Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «...Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн» деген болатын. Сөйтіп Ұлыстың ұлы күнін атап өтудің нақты тұжырымдамасы жоқ екенін тұспалдаған еді. Әрі арнайы тұжырымдаманың қажет екені жайлы месседж жолдаған-ды. Әрине, Наурызға дейін әлі бір жарым ай бар. Дегенмен түркі жұртының көне мейрамын бірізге түсіріп, оған жалпыхалықтық сипат беру ісі мезгіл таңдамаса керек. Алайда әзірге мемлекет бекіткен нақты тұжырымдама жоқ. Біз ұзақ жылдар бойы Наурыз мейрамының тарихын зерттеп, оның атрибуттарын толық қалпына келтіріп, заман талабына сай түрлендіруге талпынып жүрген зерттеуші Серік Ерғалимен Ұлыстың ұлы күніне байланысты сұхбат құрдық.
– Серік мырза, біздің білуімізше, сіз Ұлыстың ұлы күнін тойлаудың өзгеше тұжырымдамасын жасаған едіңіз. Жалпы, Наурыз мейрамын қашаннан бастап зерттей бастадыңыз? – Жалпы, елдегі рухани жаңғыру саясаты 2000 жылды «Мәдениетті қолдау жылы» етіп атағаннан басталды. Мен сол жылдан бастап, мәдениеттану саласына бет бұрдым. Айтысты, Наурыз мейрамын және басқа рухани құндылықтарды зерттеуге кірістім. Алайда өз мақсатым ретінде тек зерттеумен шектелгім келген жоқ. Ғылымның басты мақсаты – зерттеу емес, түпкі нәтиже үшін зерттеу материалдарын қолдана отырып, өнім шығару, ол – технология болсын, материалдық не рухани өнім болсын, өмірге енгізілетін нәрсе болуы шарт. Осы тұрғыдан сол Астана қаласында 2009 жылы «Зерде» тіл дамыту орталығының қолдауымен алғаш рет Сиыр жылын менің зерттеуіме негізделген сценариймен мерекелеуді қалалықтарға ұсындық. Ауқымы қалалық болмаса да, қатысушылардың қолдауы мен таңғалысында шек болмады. Атрибуттар мен мерекенің әр күніне белгіленген салт-жоралғы арқылы Наурыз мейрамының архаистік-советтік тұрғыдан жауыр болған этнографиялық еске алу сипатын түгелімен алмастыруға ұмтылдық. Соның арқасында Жолтерек атрибуты алғаш рет бой көтерді. «Науан» аталатын үшсөрелі модерн-астау наурыз дастарқанының сәнін келтірді. Осылайша, Наурыз мейрамын тар ұлттық этнографиядан жалпыазаматтық ауқымға бір шығаруды көздедік. Осы жолмен кете беріп, қалалық шеңберге шыққанымызда, Наурызды мейрамдау жалпыадамзаттық күнтізбелік жаңа жыл мерекесінен кем түспейтін деңгейге жетуі мүмкін еді. Тек ондай деңгейге әлі жеткен жоқпыз. – Сонда бұл бағыттағы бастамаңызға қолдау аз болды ма? – Олай деп бірден кесіп айтпас едім. Көптеген азамат пен бірқатар атқамінер тұжырымдамамызды қолдады. 2009 жылы Наурызды фестиваль ретінде 14-22 наурыз арасында мерекелеу жобасын сол кездегі қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев мырзаға ұсынып, таныстырдық. Қатысушылар мерекенің бұл сипатына қатты қызықты. Бірақ уақыт жағынан мүмкіндік болмады, әдеттегідей Ұлыстың ұлы күніне дайындық жұмыстарына атқамінерлер 8 наурыз мерекесінен кейін ғана кірісетінін ескерсеңіз, біз ұсынған бұл «рухани төңкеріс» сол жылы нәтиже бере қоймады. алайда безендірушілер сол жылы-ақ көшеге Жолтеректі шығара бастады. Оның бірнеше нұсқасы содан бері тігіліп келеді, бірақ оны ойнатуды қолға алмағандықтан, жай ғана безендірілген. – Жолтерек деп отырғаныңыз не сонда? Жаңа жылдағы шыршаға балама ма? – Бірден шыршаның көшірмесі ретінде бағалаудың қажеті жоқ. Дегенмен христиандық танымдағы шырша көне көшпенділердің мұрасы болғанын, түркілердің Бәйтерек, Шоқтерек тәрізді ұғымдарынан бастау алатынын ескеру керек. Бәйтерек дегеніңіз – көне таным бойынша жоғарғы, ортаңғы және төменгі әлемді байланыстыратын қасиетті ағаш. Алтайлық «Маадай Кара» жырында оны өте ғажап суреттейді. Күн жағындағы жапырақтар алтын, ай жағындағысы күміс деп сипатталады. Жырдағы бәйтеректің символикалық мәнін