АЭС-тің жыры біткен жоқ
АЭС-тің жыры біткен жоқ

Энергетика министрі қыз­метіне бір апта бұрын тағайын­далған Нұрлан Ноғаев Қа­зақстанда атом электр стан­сасын салу мәселесіне қатыс­ты пікір білдіріп үлгерді.

Үкімет отырысынан кейін жур­налистер Энергетика министрінен: «Атом электр стансасын салу мә­селесі күн тәртібінен түсті деп ай­туға бола ма?» деп сұрады.

«Жоқ, әзірге мәселе күн тәр­тібінен түсті деп айтуға болмайды. Бұған дейін қай сатыда тұрса, әлі сондай», – деді Ноғаев.

Шенеуніктің айтуынша, АЭС құрылысы жөнінде Энергетика министрлігінің бұрынғы позициясы өзгермеген.

«Әзірге мәселе қаралып жа­тыр. Энергетика министрлігінің ұстанымы мынадай: энергияның қосымша көздері бар кезде біз бұл мәселені тек қарастырамыз. Бүгінде республика энергиямен өз-өзін қамтамасыз етіп отыр, тіпті бір бөлігін сыртқа экспорт­тайды», – деді министр.


Ноғаев қазір елімізді электр қуатымен қамту жүйесін жетілдіру шаралары қолға алынып жатқа­нын жеткізді. Өз сөзіне дәлел ре­тінде Атырау облысында рес­пуб­ликалық маңызы бар, 310 мега­ват­тық Қарабатан электр стансасы пайдалануға берілгенін хабарлады.

Көзі қарақты оқырманның есін­де шығар, сәуір айында Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге сапары барысында Ресей прези­денті Владимир Путин Қазақ­стан­да атом электр стансасын салуды ұсынған. Бұл тақырып қоғамда қызу талқыланды. Экологтар оның орасан зардабын айтып дабыл қақты. Қалың жұрт­шылық атом энергиясына еш­қан­дай мұқтаждық жоқ екенін жет­кізді. Әлеуметтік желіде халықтың пікірі екіге жарылды. Алайда ба­сым көпшілігі Путиннің ұсы­нысына үзілді-кесілді қарсы шықты.

Нұрлан Ноғаевтың сөзінен не түюге болады? Біздің түсінгеніміз, баяғы жартас – сол жартас. АЭС-ті салу-салмау мәселесі қуат тап­шылығына байланысты шешіледі. Яғни, Қазақстанға электр энер­гиясы жетіспей жатса, министрлік халықтың пікіріне пысқырмауы да ғажап емес.

Дәтке қуат қыларымыз – Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың мә­лім­демесі ғана. Мемлекет бас­шы­сы кез келген жағдайда қа­зақстан­­дық­тардың пікірі ес­ке­рілуі тиіс еке­­нін айтқан. Лайым солай болғай!


Ерсайын БАҒДАТ