Сериал түсірілген жоқ, ал 30 млн қайда кетті?
Сериал түсірілген жоқ, ал 30 млн қайда кетті?
165
оқылды

«Қасым хан» сериалының жолы болмай-ақ қойды. Әуелде 75 серия түсіріледі деп жоспарланған. Тіпті, режиссері де бекітілген. Аттай қалап, «Ертұғырылды» түсірген түріктің атақты режиссері Метин Гюнайды да шақырғанбыз.

75 бөлімнен тұратын туынды жылдың төрт мезгілін қамтитыны, ал түсірілімі 3 жылға созылып, Отырар төбе, Сауран, Сарайшық қалаларында өтетіні де белгілі болған еді. Өкінішке қарай, «Қа­сым хан» сериал болып бас­талып, соңын­да толық­метражды фильмге айналды. Қазақтың ұлы хандарының бірі, әз-Жәнібек ханның ортаншы баласы Қасым хан туралы сериал түсіру идеясы 2018 жылы бас­талған. 2019 жылы қыркүйек айында танымал жазушы, ки­нодраматург Смағұл Елубаев «Қасым хан» фильміне арнап жазған бір сериялы прокаттық фильм сценарийінің орнына түріктің режиссері 75 се­риялық кино түсіргелі жатқанын айтып, наразылығын білдірген. Түркияда «Ертұғырыл» сериалын түсірген режиссер Метин Гю­найдың қазақ ханы туралы тарихи туындыны түсіретіні, оған бюд­жеттен 11 млрд теңге бөлінгені белгілі болған. Алайда тарихи тұлғаның өмірі туралы киноны түрік режиссерінің сценарийімен түсіруге қарсы болған жазушы Смағұл Елубаев әлеуметтік желідегі парақшасында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға арнайы хат жазған. Жа­зушы фильмге қатысты жоспарларды дереу киностудияның Сарапшылар кеңесінің талқысына қайта салуды сұраған. Елу­баевтың өтінішіне құлақ асқан министр фильмнің түсірілуі кейінге шеге­рілгенін мәлімдеген болатын. Сол кездері Смағұл Елубаев БАҚ-қа берген пікірінде: «Фильм тоқтатылды, консервацияда тұр. Қаржылық мәселелері тексеріліп жатыр. Әрі қарай не болатынын білмеймін. Осы даудан соң ми­нистрмен кездесу болды. Фильм халыққа керек. Мен бір жылдай жұмыс істеген сценарий тұр, дайын. Бірақ жоба мүлдем жа­был­ған жоқ. Уақытша тоқтатылып тұр. Менің ойымша, бәрі дұрыс шешіледі. Себебі қаржысы бө­лінг­ен, жабылмауы керек деп ой­лай­мын. Консервациядан алы­нуын күтіп отырмыз» деген еді. Қаржылық мәселелері тек­серіліп жа­тыр дегені рас болды. Өйткені күні кеше Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті «Қазақфильм» АҚ-тың «Қасым хан» киножобасы» филиа­лының директорына қа­тысты сотқа дейінгі тергеуді аяқ­тады. Тергеу мәліметінше, Қуаныш Ахметов, оның қызметкері Вла­димир Чиженков және жеке кә­сіпкер Қуаныш Әнуарбеков жеке бас пайдасына кенелу мақсатында қызметтік жағдайын пайдалану мен алдын ала топтасып келісу арқылы аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін жымқырған. Үкімде көрсетілгендей, 2018 жылдың қыркүйегінде Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қа­зақфильм» кино­студиясы ара­сында «Қасым хан» фильмін түсіру үшін мемлекеттік сатып алу бойын­ша келісім жасалған. Тергеу қылмысқа қатысы бар тұлға­лардың тарихи сериалды түсіруге қажетті пиротехниканы сатып алуға бөлінген 29,9 млн теңгені жымқырғанын дәлелдеді. Сотқа дейінгі тергеу кезінде күдікті тұл­ғалар «Қазақфильм» АҚ-ға келтірілген шығынды толық қай­тарып берген. Сот үкімімен айыпталушылар Қыл­мыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігі 1,2-тармағы бойынша (өзгенің сеніп тапсырылған мүлкін иемдену немесе ысырап ету, ірі көлемде) кінәлі деп танылды және «Қасым хан» киножобасы» филиа­лының бұрынғы директоры 2 жылға бас бостандығынан айы­рылды. Оның екі сы­байласы про­бациялық бақылаумен 3 жыл­ға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге және 100 сағатқа мәж­бүрлі ең­бекке тартылу жаза­сына сотталды. Жалпы, «Қасым хан» сериалы туралы әңгіме бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлы ке­зінде шыққаны белгілі. Жа­зушы Смағұл Елубаев Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райым­құловаға жазған хатында: «11 мил­­лиард Қазақстан ақ­шасына түсіріле бас­таған қа­зақтың ұлы ханы туралы сце­нарий неге қоғамдық пікірден тасада шешілді? Неге еш жерде талқыланбады? Немесе, кімдер талқылады? Бәрі құпия. Бәрі астыртын. Бұл кино тарихында болмаған практика. Сондықтан мен Қасым хан тағдырына алаң­дап, Сізге осы хатты жаздым» деген еді. Тіпті, кино­драматург «11 млрд теңге бөлінгені рас, оның 700 млн теңгесі шашылып үлгерген. Тиісті басшыларға мәселе тереңдемей тұрғанда, осы кезде талқылау бол­ғаны дұрыс деп айттым» деп шы­рылдаған-ды. Ең қызығы, сериал түсіру ту­ралы жоба басталғанымен, соңы бітпей қалды. Ал «Қасым хан» туралы толықметражды фильм жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Бұл жобаны мүлдем басқа адамдар қол­ға алған. Фильмнің режиссері – Ақан Сатаев. Ол: «Бұрын ол сериал ретінде түсірілуі жос­парланған еді. Режиссерлікке мен келдім. Енді біз толықметражды кино бо­лады деп шештік. Кеңесші-тарих­шыларды қосып, қазір киномыздың сце­нарийін жа­зудамыз және жалпы түсірілім мерзіміне дайындық жұмыстарын жан-жақты қызу жүргізудеміз», – дейді.

P.S. 

«Қазақфильм» киностудиясы «Қасым хан» тарихи сериалын түсіруге бөлінген қаражаттан 30 мил­лионға жуық теңгенің жым­қырылуына қатысты түсініктеме берді. Онда: «Сериалдағы қаражатты жымқыру фактісі бойынша тергеу киностудияның бұрынғы бас­шылығына қатысты қозғалған. Про­дюсері Қуаныш Ахметов болған «Тарих толқынында: Мәңгілікке қол жеткізу. Қасым хан» тарихи се­риа­лын түсіру 2018 жылы бас­талды. Алайда түрік режиссері Ме­тин Гюнайдың жобаға қатысудан бас тартуына байланысты 2020 жылы бұл жоба өзінің тұжы­рым­дамасын өзгертті және «Ұлы дала таңы» жұ­мыс атауы бойынша то­лық­мет­ражды көркем фильмге айналды. Жаңа­дан құрылған түсірілім тобын режиссер Ақан Сатаев басқарады» делінген.

Айым БЕКТҰР