фольклортанушы Едіге Тұрсынов тамаша түсіндірген. Біз оны қайталамай-ақ қоялық. Саха жеріндегі ежелгі қорымдардан табылған «Шоқтерек түбіндегі аттылар» деген алтын композиция қазір Санкт-Петербордағы Эрмитажда сақтаулы. Ондағы Шоқтерек адам жанын көк аспанмен байланыстыратын жол ретінде сипатталады. Қашаған жырау «Адай тегі» дейтін жырында бәйтеректі мүлдем бөлек ағаш ретінде суреттейді. Одан бөлек, жаңа жылда қолданылатын шырша ғұрпының Сібірдегі түркі халықтарында күні кешеге дейін болғаны белгілі. Оны белгілі ғалым Шәкір Ыбыраев та айтқан. Яғни, көне танымдағы Бәйтерек, Шоқтерек ұғымдары өзге жұртқа жаңажылдық шырша ретінде еніп отыр. Сондықтан біз адам тілегін тәңірге жеткізетін жол саналатын ежелгі ұғымды жаңғыртып, Наурыз атрибуты еттік. Айтпақшы, әлем жұрты шырша тігіп, бір-біріне сыйлық ұсынатын жаңа жыл қарсаңында көшпенділер Карачөн немесе Қара түн мейрамын тойлаған. Ол 21 желтоқсанға сәйкес келеді. Кейбір түркілер 25 желтоқсанда, күн ұзара бастаған кезде Нартукан мерекесін тойлаған. Атауды қазақшаласақ, Күнтуған деген сөз. Әрине, бұлар – тым көне танымнан жеткен ескі мерекелер. Наурыз да солай. Көшпенді жұрттың жылда болатын төрт күн тоқырауына арналған төрт мейрамның бірі. Бірақ ең ұлысы. Ал Жолтерек сол мейрамның атрибуты болуы тиіс. – Бұл жоба ғылыми ортада қалай қабылданды? – Жобаның әрбір жаңалықтары мен зерттеу нәтижелерін үзбей жариялап келдім. 2011 жылы «Қазығұрт» баспасынан Мәдениет министрлігінің қолдауымен «Нау мен ырыс» кітабы шықты. Жоба мен зерттеу нәтижелері 2014 жылы Түркі академиясында қызмет істегенімде түрколог ғалымдардың назарына ұсынылып, қолдау тапты. 2016 жылы Ұлттық мұражай директоры қызметін атқарып отырған кезде Дархан Мыңбайдың арнайы шақыруымен бас баяндама жасап, ғылыми орта қызу қолдады және сол жылы осы мұражайда біршама атрибуттар енгізілді.Көне танымдағы Бәйтерек, Шоқтерек ұғымдары өзге жұртқа жаңажылдық шырша ретінде еніп отыр. Сондықтан біз адам тілегін тәңірге жеткізетін жол саналатын ежелгі ұғымды жаңғыртып, Наурыз атрибуты еттік. Айтпақшы, әлем жұрты шырша тігіп, бір-біріне сыйлық ұсынатын жаңа жыл қарсаңында көшпенділер Карачөн немесе Қара түн мейрамын тойлаған.
Бұдан басқа Алтын Орда дәуіріндегі Наурызға қатысты баскиім табылды. Наурызбөрік деп аталса керек. Сипаты бөріктің бір түрі болғанымен, негізі қалпақ пен бөрікті біріктіріп жасағандай әсер береді. Қалпақтың аласа етегі жоғары қарай бұрыш жасай қайырылған, түймелер немесе тастармен әшекейленген; бөрік етегі бағалы терімен көмкерілген. Наурызбөрік төбесі күннің қызуын білдіретіндей қызыл түсті болмаса, жеті түспен құрақтап тігуге де болады. Аталмыш баскиім Алтынорда дәуірінен қалған орыс ерлерінің баскиімі тізімінде жүр. Атауы ап-анық «наурыз» делініпті. Орысша «науруз» дейді. XVII ғасырда орыс жұртында өте кең тарап, сәнге айналып кетіпті. Орыс этнографтары суретін де беріпті. Бұндағы қалпақ Түнді, ал бөрік Күнді білдіреді. Наурызбөрік арқылы Күн мен Түннің үйлесімін біріктіре тігіп білдірген. – Атрибуттарға қатысты уәждеріңіз қисынды екен. Ал мейрамды 9 күндік Наурыз-фест жобасына айналдыру үшін қандай тарихи негізге сүйендіңіз? – Ұлыстың ұлы күнін 7-9 күн тойлауды мен ойлап тапқан жоқпын. Қазақта бұрын болған салт. ХІХ ғасырда ескіше 1-8 наурыз (жаңаша: 14-21 наурыз аралығы) аралығында Наурыз мейрамын 8 күн бойы тойланғанын Мәшһүр Жүсіп Көпеев былай атап өтеді: «Жиырма тоғыз жасымда Бұхарай-Шәрифте Ғабдалахыд ханның наурыздама тойының сегіз күн ішінде болдым...». Ғұлама мұны өзінің «Наурыздама» атты еңбегінде айтқан. Сонымен бірге ол Төле би заманында қазақтың наурыздамасына көршілердің ешқайсының мерекесі теңесе алмағанын