Президент: триллиондарды импортқа жұмсауға қақымыз жоқ
Президент: триллиондарды импортқа жұмсауға қақымыз жоқ

Алдағы уақытта елімізде тағы бір агенттік құрылады, моно­по­лия­ны тәубесіне түсіретін жаңа заң қа­­былданады, жайылым жерлер қа­рапайым халыққа қолжетімді бо­ла­ды. Осы және өзге де жаңалықтар ке­ше Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаевтың қатысуымен өт­кен Үкіметтің кеңейтілген оты­ры­сында айтылды.

Жиынға Премьер-Министр, Мем­ле­кеттік хатшы, Президент Әкімшілігінің бас­­шысы, Үкімет мүшелері, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қа­­­лаларының әкімдері, орталық мем­ле­кет­тік органдар мен ұлттық компания бас­шылары қатысты.

Дағдарысқа қарсы шараларға 6,3 трлн тең­ге жұмсалды

Кеңейтілген отырыста Үкімет жетек­ші­сі Асқар Мамин өткен жылы атқа­рыл­ған жұмыстар туралы баяндады. Ол был­тыр пандемия салдарынан туындаған жаһандық экономикалық дағдарысқа қарсы қабылданған шаралар Қазақстан эко­номикасының төмендеуін 2,6 пайызға дейін шектеуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Тауарлар өндірісі 2 пайызға, құрылыс са­ласы – 11,2, ауыл шаруашылығы – 5,6, өң­деу өнеркәсібі 3,9 пайызға өскенін жет­кізді. 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй пай­далануға берілді. Өңдеу өнеркәсібі де өсім көрсетті. Бірақ ОПЕК+ келісімін орын­дауға байланысты тау-кен өндіру өнер­кәсібінің дамуы шектеулі болғанын атап өтті. Қызмет көрсету секторы 5,6 пайыз­ға төмендеді. Жылдық инфляция 7,5 пайыз болды. Жұмыссыздық 5 пайыз дең­гейінде сақталды. Бұл Жұмыспен қам­тудың жол картасын және дағдарысқа қар­сы қабылданған шаралардың тиімді іске асырылуының нәтижесінде мүмкін болыпты. Мемлекеттік бюджет кірісі транс­ферт­­терді есепке алмағанда 9 трлн 751 млрд (102,7%) теңге сомасында орын­­дал­ды. Ал Республикалық бюджет­тің кірісі транс­ферттерді есептемегенде жоспарға қа­тысты 100,3%, ал жергілікті бюджеттер 108% орындалды. Халық­аралық қор 94,4 млрд долларға жетсе, алтын-валюта қоры 35,7 млрд долларға дейін ұлғайды. Ұлт­тық қордың шетелдік валютадағы активі – 58,7 млрд доллар. Сырт­қы сауда айна­лы­мы 11 айда 77,7 млрд доллар болды, экс­порт – 43,4 млрд, импорт – 34,4 млрд дол­лар. Соның арқа­сында сыртқы сау­да­ның оң сальдосы 9 млрд доллар дең­гейін­де сақталды. «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз­дің тапсырмаңыз бойынша дағдарыс­қа қарсы шаралардың 3 топтамасы қа­был­данып, іске асырылды. Бұл халық пен биз­несті қолдау жөніндегі шұғыл шара­лар, әлеуметтік-экономикалық тұра­қ­ты­лық­ты сақтау жөніндегі жедел шаралар жә­не экономикалық өсуді қалпына кел­тіру жөніндегі кешенді жоспар. Осының ар­қасында 700 мың кәсіпкер салық жеңіл­дігін алды. Зиян шеккен салалар­дағы қарыз алушылардың 80% несие тө­леу мерзімін кейінге ауыстыру жеңіл­ді­гін пайдаланды. Кәсіпкерлердің 40 мың­­ға жуық жобасы қаржыландырылды. Үкіметтің экономика мен халықты қол­дауға арналған дағдарысқа қарсы шара­лары­ның жалпы көлемі 6,3 трлн теңгеге жет­ті, бұл жалпы ішкі өнімнің 9% пайы­зы», – деді Асқар Ұзақбайұлы. Ол, соны­мен бірге биыл жүзеге асатын жобалар мен жұмыстарды да атап берді.

