналасқан.
Аймақ басшысы мектептердегі дәретханаға қатысты мәселені шешу оқиға болмай тұрып басталғанын да айтқан. «Мектептердің сыртында орналасқан дәретханалар мәселесін қарастыра келе, 108 мектепке дәретхананы ішке орналастыруға болатындығы анықталды. Дәретхананы мектеп ішіне кіргізуде кәріз, су жеткізу мәселесімен қатар коммуникация мәселесі бар. Жоспар бойынша келесі жылдан бастап мектеп дәретханаларын ішке орналастыру мүмкіндігін қарастырамыз», — деді Асқар Мырзахметов.
Тараздағы оқиғадан кейін Nur Otan партиясы білім саласына жауаптыларды жазалауды талап етті. Білім саласына жауаптылар қызметімен қош айтысқанымен, онымен мәселе шешімін таба қойған жоқ. Өйткені мектеп ауласындағы дәретханаларды жою мәселесі бұл оқиға орын алмай тұрып-ақ көтерілген. Бірақ одан нәтиже шықпай келген.
Nur Otan партиясының балаларды қорғау кеңесі төрағасының орынбасары Динара Закиева: «Біздің көзімізше бірнеше мектептің ауласындағы дәретханаларды бұзып, қалған білім ошақтарында да жұмыс жалғасын табады деп есеп берген еді. Бірақ бұл тек көзбояушылық болып шықты. Біз орындаушыларды емес, білім басқармасының басшылығын жауапқа тарту мәселесін көтереміз», – деді.
Алматы қаласындағы 4 мектепте ғана сыртта орналасқан болса, Нұр-Сұлтанда бұл мәселе толық шешімін тапқан. Яғни, бірде-бір мектепте дәретхана мәселесі жоқ. Партия мектеп сыртындағы дәретханаларды толық жою мәселесін биыл маусым айында көтерген. Сол уақытта Nur Otan партиясы облыстық және қалалық әкімдіктермен бірлесіп, «Жол картасын» қабылдаған еді. Ал Динара Закиеваның «Жол картасына біз биыл маусым айында қол қойдық. Біз ауладағы дәретханаларды жою және ішке орналастыруды бөлек пунктпен нақты көрсеттік. 2021 жылға дейін ел бойынша барлық әкімдіктер мұны жасауы тиіс» деген ұсынысын іске асыру үшін құжат, жоба жасаумен уақыт өтіп жатыр.
Тексеруші органдар мұны алдын ала ескерткенмен, жұмыс істелмеген соң, соңы осындай оқиғаға келіп тірелді. Одан кейін ойбайла не, байбалам салып басыңды тасқа ұр не, бәрібір. Қолды кеш сермегеннен артық абыройсыздық жоқ екені тағы белгілі. Ал біз маусымдағы ұсынысты ұқпай, мәселені ушықтырған қотыр қоғамда отырмыз... Әйтпесе, балаларды далаға қумай, іште тұрған дәретханаға рұқсат етуге қандай логика керек?
Майра БАҚЫТ