Алматы қалалық №2 клиникалық балалар ауруханасының хирургтары күрделі ота жасады,- деп хабарлайды Аlmaty.tv телеарнасы.
Қазақстанда тұңғыш рет дәрігерлер адамнан паразитті алып тастады. Ерекше науқас — жеті жасар қыздың диагнозы алдын ала белгісіз болған. Ата-анасының айтуынша, баланың туғаннан омыртқасы ауырып, дәрігерлер «омыртқа ісігі» деген диагноз қойған.
«Біз тілгеннен кейін бұл тератома екенін анықтадық. Дене бөліктерін көрдік. Яғни, ұрық болған», - дейді №2 қалалық клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Әлібек Жарасов.
Жылдар бойы ол қыздың денесінде өскен. Операция сәтті аяқталды. Өйткені мұндай жағдайлар сирек кездеседі.
Аурухана басшылығы келесі жылы хирургия бөлімін кеңейтіп, жаңа медициналық аппарат алуды жоспарлап отыр.
«Біз бұрын Алматыда жасалмаған оталарды жасау үшін операциялық макроскоп, нейрохирургиялық навигация алуды жоспарлап отырмыз», – деді №2 қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Марат Рабандияров.
Айта кетейік, биыл сәуір айында №2 қалалық ауруханада жаңа хирургиялық бөлім ашылды. Содан бері 150-ден аса күрделі операция жасалған. Ал қыздың омыртқасындағы паразитті алып тастау Қазақстан медицинасы үшін тың жаңалық болды.