100 мыңнан астам адам мемлекет қолдауынан тыс қалды

Мемлекет басшысы өз сөзінде Үкі­мет­тің басты міндеті экономикалық өсім­ді қалпына келтіру, инвестиция тарту жә­не қазақстандықтардың табысын арт­тыру екенін атап өтті. Сөйтіп, пандемия мен шектеу шараларынан, сондай-ақ, сау­да байланыстарының үзілуінен айтар­лықтай зардап шеккен шағын және орта бизнесті қолдаудың маңызына назар ау­дарды. – Биыл шағын және орта бизнеске қол­дау көрсету ең басты назарда болуы тиіс. Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасымен бірлесіп, бір айдың ішін­де осыған қажетті іс-шаралар топ­та­масын әзірлеуді тапсырамын. «Еңбек» мем­лекеттік бағдарламасы – халықты жұ­мыспен қамтудың негізгі құралы. Оның «Бастау Бизнес» бағыты бойынша 150 мыңнан астам адам оқып шықты. Бі­рақ тек 10 пайызы несиеге, 19 пайызы грант­қа ие болды. 100 мыңнан астам адам мем­лекет қолдауынан тыс қалды. Әсі­ресе, бағдарламаның ауылдағы түлек­тері­не қаржы жетпей жатыр. Сондықтан бағ­дарламаның қаржы көлемін ғана емес, оны жүзеге асыру ұстанымдары мен те­тіктерін қайта қарауымыз керек. Ха­лыққа берілетін шағын несиелердің став­касы 6 пайыздан аспауға тиіс, – деді Мем­лекет басшысы. Ол Үкімет мүшелері мен әкімдердің са­тып алудағы жергілікті өнімдердің үле­сін арттыру жұмысын сынға алды. Был­тыр 9 айда тауарға, жұмысқа және қызмет көр­сетуге қатысты сатып алуларды рет­теудің жалпы көлемі 12,5 триллион теңге болды. Жергілікті тауарлар мен қызмет көр­сетуге бар болғаны 6,4 триллион теңге (қар­жының 52 пайызы) бөлінген. Эко­номикаға аталған қаражаттың жартысына жуығы жұмсалмаған. – Бюджеттің триллиондаған қар­жы­сын импортқа жұмсауға қақымыз жоқ. Сон­дықтан бюджеттің әкімшілері тіке­лей жауап беретін болады. Бұл орайда біз­ге «семіз» цифрлар қажет емес. Маңыз­дысы – дұрыс есептеу. Қазақстанда тір­келген заңды тұлғаның кез келген өні­мі жиі есепке алынатыны туралы ақпарат бар. Ол өзінің тауарын жеткізе ме, әлде импорттан әкеле ме, оны бақылап отыр­ған ешкім жоқ. Индустрия және инф­рақұрылымдық даму министрлігіне бе­рілген цифрларды бекітілген әдістемеге сәйкес қайта тексеруді тапсырамын, – де­ді Президент.

Азаматтар қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналасқан

Халықты жұмыспен қамту мә­селесі бойынша да берілген есеп пен жасалған жұмыстар арасында ай­тарлықтай айырмашылық бар бо­лып шықты. Жұмыспен қам­тудың жол картасын жүзеге асы­руға 1 трлн теңге бөлініп, бұл қаржының 98,2 пайызы игерілген. Бағдарламадағы халықты жұмыс­пен қамтуда және іскерлік бел­сенділікті қолдауда маңыз­ды рөл атқарғанымен, онда­ған, жүздеген мың жұмыс орнының ашылғаны туралы мәліметті тек­серу кезінде айырмашылық бары анық­талды. – Азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отыр. Бірыңғай ақпараттық жүйеге бір адам туралы мәлімет қай­та-қайта енгізіледі. Дәл осындай 15 мың жағдай тіркелген! Жұмысқа орналасты деген адамдардың үштен бірі зейнетақы қорына қаржы аудар­маған. Мұндай жағдай, әсіресе Түр­кістан (79%), Қызылорда (43%) және Жамбыл облыстарында (36%) анық­талды. Жалпы, еңбекпен қам­тылған­дардың 40 пайызға жуығы «көлеңке­де» қалып қойған. Жұмыс­пен қам­тудың жол картасына бө­лінген 1 трлн теңгеден небәрі 5,5 млрд теңге салық төленген. Бұл – жарты-ақ пайыз! Мемлекеттік кіріс­ке жауапты органдар мәселені қатаң бақылауға алуы керек. Қажет болса, құқық қорғау органдарын да осы жұмысқа тартамыз, – деді Мем­лекет басшысы. Қ.Тоқаев Үкіметке салықтық-бюджеттік саясатты жетілдіру жө­нінде ұсыныс әзірлеуді тапсырды. Былтыр салық және кеден сала­сынан түскен қаржының кіріс кө­лемі 47 пайызға қысқарған. Әйтсе де, алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 65 пайызға жеткен. Кедендік төлем­дердің жинақтық деңгейі төмен екені байқалады. Тек Қытаймен арадағы шекарада 50 мыңға жуық жалған декларация толтырылғаны анықталған. Қытаймен арадағы ашық статистика бойынша айыр­машылық 5 млрд доллардан астам қаржыны құрайды.

