Шымкенттің бас сәулетшісі сотталды

Шымкенттің бас сәулетшісі сотталды

Білікті жемқорлар заңсыз ақша табу­дың өзгенің ойына келмес жолдарын та­бады. Шымкентте қаланың топо­гра­фия­лық картасын жасаудан-ақ жүздеген мил­­лион теңге ел қаржысы жымқырылған.

Шымқалада сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде ұрлауды ұйымдастырған тұл­­ғаларға қатысты сот үкімі шықты. Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің байламынша, еліміздің үшінші мегаполисінің архитектура басқармасының экс-басшысы бюджет қаржы­сын қазынадан қалтасына басудың жаңа әдісін табады. Ол қаланың топографиялық картасын жа­сату үшін тендер жариялайды. Тіпті, оны жасату кезінде елдің біраз ақшасы үнемделгенін көз қылып хабарлайды. Кейін анықталғандай, карта жарамсыз болып шыққан. Нәтижесінде, 2020 жылдың маусымында Шымкенттің сәулет­шісін жемқорлықпен күресушілер ұстап әкетті. «Бұл жерасты және жерүсті құрылыстарының толыққанды картасы болуы тиіс еді, мұндай карта мегаполисте құрылыс жүргізу үшін аса қажет. Оның тіпті стратегиялық маңызы бар. Сондықтан лайықты карта жасау орнына ол ақшаны ұрлаған. Бүгінде карта қолдануға жа­­рамсыз», – деді Шымкенттің Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Асхат Жұмағали. Антикоррупциялық қызмет дерегінше, Шым­кенттің Сәулет және қала құрылысы бас­қармасының басшысы «ИнвестСтройПроект ЛТД» ЖШС директорымен ымыраласу арқылы «Шымкент қаласының аумағындағы жерасты және жерүсті коммуникацияларының топогра­фиялық түсірілімі» деген тендер өткізіп, 498 мил­­лион теңгені ұрлаған. Бас архитектор құзы­ретін пайдаланып, қылмыстық жолмен табылған қаражатқа жер телімін сатып алып, ақшаны заңдастырады. Ол жер телімі басқа адамның аты­на жазылған. Сотта сотталушылардың айыбы толығымен расталды. Шымкенттің Әл-Фараби аудандық соты өз үкімімен барлық мүлкін тәркілей отырып, экс-шенеунікті 10 жылға бас бостандығынан айырды. Жер телімі мемлекеттің құзырына өтеді. Оның ымыраласы 8 жылға темір торға қамалады. Қос қылмыскерден мемлекетке келтірілген шығын сомасы өндірілді.

Елдос СЕНБАЙ