«Сайманның» сойылын соққан кім?
«Сайманның» сойылын соққан кім?
133
оқылды

Қазақстанның есептеуіш аспаптар нарығы негізінен Ресей мен Беларуське тәуелді. Ал бұл – жыл сайын ауқымы мен табысы артып келе жатқан нағыз «майшелпек» нарық. Мы­салы, 1 дана газ есептеуіштің орташа құны 29 мыңнан 540 мың теңгеге дейін барса, ал электр есептеуішінің бағасы 16 мыңнан 200 мың теңгеге дейін жетеді. Мемлекет бұл нарықты жаңаша реттеуге ниетті: шетелден, тіпті одақ­тас­тардан аспап әкелуге толық тыйым салып, тек отандық өнім­дерді пай­далануға елді міндеттемек.

Өз бюджетімізге бөтенді байытудамыз

Үкіметтің «Ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу туралы» қаулысының жобасында көз­делген бұл қадамның қисыны бар. Біріншіден, «Табиғи моно­по­лиялар туралы» заңына сәйкес, әрбір нысанда – үйлерде, биз­несте, мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерде және басқасында тегіс коммуналдық қызметтерді есепке алу аспабы болуы міндетті. Мысалы, Энергетика министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы №143 бұйрығымен бекітілген электр энергиясын пайдалану қағи­даларына сәйкес, бұдан былай «электр энергиясын коммер­циялық есепке алу аспаптарынсыз тұтынушыны желіге қосуға жол берілмейді». Екіншіден, облыстар және үш мегаполис әкімдерінің орын­басарлары қол қойған «өңірлерді аспаптандырудың жол карталары» бекітілді, соған сай «есепке алу аспаптарын орнату жоспарлары» орындалуда. Үшіншіден, 2020-2025 жыл­дарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы ая­сында өңірлерге аспаптандыру деңгейі бойынша қойылған мақ­саттарға қол жеткізу үшін бюджет қаражаты бөлінген. Бірде-бір әлеуметтік нысан аспапсыз пай­далануға берілмейді. Басқаша айтқанда, Қа­зақ­станда біраз жылдан бері қар­қынды «аспаптандыру про­цесі» жүргізілуде. Енді қараңыз: еліміздің ұлттық заңнамасы да, өңірлеріміздің жол картасы мен жоспары да, «Нұрлы жер» мембағдарламасы да... ресейлік және беларусьтік кәсіп­орындарды байытуға жұмыс істеп жатыр. Қазақстанда осы ба­ғыттағы іс-қимылдар екпін­деген сайын одақтас­тарымыздың өн­дірушілері шаттана түседі, мил­лиардтар тасқынында шал­қиды. Неге? Өйткені елімізге есеп­теуіштер негізінен осы екі елден тасылады. Сонымен бірге осы екі ел бізден бірде-бір есеп­теуіш сатып алмайды. Керісінше, өздерінің электр энергиясы мен газды есепке алу аспабын өнді­рушілерін мемлекеттік деңгейге қуатты қолдайтын олар сырттан келетін импортты шектеп тас­таған.

90% шетелге тәуелдіміз!

