«Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің көмегіне жүгінген азаматтардың мәселелері оңтайлы шешімін табуда. Тұрғындар да қабылдаушыларға дән риза. Солардың бірі – отбасында мүгедек бала тәрбиелеп отырған Г. есімді азаматша. Ол осыдан біраз уақыт бұрын қабылдау бөлмесіне хабарласып, өтінішін жеткізген болатын. Әңгіме барысында өтініш иесі мүгедек қызының «Зейін Атырау» ерекше балаларды оңалту орталығында дәріс алатынын айтып, қоғамдық орындардағы бірқатар кемшілікті тізіп шықты.
Оның сөзінше, түрлі орталықтарға, емханаларға бару үшін арбаға таңылған жандар көп кедергіге тап болады екен. Яғни, оларға жағдай жасалмаған. Әсіресе, көпқабатты үйге кіріп-шығу мүмкіндігі қарастырылмаған, пандус салынбаған. Өтініш иесі осы мәселенің оңынан шешілуіне қоғамдық қабылдаудағылар ықпал ете ме деген үмітпен хабарласып отырғанын жеткізді. Жеке қабылдауда болған облыстық маслихаттың депутаты Әділ Жұбанов көп ұзамай өзі жетекшілік ететін «Батыс Альянс Строй» мекемесі арқылы құны 600 мың теңге болатын пандус құрылысын салдыртып берді. Өтініш иесі партия филиалына хабарласып, осындай қамқорлық жасап, мүгедек жандардың қажеттілігіне назар аударып, бар жұмысты үйлестіріп, пандус салып, өтінішін оңынан шешіп берген облыстық маслихаттың депутаты, фракция мүшесі Әділ Жұбановқа алғысын білдірді.Әбілмансұр ЖАСАН