Көлеңкедегі кәсіпке жарық түсер күн қашан?
Көлеңкедегі кәсіпке  жарық түсер күн қашан?
105
оқылды

Ел бюджеті триллиондаған теңгеден қағылуда. Мұның бәрі көлеңкелі экономи­каның кесірі. Яғни, кәсіпкердің табысын жасырып, салықтан жалтаруынан үлкен қаражат бюджетті айналып өтуде.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекет тарапынан қа­был­данған шараларға қарамастан, көлеңкелі экономика мәселесі шешімін таппай отыр. Жалған фирмалар ашып, ақша жымқырудың сан түрлі тәсілдері жойылар емес. Шын мәнінде, бұған қарсы тиімді күресе алмай келеміз. Құзырлы органдар көбіне тиісті шараларды дер кезінде қолданбай отыр. Соның салдарынан кінәсіз кәсіпкерлер де зардап шегеді. Ал нағыз ұйымдастырушылар жауапкершіліктен құтылып кетеді. Сондық­тан заңсыз айналымға қарсы күрес шарала­рын күшейтіп қана қоймай, бұл істе тың серпіліс жасау керек» деген болатын.

Қазақстанда жаппай кәсібін көлеңке­ге тық­қан уақыт Кеңес Одағы ыдыраған 1990 жыл­дары белең ала бастады. Жұ­мыс­сыздық, ақша тапшылығы осыған апарды. Шетелге кетіп немесе келіп жатқан өнімдерге қадағалау болмаған заман болды. Осы дүр­белең кезеңде біреулер байып жатса, біреулер омақаса құлады. Үкіметте елге келген шетел тауарлары ағысын қадағалауға қауқар болмай қалды. Әсіресе, Қытайдан ағылған тауарға шектеу болмай, дүкен мен базар осы аспан асты елінің арзан киім-кешек, алкоголь өнім­дері, азық-түлікпен толып қалды. Сонымен бірге құрылыс тауарлары да жасырын түрде еліміздің сауда орындарын толтырды. Жабайы сауда басталды. Дегенмен бұл ұзаққа бармай елімізде көлеңкелі экономикаға қарсы «соғыс» басталды. Нәтиже бар. Бірақ әлі күнге дейін салықтан жалтарып, өз табысын жасырып, болмаса заңсыз жұмыс атқарып жатқан кәсіпкерлер жеткілікті.

 

Алкоголь өнімі

Әлемде алкоголь өнімдерін заңсыз сау­далау алғашқы орынның бірін алатыны даусыз. Қазақстандықтар өткен жылдарға қарағанда ішімдікті пайдалануды азайтқан. Ресми мәліметтерге қарағанда, биылғы 6 айда оның сатылымы бірден 22%-ға қысқар­ғанымен, алкоголь өнімдерінің 40 пайызы заңсыз жолмен әкелінеді екен. Жақында Мемлекеттік шекара бойындағы «Жаңа жол» автомобиль өткізу бекетін бақылау кезінде Солтүстік Қазақстан облысының Мемле­кеттік кірістер департаменті мамандары төрт литрлік пластик құтыларға құйылған Ресей­ден әкелінген алкоголь өнімдері тәркіленді. 400 литр алкогольді ішімдік ел аумағына заңсыз жеткізілген. Дегенмен бұл бір ғана оқиға. Ұсталмағаны қанша? Күнделікті жан-жақтан ағылып жатқан заңсыз арақ-шарап өнімдері тек экономикаға емес, адам ден­саулығына да зиянын тигізуде.

 

Тізімге кәсібін жасырып, мемлекетті алдаушылардың қатарына пәтер­лерін жалға берушілерді де қосуға болады. Олар өздерін кәсіпкерміз деп ойламауы мүмкін. Де­генмен заң бойынша олар да салық төлеуі тиіс. Мы­салы, Атырау қаласында 600 пә­тер иесі баспаналарын жасырын жалға бе­ріп, салық­тан жалтарып келген. Жал­­дана­тын пәтер құны орналасуына қарай 20 мың­­нан 300 мың теңгеге дейін барады.


Ойын бизнесі

Сонымен бірге заңды белшесінен басқан «ойын бизнесіндегі» кәсіпкерлердің де та­бысы қыруар болғанымен, Үкіметтен ж­а­сырары көп. 2018 жылдың мамыр-тамыз ай­ларында еліміздің 17 қаласында ойын бизнесіне ұйытқы болған 4 трансұлттық ұйымдасқан топ ұсталған болатын. Олар заңсыз әрекет ету арқылы 12 млрд теңгеден астам табыс тапқан. Жақында Only bet ЖШС мен Alpha bet ЖШС лицензияларын 6 ай мерзімге күшін жою үкімі шығарылды. Кеңсе өз жұмысын 2007 жылы 15 мамырда бастап, букмекерлік қызмет жүргізуге 10 жылға лицензия алған. Ал осы лицензия уақыты 2 жылдан астам уақыт бұрын өтсе де жұмысын алаңсыз істеп келгені кімге болса да күмән тудырса керек. Оған қоса, Finbet букмекерлік компаниясының да жұмысын тоқтатты. Аталған ұйым Қазақстан аумағында ойын бизнесімен заңсыз айналысқан. Құмар ойындарға бәс тігу Алматы қаласы, Шымкент қаласы, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыс­тау, Павлодар облыстарындағы 43 нүктесінде жасалған. Яғни, бұл бәс қабылдаушылар Қа­зақ­станда заңсыз жұмыс істеп келген. Букмекерлік компанияның жылдық заңсыз табысы 3 миллиард теңгеге жеткен. Табысты жасырып, бірнеше жыл заңсыз жұмыс істеген «ойыншылар» елімізде тайраңдап жүргеніне таңымыз бар!