айтады. Едіге бидің 100 жолдасымен Сәті байға Наурыздама жасатуға барғаны жайлы әңгімені келтіреді. Ең қызығы, «наурызнама» деп емес, «наурыздама» деп жазған. Қисынға салсақ «наурыздату» деген жеке ұғым шығады. Тойлату сияқты. – Сонда батыс аймақтарда 14 наурызда болатын «Амал» мерекесі осы наурыздаманың жұрнағы ма? – Негізі, Наурыз мейрамы Кеңес Одағы кезінде ресми тойланбаса да, халық ешқашан одан бас тартқан емес. Ел ішінде мерекенің жұрнағы түрлі сипатта сақталып қалды. Батыс өңірлерде Наурыз мейрамы бұрыннан-ақ 14 наурызда басталады. Өйткені мүшелдік жаңа жыл осы күні кіреді. Ескіше 1 наурыз. Мәшһүр Жүсіп те солай жазған. Кейін зерделесек шығыста да, теріскейде де ертеректе 14 наурыздан бастап жыл кірген деп есептелген екен. 1914 жылы 9 наурызда шыққан «Қазақ» газетінің 53 санында «Наурыз» деген зерттеу мақала жарияланыпты. Онда «... төрт тоқсанның ішінде жылдың жасарып, жаңалайтын кезі – жаз. Сол тоқсанның басы 9 наурыз болғандықтан, бұл күн – «наурыз» айы, «жаңа күн» деп аталады» деп жазылған. Яғни, жаңа күнтізбе бойынша 14-15 наурыз мерекенің басы саналған. Этнограф Досымбек Қатыранұлы бұрын көрісу амалының шығыста да, орталықта да болғанын жазады. Ал Шоқан Уәлиханов болса 14 наурызда Күн мен Тоқты жұлдызының «көріскендей» сипатын сызып қалдырған. Астрономиялық тұрғыда осы күні Күн мен Тоқты шоқжұлдызының «маңдайындағы» Қамал (арапша – хамале, парсыша – хамал) жұлдызы жерден қарағанда беттескендей болады. Осы құбылыс көктем мезгілін келтіреді. Сонда бұл күн – әрі жыл басы, әрі көктемнің алғашқы күні. «Самарқанның көк тасын» ерітетін күн. Ол тас ортаазиялық астрономдардың мұз бен тасты қатырып, арнайы орында бақылауынан шықса керек. Қазақстан дәл осы күндері Наурызға арнап, қарынға салып сақтаған жент жібиді. Ол да этнографияда сақталған. 1989 жылдан бастап Наурыз мейрамы ресми түрде 21-22-не ауыстырылғандықтан, халық амал жоқ 14 наурызды «амал», «көрісу» атап кетті. Қазақ этнографиясында ондай жеке дара мереке жоқ. Ол 22 наурыздағы ұлы тілек айтылумен аяқталатын 9 күндік мейрамның басы. Мәшһүр Жүсіп наурыздаманың соңында, күн мен түн теңескен кезде тілейтін ұлы тілек қабыл болатынын жазған. Мысал ретінде Едіге бидің ұрпағын атаған. Сәті мырзаға барып, наурыздама жасатқан, кейін Құдайдан тілек тілеген Едігеден Шоң мен Торайғыр туып, кейін әулеттің ұрпағынан дәулет пен билік үзілмегенін жазады. – Айтпақшы, сіз жасаған жобада 9 күннің әрқайсына атау беріпсіз. Бұрын болып па еді? – Әрине, көне Наурыздамада әр күнге атау берілгені жайлы дерек кездестірмедім. Бірақ дәстүрдің озығы мен тозығы болатыны сияқты, салт-жоралғылар жаңарып, замана сұранысына да сәйкес болғаны керек. Наурыз іс жүзінде күллі қазақстандықтарды біріктіретін, жалпыхалықтық мерекеге айналуы керек. 14 наурыздан басталатын мейрам қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, әзербайжан қатарлы түркі халықтары, тәжік, күрд этностары үшін таңсық емес. Шығыс славяндардың 14 наурызда аяқталатын масленицасы да Наурыздың қар- саңында болады. Демек, Ұлыстың ұлы күні шын мәнінде барша халықтың мейрамы. Ал оның әр күніне жеке атау беріп, атрибуттарын белгілеу көне мерекені нақты тұжырымдамасы бар мейрамға айналдырады. Біз 9 күнге шуақ, алас, жайнау, шаттық, береке, тағзым, өркен, үйлесім, бас таң күні деген атаулар бердік. Осы күндері үлкендерге сәлем беруден бастап, аруақтарға құран бағыштау, сенбілік ұйымдастыру, қайырымдылық жасау, Наурыз таңын қарсы алу тәрізді көптеген шара ұйымдастыруға болады. Әр күннің ерекшеліктерін белгілерін, тағамын сипаттасақ әңгімеміз ұзаққа созылып кетеді. – Ендеше, осы тұстан сұхбатымызды аяқтайық, рақмет!Әңгімелескен Амангелді ҚҰРМЕТ