Қаулы жобасын әзірлеген Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрлігінің дерегінше, бүгінде республикада шамамен 6 миллион дана электр энергиясын есептеу құралы ор­натылыпты. Мұның сыртында, жалпы саны шамамен 3,5 миллиондай газды есепке алу аспабы қойылған. Қызылордадан бастау алып, елі­міздің орталығын, солтүстік өңір­лерін және елорданы газбен жаб­дықтайтын «Сарыарқа» алып газ магистралі газ тұтынушылар са­нын жыл сайын еселеп арт­тырады. Алдын ала мәлімет бойын­ша, 2020 жыл қоры­тын­дысында бүкіл еліміздің 53% не­месе 9,7 мил­лионға жуық адам­ның қолы «кө­гілдір отынға» жет­кен. 2023 жылға қарай еліміз 55% (10,4 млн адам­ның үйі) газдан­дырылады деп жоспарланып отыр. 2015-2020 жылдары Үкімет өңірлерді газдандыруға респуб­ликалық бюджеттен 125 миллиард теңге жұмсады. Бұл салаға әкім­діктер мен «ҚазТрансГаз» ақша төгуде. Арқырап аққан мил­­лиардтар тасқынының үлкен бөлігі есептеуіш өндірушілердің қалтасына құйылып жатыр. Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елде тек 1 жыл ішінде электр энергиясын есептеуіштерге деген қажеттілік 543 814 бірлікті, ал газ есептеуіштеріне мұқтаждық 242 387 бірлікті құрады. Осы сұранысымызды жат­жұрттар өтеуде. Миллиардтар ағы­­ны артқан сайын нарығымызға шетелдік экспансия да күшейе бермек. Индустрия ведом­ство­сының алаңдаушылығы да осыдан туындағандай. ИИДМ мәліметінше, отандық электр энергиясын есептеуіштерді өндірушілердің отандық на­рық­тағы үлесі шамамен 55% ғана. Қалғаны Ресей мен Беларусьтен импортталады. Тиісінше, осы қос одақтас нарығымыздың 45%-ын басыбайлы иемденіп алған.

Әйткенмен, бұл қаулының ар жағынан отандық алпауыт кә­сіпорынның құлағы қыл­тия­тынға ұқсайды. ИИДМ «рет­теуші әсерді талдауда» осы қау­лыдан нақты кімнің ұтатынын жасырмайды.

Газды есепке алу аспабына қатысты жағдай тіпті нашар: отандық өндірушілердің өз нары­ғымыздағы үлесі бар-жоғы 10%! Қалғаны шетелдерден – Ресейден, Беларусьтен, Қытайдан, Поль­ша­дан, сонау Италиядан тасы­лады. Ендеше бұл нарық 90% өзге елдерге тәуелді. Қазақстандық есептеуіштердің өзге елдерге, соның ішінде Еура­зиялық одаққа экспорты – 0%. Бұл да министрліктің ресми дерегі.

Артынан кімнің  құлағы қылтияды?

Осы орайда, толық импорт алмастыруға көшіп, ішкі нарықты одақтастар үшін жабу бір жағынан орынды көрінеді. Қаулының «Ұлттық режимнен алып тастау» деп аталуы да содан. Әйтпесе, бұлай рәсімдемесе, ЕАЭО-ның орыс-белорус бөлігі үдере қарсы шығып, одақтың ұлтүстілік ор­ганы арқылы шектеуді оп-оңай жойғыза салады. Жалпы, сапалы есептеуіш құ­ралдарын жасайтын отандық өндірушілер жоқ болса, бұл мә­селе көтерілмес еді. Олар бар және Үкіметтен қолдауды талап етіп отыр. Мәселен, «Сайман» корпо­рациясы» ЖШС, «Аспан Энерд­жи» ЖШС, «Азия-электрик» ЖШС, «Миртек-Қазақстан» ЖШС секілді тоқ пен газ есеп­теуіштерін жасайтын қазақ­стан­дық ірілі-ұсақты компаниялар жұмыс істеуде. «Жоғары сапалы өнімді үлкен көлемде шығару үшін бұлардың өндірістік және технологиялық қуаты да, білікті кадрлық ресурс­тары да жеткілікті. Отандық тауар өндірушілердің аспаптары, сон­дай-ақ автоматтандырылған есеп­ке алу жүйелерін ұйым­дас­тыру кезінде ұсынатын ілеспе қыз­мет­тері функционалдық мүм­кін­діктері бойынша да, сапалық сипаттамалары бойынша да шетелдік жабдықтардан артық болмаса, еш кем емес. Сонымен қатар олар техникалық қолдауды жедел жүзеге асырады. Өз құрыл­ғыларына сервистік қызмет көр­сетеді. Ал шетелдік өндіру­шілер елімізде мұндай қызметтерін жол­ға қоя бермейді», – дейді Б.Атам­құлов басқаратын ми­нистрлік. Сондықтан меморган құжатта шет мемлекеттерде шығарылатын электр қуаты мен газ есеп­теуіш­терін орнатуға енді тыйым салуды ұсынады. Сонда отандық кәсіпорындар өндірістік қуатын өрістетуге, жаңа жұмыс орындарын құруға мүм­кіндік алады. Бюджетке салық түсімдері ұлғаяды. Әйткенмен, бұл қаулының ар жағынан отандық алпауыт кә­сіпорынның құлағы қыл­тия­тынға ұқсайды. ИИДМ «рет­теуші әсерді талдауда» осы қау­лыдан нақты кімнің ұтатынын жасырмайды. – Қазақстанда «Сайман» кор­порациясы айнымалы токқа ар­налған бір және көпфазалы электр энергиясын есептеу құ­рал­да­рының, сондай-ақ өндірістің толық циклді газ есептеуіштерінің ірі өндірушісі саналады. Бүгінде ол электр есептеуіштерінің отан­дық нарығының 50%-дан астамын қамтып отыр. Егер шет мемле­кеттерде шығарылатын электр энергиясы мен газды есепке алу аспаптары ұлттық режимнен алып қойылса, онда «Сайман» кор­порациясы» ЖШС өз қуаттарын 100% жүктей алады. Нәтижесінде, ол аспаптар нарығының 89%-ын жабуға мүмкіндігі бар, – делінген Индустрия министрлігінің тал­дауында. Әрі қарай да ведомство осы ком­пания көрсеткіштеріне сүйе­­­­неді. «Саладағы отандық барлық компанияның көрсеткіші шама­мен «Сайманға» ұқсас: өндірістік қуат­­тың жүктемесі 2017 жылы − 76%-ды, 2018 жылы − 85%-ды, 2019 жылы − 75%-ды, 2020 жылы 60%-ды құрады. Яғни, көр­сеткіштері ұдайы құлдырауда. «Сайман» кор­порациясы» ЖШС-ның табыс­ты­лық-рентабельділігі 2017 жылы – 25%, 2018 жылы − 22%, 2019 жылы − 18%, 2020 жылы 9% ғана болды. Бұл көрсеткіш те тұрақты төмен­деу­де», – деді ИИДМ.

