Жуырда әлеуметтік зерттеумен айналысатын БҰҰ Халықты орналастыру (ЮНФПА) қоры мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп, жастардың репродуктивті, жыныстық денсаулығына арналған Shyn.kz сайты мен Telegram-бот іске қосқан еді. Бұған елде жүргізілген соңғы зерттеулер әсер еткен көрінеді. Осы уақытқа дейін мамандар жастардың 90 пайызы жыныстық жағынан сауатсыз екенін айтып келген. Кесірінен түрлі аурулар мен әлеуметтік проблемалар көбейе бастаған. Дегенмен қоғамда әлі де «жыныс» деген сөзді ұятқа теліп, нәтижесінде «ауруын жасырғандар» бар. Сайып келгенде, жыныстық сауаттылық жайы елеусіз қалғандай.
Қазақстандағы сауалнама мен зерттеудің қорытындысы бойынша, жасөспірімдер жыныстық қатынасты шамамен 16,5 жастан бастайды. Оның үштен бірі жыныстық белсенді болса, қалған 60%-ы бір жылда төрт серік ауыстырады. Оған қоса, жасөспірімдер сексуалды-репродуктивті денсаулық туралы білмейді екен. Мысалы, 91%-ы АИТВ мен ЖИТС жұғу жолдарынан хабарсыз. Ал 60%-дан астамы жыныстық инфекциялардың белгісі симптомсыз өтсе, ауру емделді деп есептейді. Олардың үштен бір бөлігі, 34,4%-ы ғана мүшеқапты дұрыс қолдану тәсілін біледі. Қазір Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы туу коэффициенті Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдеріне қарағанда 5-6 есе жоғары. Алайда жыныстық жолмен инфекция жұқтырған жасөспірімдер арасында АИТВ фактілері жыл сайын артып келеді. Жыныстық жағынан белсенді жастардың 14,8%-ы соңғы 12 айда кем дегенде бір рет жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың белгілері болғанын хабарлаған. Бірақ оның 62,6%-ы медицина көмегіне жүгінбеген екен. Осыдан-ақ бұл мәселенің біршама ушыққанын байқаймыз. ЮНФПА қолдауымен 2018 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеу кезінде 15-19 жас аралығында жасөспірімдерде белсенді жыныстық өмір басталатыны анықталған. Бірақ олардың арасында репродуктивті, жыныстық денсаулық туралы білім жеткіліксіз деңгейде болған. Ал 2019 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесі балалардың ақпаратты ата-анасынан алуы қажет екенін көрсеткен. Себебі сауалнамаға қатысқандардың 83,9 пайызы балаларға жыныстық тәрбие беру мәселесіне ата-ана жауапты деп тапқан. Бірақ балалар ата-анасының көп мәліметті білмейтінін, қарым-қатынасты сенімді түрде жүргізбейтінін, өздеріне көңіл бөлмейтінін айтып шағымданыпты. Бірнеше жыл бұрын елімізде мектеп бағдарламасына жыныстық сауаттылық пәнін енгізу жайы сөз болды. Дегенмен қоғамның қарсылығына ұшырағаннан кейін бұл тақырып жылы жабылған. 2019-2020 жылғы оқу жылында мектептерде біртіндеп жыныстық сауаттылық жайлы оқытып отыру міндеттелгенімен, қазір оның қалай жүзеге асып жатқаны беймәлім. Бірақ мұның әзірге пилоттық жоба екенін ұмытпаған жөн. Яғни, барлық мектепке енгізілмейді. Себебі мұғалімдерді дайындау қажет. Алайда жыныстық сауаттылық жеке бір пән ретінде жүрмейді екен. Қоғам наразылығынан кейін бе, әйтеуір Білім және ғылым министрлігі ол үшін сағат бөле алмайтынын жеткізген. Сондықтан жыныстық сауат туралы оқытылғанның өзінде, жаратылыстану, биология сияқты пәндерде тақырып ретінде аталумен шектеледі. 2018 жылы тәуелсіз зерттеуші Қарлығаш Қабатова жасөспірімдерге арнап жыныстық сауат туралы UyatEmes.kz жобасын жасаған еді. Жыл сайын шамамен 10 мыңға жуық оқушы қыздың жүкті болып, түсік жасату мен жыныстық аурулар көбейгеніне назар аударған жоба жетекшілері осы сайтты іске қосты. Елімізде осы секілді әрекеттер арқылы жағдайды реттеуге талпыныстар жасалып-ақ жатыр. Себебі салдарымен күреспей, алдын алудың жолы осы – жыныстық сауатқа келіп тірелген. Ал сала мамандары бұған қатысты не айтпақ? Ерлерге жеке тоқталып, осылай айдар тағуымыздың өз себебі бар. Қазақстанда сәби сүйе алмай жүрген отбасы саны көбейгені жиі айтылады. Әдетте, мұндай жағдайда кінәні әйел адамнан іздеу басым. Алайда медициналық тәжірибе ер адамның денсаулығындағы ақауға байланысты әйелінің бала көтере алмауы жиілегенін дәлелдеген. Ер адамдар намыс санап, өз еркімен дәрігерге қарала қоймайтыны тағы рас. Бұл – біз арқау еткен жыныстық сауатқа тікелей қатысты болып отырғаны айтпаса да белгілі. Осы ретте уролог дәрігер Олжас Иманғалиұлынан ер-азаматтардың жыныстық сауаты мен проблемалары турасындағы пікірін білген едік. – Бала 5 жастан бастап урологтің қадағалауында болуы қажет. Бірақ елімізде балалар урологі тапшы, көптеген ауданда мүлде жоқ. Уролог баланың жыныс мүшесінің дұрыс жетілуін бақылайды. 15 жастан бастап ересектер урологінің бақылауында болуы тиіс. Жылына кем дегенде 1 рет, ал 40 жастан асқасын 2 мәрте тексерілген жөн. Қазақ отбасында жыныстық сауат туралы әңгіме ашық айтылмайды, әке-шеше оны баласына дұрыс түсіндірмейтіні шындық. Сондықтан да ер адамдар уролог маманға қаралуға ұялады. Ақыры ауруы асқынып, жанына батқан кезде ғана ем іздейді. Қоғамда жас отбасылар арасында ажырасу статистикасының өсуінің басты себебінің бірі – ерлер белсіздігі. Көпшіліктің қателігі – үйленгеннен кейін бала болмаған жағдайда ғана емделе бастайды. Үйленер алдында тексеріліп, емделу қажет. Адамдардың жыныстық сауаттылығы өте төмен. Бұл аурулардан емделмесе белсіздікке апаратынын көптеген жігіттер біле бермейді. Еркектерге қатысты мәселені тізбектеп айта берсек таусылмайды. Айналып келгенде, бәрінен сақтанудың жалғыз жолы – жыныстық сауат. Оны бала кезден білмесе, есейе келе кеш болуы мүмкін, – дейді маман. Түйіндей келе, бұрын қанша дегенмен «ұятқа» балаған дүниенің бүгінгі күні қоғамның бас ауыртар проблемасына айналғанына көз жетті. Ұрпақ саулығы да өз кезегінде осыған байланысты. Демек, жыныстық сауат жастарға қажет білімнің бірі десек, артық айтқандық болмас.