 

Кедендегі келеңсіздік

Кедендегі келеңсіздіктің кесірі де ел ау­мағына заңсыз тауарды өткізуге рұқсат беру­де. Ал осындай бір ғана операциядан бюд­жетке миллиондаған теңге түспей, сырт ке­теді. Ал қолға түскендеріне көшсек, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облы­сындағы «Жаңа жол», «Қызылжар», «Бид­а­йық», «Қарақоға» автомобиль өткізу бекетін­де бірнеше рет тыйым салынған тауарды шекарадан өткізу әрекетінің жолы кесілген. Мәселен, 390,7 тонна қара және түсті металл сынықтарын, 19,9 мың тонна макулатураны, 21 мың тонна ірі малдың терісін, 3,7 мың литр мұнай өнімдерін шекарадан заңсыз өткізуге кеденшілердің қырағылығы арқасында жол берілмеген. Сонымен бірге «көлеңкелі экономиканың» негізгі үлесін Қытай та­уар­лары құрайды, яғни үшінші елден әкелінетін тауарлар түсімінің 30 пайызы Қытай тауарына тиесілі. Айта кетсек, жыл басында тасымал­даушылар тауарын көрсетілген нысанда декларацияламаған. Осылайша, ірі көлемде гаджеттер мен олардың қосалқы бұйымдарын елге әкелу фактісін жасырған. Тауар Rapiscan сканері арқылы тексеру барысында анық­талды. «Қорғас» ШЫХО кеден бекетінде ке­ден бекетінің қызметкерлері ҚХР-дан Қа­зақ­станға заңсыз тауар әкелмек болғандарды ұстады және тәркіледі. Ұсталған тауарлар ішінде 103 келі темекі өнімі, жалпы салмағы 16 келі 148 дана түрлі модельдер мен маркалы ұялы телефондар, USB жинақтағыш, 199 дана GSM модульді микросхемалар, 42 дана бейнетіркегіштер, 112,5 келі қытай дәрі-дәрмектері бар. Ал мұндай жағдай екі күннің бірінде тіркелуде. Мұның бәрі миллиондаған теңге тұратынын ескерсек, кеденге бекем болғанымыз дұрыс-ау, дейсің!


Сонымен қатар тізімге кәсібін жасырып, мемлекетті алдаушылардың қатарына пәтер­лерін жалға берушілерді де қосуға болады. Олар өздерін кәсіпкерміз деп ойламауы мүмкін. Дегенмен заң бойынша олар да салық төлеуі тиіс. Мысалы, Атырау қаласында 600 пәтер иесі баспанасын жасырын жалға беріп, салықтан жалтарып келген. Жалдана­тын пәтер құны орналасуына қарай 20 мың­нан 300 мың теңгеге дейін барады. Яғни, олар­дан түсетін миллиондаған қаржы кө­леңкеде қалып қойған. Бұл бір ғана қаладағы жағдай. Жалпы, Қазақстандағы қалаларды алсақ, миллиардтаған сома салықтан сырт айналып кетіп жатқанын бағамдаймыз.

Әрине, жоғарыда аталғаннан басқа да көлеңкедегі кәсіп түрлері жеткілікті. Бұл жерде біз ел экономикасына нұқсан келтіріп, мил­лиардтаған кірістен айырып отырған бизнес көздеріне тоқтала кеттік. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерек­теріне сәйкес, Қазақстанда 2019 жылы кө­леңкелі экономиканың үлесі 29,8%-ға артқан. Салыстырмалы түрде алсақ көлеңкелі эко­но­мика Австрияда – 8,2%, Люксембургте – 8,2%, Ирландияда – 12,8%, Данияда – 13,8% болса, Франция мен Ұлыбританияда 11 пайызды құрайды. Міне, бізге осы елдердің жүргізген саясатынан үлгі алып, 29,8%-дан 15-20 па­йызға түсіруге болар ма еді. Алдағы уақытта бұл заңсыз айналымға қарсы күрес шарала­рының күшейтілетіне сенім мол. Олай деуге негіз бар, өйткені Мемлекет басшы­сы­ның өзі бұл мә­селені қадағалауына алды. Біз де көлеңкедегі экономика жарыққа шығар деп сендік. Ол үшін кәсіпкер де адал болуы тиіс!


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