Мақтааралда 86 мың шаршы метр баспана берілді
Мақтааралда 86 мың шаршы метр баспана берілді
115
оқылды

Мақтаарал ауданында өт­кен жылы құрылыс жұ­мыс­тарының жалпы көлемі 255 пайызға артып, 15,4 мил­­лиард теңге болған. Бір жыл­дың ішінде 86 мың шар­шы метр тұрғын үй ел игі­лі­гіне тапсырылды.

Ауданда 8 мектептің құры­лыс-монтаж жұмыстары жүр­гізілді. Атап айтқанда, облыстық бюджет есебінен жалпы кон­курс­тық құны 3 млрд теңгеге 5 мек­тептің құрылыс жұмыстары басталды. Жергілікті бюджет есебінен 906 млн теңгеге 2 мек­тептің құрылысы жүргізілуде. «Nur Otan» партиясының «Нұрлы жер» бағдарламасы ая­сында Мақтаарал ауданы аума­ғында көпбалалы, аз қамтылған 50 отбасыға 50 тұрғын үй сатып алуға былтыр республикалық бюджет есебінен 418 миллион теңге қаржы қаралып, толық игерілген. Алдағы уақытта атал­ған үйлер көпбалалы отбасы­ларға табысталмақ. Сонымен қатар аудан орта­лығы Мырзакент кентіндегі орталық кітапханада жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нысан­ның құрылысына 309 миллион теңге қаржы қарастырылды. Алдағы наурыз айында пайда­лануға берілетін орталық кітап­ханада 50 мыңнан аса кітап қоры сақталады. Онда арнайы зама­науи оқу залы мен оқу бөлмелері жұмыс істейді. Оқушылар үшін балалар кітапханасы да жеке қа­растырылған. Мәдени нысан­да түрлі ақын-жазушылардың, қаламгерлердің шығармашылық кешін өткізу мақсатында 200 орындық концерт залы ашы­лады. Аудан орталығында құры­лысы жүрген алып нысандардың бірі – Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионы. Екі мыңнан аса көрерменге арналған ны­санның құрылыс жұмыстарына 240 миллион теңге бөлінген. Ста­дион аумағында скейт вор­каут тренажер алаңы, кіші фут­бол алаңшалары және волейбол, баскетбол алаңшалары ашы­лады. Сондай-ақ Мырзакент кен­тінде Даңқ аллеясының құры­лыс жұмыстары жүргізілуде. С.Қожа­нов көшесі бойындағы мәң­гілік алау ескерткішін қайта құру үшін былтыр бюджеттен 137 миллион теңге қаржы қа­ралған. Айта кетейік, өткен жылы Мақтааралда болған төтенше жағдайдан кейін 8 әлеуметтік нысанның құрылысы басталған. Оның ішінде, Мырзакент кенті­нің жанынан бой көтерген жаңа шағынауданда 400-ге жуық тұрғын үй салынып, бір мектеп, бір балабақша, бір дәрігерлік ам­булатория мен полиция пун­к­тінің құрылысы жүргізіліп жа­тыр. Сонымен қатар Өргебас, Фирдоуси ауылдарындағы мек­тептер жөндеуден өтіп, дәрі­герлік амбулатория мен поли­ция­л­ық тірек пункттері салынып жатыр.

Әбілмансұр ЖАСАН