Экономикалық қылмыстармен күрес агенттігі құрылады

Президент жалған кә­­сіп­орындар мен әдейі салық тө­лемейтіндерге қарсы жұмысты күшейтуді талап етті. Ресми бағалаулар бойынша ішкі жалпы өнімнің төрттен біріне, ал Дү­ниежүзілік банктің деректері бойынша 40 пайызға жуығы «кө­леңкелі» аймақта екен. «Кө­лең­келі» экономикаға қарсы күрес жө­ніндегі шараларды жүзеге асыру үшін Эко­но­микалық қыл­мыс­тармен күрес агенттігі құ­рылады. – Орталық мемлекеттік ор­гандар басшыларының автопаркін ұстап тұру үшін айтарлықтай бюд­жет қара­жаты жұмсалады. Бір ғана автомо­биль үшін орташа есеппен жылына 6 млн теңгеден астам қар­жы шығын­далады. Бірқатар елде жеке қызметтік көліктің орнына ақшалай өтемақы төлеу тәжірибесі енгізілген. Бұл тәжі­ри­бе біздің елде де, нақты айт­қан­да елорда әкім­дігінде қолда­нылған. Мұндай әдіс «Са­мұрық-Қазына» қорында апро­бациядан сәтті өтті. Бұл қызметтік көліктер са­нын едәуір қысқартуға және әкімшілік шы­ғынды 1,5 млрд теңге көлемінде азайтуға мүмкіндік берді. Үкіметке Пре­зиденттің Іс Басқар­масымен бірге меморгандар басшы­ларын қызметтік көлікпен қамтама­сыз етудің жаңа жобасы бойынша ұсыныс енгізуді тапсы­рамын. Бұл жұмыс нақты қысқа­ртуды қажет етеді, – деді. Мемлекет басшысы Премьер-Министрдің жаңадан тағайын­далған орынбасары – Сыртқы істер ми­нистріне ақпан айының соңына дейін инвестицияларды басқару жүйесін реформалау жөнінде нақты ұсыныс енгізуді тапсырды. Әрбір еркін эко­номикалық аймақтың лайы­қ­тылығына талдау жасап, олар­­­дың жаңа жұмыс моделін әзір­леу қажет. – Өзінің Арнайы эко­но­микалық аймағын нақты да­мытумен айна­лыспайтын әкім­дердің жағдайы қыл үстінде тұрғанын айтқым ке­леді. Біз ондай аймақты жабамыз және бюджет қаржысын шығын­дамаймыз. Бұл проблеманы тез арада шешуіміз керек. Эконо­ми­каны қайта қал­пына келтірудегі инвес­тицияның екінші көзі – банк не­сиелері және қор нарығы. Бірақ ол да ақсап тұр. Инфляцияның ор­нықты төмен­деуі, инфляция мен деваль­ва­цияның тұрақтануы – ақ­ша-кредит саясатын жұмсартудың маңызды шарты. Сондықтан Үкі­мет пен Ұлттық банк инфля­цияны 2021-2022 жылдары 4-6 пайызға қайта­рып, 2025 жылы 3-4 пайызға дейін төмендетуі керек,– деді Президент. Президент