Құнын түсірсе, қадірі кете ме?

Тұтынушылар отандық есеп­теуіштер құнының қымбаттығына шағымданады. Мысалы, елордада «АстанаЭнергоСбыт» өз тұтыну­шыларына «Сайманның» есеп­теуіштерін орнатуға ұсыным бе­реді. Дегенмен тұтынушылар компанияның бақылау­шы­лары­мен келісіп, ресейлік бала­масын орнатып жүр. Ол балама баға жөнінен ұтады және онсыз да тұрмысы төмендеген тұтыну­шы­ларға әлдеқайда қолайлы. Сол себепті сарапшылар ал­дымен отандық аспаптардың ба­­ғасын түсіруге міндеттеуді ұсын­­ды. Тиісті есептемелер бар: егер бағасын арзандатса, отандық өнді­­руші­лердің үлесі электр есеп­­­теуіштері бойынша қазіргі 55%-дан 75%-ға дейін, ал газ есептеуіштері бойынша 10%-дан 50%-ға дейін өспек. Алайда министрлік бұл кеңесті құп алмады: «Бұл бюджетке салық түсімдерінің ішінара өсуіне, Қазақстан кәсіпорындарында жергілікті қамтудың біршама ұлғаюына, жаңа жұмыс орын­дарының ашылуына түрткі бо­лады. Бірақ түптеп келгенде отандық есептеуіштер сапасының төмендеуіне, отандық өнім бе­делінің түсуіне соқтырады». Егер қаулы жобасы қабыл­данса, «Сайман» секілді ұлттық өндірушілер өнімін арзан­дат­пайды, қайта көтеруі мүмкін. Себебі бәсекелесі жоққа теңеліп, монополистке айналады. Ал дағ­дарыс пен девальвациядан қажы­ған тұтынушыларға амалсыз қал­тасын қағып, қымбат өнімді алуға мәжбүрленбек. Егер қаулы қа­былданбаса, рентабельділігі құл­дыраған отандық кәсіп­орын­дар ақыры жабылып тынуы ық­тимал. Онда еліміз толығымен одақ­тастарға тәуелді болып қа­лады. «Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады» де­геннің кері.

Елдос СЕНБАЙ