Қазақстанда ғана емес, дүниежүзі бойынша жол-көлік оқиғаларынан өлім мен жарақат алу азаймай отыр. Автокөліктердің бір-бірімен ғана емес, тасжолдардан әрлі-берлі өтетін ірі қара малмен соқтығысып, жол-көлік оқиғасына ұшырауы жиіледі.
Тек былтырдың өзінде мал қағу дерегі бойынша 100-ден аса оқиға тіркеліп, салдарынан 40-қа жуық адам қаза тапқан. Жалпы, жылына осындай неше апат болатыны белгісіз. Себебі көлік пен малдың соқтығысуы салдарынан адамдар зардап шеккенде ғана құзырлы органдарда оқиға тіркеледі. Тасжолда көбіне көлікке соғылатын – жылқы мен түйе малы. Малы бар тұрғындардың айтуынша, жылқы малы жарықты көрсе, солай қарай бар жылдамдығымен зымырайды екен. Сонымен қатар жүргізушілердің де кінәсі бар. Айдалада жылдамдықты асырып, жан-жағын топшыламайды.Исатай ауданына қарасты бірнеше ауылдың малы Нарын құмының жиегіне жайылады. Ал ауылға қайтарда теміржолдан өтуге мәжбүр. Арнайы өткел болмағандықтан, олар пойызға соғылып өліп жатады. Ауыл тұрғындарының сөзінше, қауіпсіздікті болдырмау үшін теміржолдың екі бетін қоршауды қолға алды.
Атырау облысында бұл іс-шара өткен жылдан бері қолға алынды. Биыл сол қайта жалғасын тауып, Полиция департаментімен өңірде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шара жүргізілуде. Солардың бірі – республикалық маңызы бар тасжолдарда болатын жол апаттарының алдын алу. Талдау көрсеткендей, ірі қараның кесірінен болатын жол-көлік оқиғасына көпшілік қас қарайған шақта жиі ұшырайды. Қазір мал иелеріне жарық шағылыстырғыш таспа-ленталар мен спрейлер таратылуда. Көлік жүргізушісінің дер кезінде жол апатынан сақтануына малға тағылған жарық шағылыстырғыштың көмегі көп.