Білім саласына түбегейлі өзгеріс керек

Мемлекет басшысы оқу­шы­лардың білім сапасының ха­лықаралық бағалауына да назар аударып, мектептердегі білім са­пасының жүйелі түрде на­шар­лағанын айтты. Сондықтан бұл са­лаға түбегейлі өзгеріс керек. – Бүгінде оқу бағдарламасына жаңа пәндер енгізу жөнінде ұсы­ныстар өте көп. Соңғы он жыл­да 9 пән енгізілген. Білім беру – тә­жірибе алаңы емес. Мұның бәрі негізгі пәндерге бөлінген сағаттың қысқаруына әкеп соғады. Соның өзінде елімізде оқыту жүктемесі тым жоғары – 67 сағат. Ал Финляндия мен Оңтүстік Кореяда оқыту жүктемесі – 39 сағат, АҚШ-та – 55 сағат. Шәкірттерді оқыту мен басқа да дамыту шараларының арасында тепе-теңдік болуы аса маңызды. Әлемдік үдерістерді ескере оты­рып, математика, тіл меңгеру және информатика секілді пәндерге ерекше ба­сымдық берген жөн, – деді Мем­лекет басшысы. Сонымен қатар Қазақстан тарихы және Дүниежүзі тарихы пәндері бойынша бірыңғай оқулық әзірлеп, оны енгізу керек. «Nur Otan» партиясының сайлауалды тұжырымдамасында 2025 жылға дейін жаңа 800 мектеп салуға уәде берілген. Президент осы жұмысқа шұғыл кірісуді және биыл 200 жаңа мектеп салуды тапсырды.

Жайылым мәселесі жөнге келеді

Президент Жер кодексінің кей нормаларына жарияланған мора­­то­рийдің биыл аяқта­ла­ты­нына назар аударды. Осыған байланысты Үкі­метке Жер ко­миссиясының жұмы­сын қайта жандандыруды және қараша айына дейін түзе­тулерді қа­былдауды тапсырды. Жайылымдар мәселесіне ар­найы тоқталғым келеді. Бұл жер­лер, ең алдымен ауыл тұр­ғын­дарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйым­дастырмай отыр. Сал­дарынан ауыл тұр­ғындары мал жаятын жайы­лым таппай қи­налып жүр. Әсіресе, Алматы, Түр­­­кістан облыс­тарынан арыз-шағым көп түседі. Жайы­лымның 99 пайызы шаруа қожа­лығының иелігінде. Алайда оның 36 пайы­зында ғана мал жайы­лады. Қалған 46 миллион гектар жайы­лымдық жер бос жатыр. Үкі­мет­ке Бас проку­ра­турамен бір­лесіп, жыл соңына дейін осындай жайы­лым­дарды қайтарып алуды тап­сырамын. Оны ауыл тұрғын­да­рының игі­лігіне берген жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент су ресурстарын сақ­тап, тиімді пайдалануды ұлттық қауіпсіздік пен орнықты дамудың ке­пілі екенін айтты. Себебі экология мәселесі Үкімет пен қоғамның ұдайы бақылауында болуы керек. Қоғамдық бақылау құралы ретінде интерактивті карта дайындалады. Сол арқылы экология саласында атқа­рылып жатқан жұмыстың бары­­­сы мен тиімділігін қадағалауға бола­­ды. Сондықтан Үкіметке 2021-2025 жыл­­­дарға арналған «Жасыл Қазақ­стан» ұлттық жобасын әзірлеу жүк­телді. Үкіметтің кеңейтілген отыры­сында баспана мәселесін шешу үшін зейнетақы жинағын пай­далану жөніндегі бастама да сөз болды. Президент ендігі кезекте тұрғын үй нарығындағы дүрмек пен бағаның өсуіне жол бермеу үшін нақты шара қабылдау қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, мемлекеттік органдар тұрғындар мен құрылыс компанияларының басшыларына түсіндіру жұмысын жүргізіп, нарық­т­ағы алыпсатар операция­ларға шектеу қоюы керек. Үкіметке екі ап­та ішінде тұрғын үй саясатын жетілдіру бойынша жаңа ұсыныстар топ­тамасын енгізуі тиіс.

Мен де отандық екпе салдырамын

Пандемия кезінде денсаулық сақтау жүйесі күрделі сынақтан өтіп, саладағы олқылықтар айқын көрінді. Бір ғана мысал – былтыр 156 ана өлімі тіркеліп, өлім-жітім 2,8 есе артты. – Үкіметке облыс әкім­дік­терімен бірлесіп және кәсіби қауымдастық мүшелерін тарта отырып, денсаулық сақтау ұйым­дарында инвен­тари­зация жүргізуді тапсырамын. Бұл ретте босандыру және жансақтау бөлімдеріне, олардың меди­циналық жабдық­тармен, дәрі-дәрмекпен, қажетті бұйымдармен қамтамасыз етілуіне басымдық беру керек. Бас про­куратураға осы мәселе бойынша іріктелген тексеру жүргізу тапсы­­рылды. Оның қорытындысы бойын­­ша кінәлі адамдарға қа­тысты шара қабылдау қажет, – деді Мем­лекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туынша, бүгінгі жағдайдан сабақ алуы­мыз керек. Пан­де­мия­ның бас­талғанына бір жыл болды. Жи­нақ­талған тәжірибені ескере оты­рып, әрекет ету қажет. Үкі­метке «Ата­мекен» ұлттық кәсіп­керлер палата­сымен бір­лесіп, бір ай ішінде эпиде­мияға қарсы ша­раларға теңдесті­рілген тәсілді қамтамасыз ету мақ­са­тында им­мундық мәртебе тура­лы ақпарат қамтылатын QR код енгізу мә­селесін пысықтау тапсы­рылды. – Әрине, жаппай вак­ци­­нациялау дағдарысты еңсерудің нақты әрі жүйелі шарасы болып отыр. Оны сапалы өткізу үшін барлық жағдай жасалуы қажет. Дайындық жұ­мыстарын зерттеу кезінде вакци­наны сақтауға ар­налған тоңазытқыш жаб­дық­тарының қажетті көлемі жетіс­пейтіні анықталды. Батыс Қа­зақстан, Маңғыстау және Түр­кістан облыстарында аса күрделі жағдай қалыптасып отыр. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, дайындықты толық қамтамасыз етіп, 1 ақпаннан бастап жаппай вакцинациялауға кірісуді тапсырамын. Отандық вакцинаның тестілеуі оң қоры­тынды береді деп үміттенеміз. Осы ретте өзім отандық екпе салды­рамын, – деді Президент.

Қызылорда облысына нақты қолдау көрсетіледі

Президент онлайн режимде өңір басшыларымен тілдесті. Мы­салы, Батыс Қазақстан облысын электрмен жабдықтаудағы кемші­ліктерді атады. Себебі былтыр бұл өңірде электр қуаты 182 рет үзілген. Бұл мәселені шешу үшін қандай шара қабылданып жатқанын сұра­ды. Өңір басшысы Ғали Есқалиев облысқа қарасты екі аудан электр қуатын Ресейден сатып алып отыр­ғанын, сондықтан электр же­­лілерін қалпына келтіру және 2 ауданға электр желісін тарту өзекті мәселе екенін жеткізді. Бұл бағытта тиісті іс-шара атқарып жатқанын тілге тиек етті. Қызылорда облысының күр­делі кезеңді бастан кешіп жат­қаны Мем­лекет басшысының наза­рынан тыс қалмады. Өңірдің негізгі табысы мұнайдан түсетіні белгілі. Бүгінде мұнай қоры тау­сылып, өндіру кө­лемі азая түскен. Сондықтан Пре­зидент Қызыл­орда өңірін қолдау үшін жаңа мұнай-газ кеніштерін барлап, қазіргі кен орындарына зерттеу жүргізуді, өңір экономи­касын әрта­рап­тандыруды жүктеді. Ша­ғын және орта бизнес пен қызмет көрсету саласын дамытуға өңір­дің шамасы жетпейтінін айтқан Қ.Тоқаев Үкіметке Қы­зылорда облы­сына нақты қолдау көрсетуді тапсырды. Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жы­рымдамасы бойынша аза­мат­­тардың өтінішімен жұмыс істеуді қайта жаңғырту үшін «Е-өтініш» жаңа ақпараттық жүйесін және «Нәтиже» орта­лығын ашуды тап­сырды. 1 шіл­деге дейін жүйе бар­лық мем­лекеттік органда іске қосылуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев мемле­кеттің бүгінгі ең бас­ты міндеті аза­маттардың өмір са­пасын жақсартып, табысын арттыру екенін, мемле­кеттік ор­гандардың әрбір шешімі, әрбір әрекеті экономиканы дамы­туға және халық игілігіне бағыт­талуы тиіс екенін шегелеп айтты.

 Халима БҰҚАРҚЫЗЫ