2020 жылы ең көп кісі өлтірген кім?
2020 жылы ең көп кісі өлтірген кім?
532
оқылды
2020 жылы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 99-бабында көрсетілген қасақана адам өлтіру фактісі бойынша 820 қылмыстық іс тіркелген. Оның 115-і отбасы-тұрмыстық салада, 100-і қоғамдық орында, ал 79-ы көшеде, алаңда, саябақта немесе скверде болған. 2019 жылы дәл осы бап бойынша 927 қылмыстық құқықбұзу фактсі тіркелген. Оның ең көбі қоғамдық орындарда болған. Алматының Медеу аудандық Полиция департаментінің криминалисі Ақдәулет Мұңалбаевтың айтуынша, адам өлтіру қылмысы жазда, көктемде, жалпы күн жылы кезде жиі қайталанған. – Менің тәжірибемде тұрғын үйді, дүкенді тонау, ұрлық кезінде адам өлімі көп болады. Қылмыскер ұрлық жасау кезінде күзетшіні немесе куәгерді көріп қалып, одан қашып кетудің амалын жасау үшін адам өлтіріп қояды, – дейді ол. Ал өскемендік криминалист Асылбек Мұхтардың (аты өзгертілген) айтуынша, бұрыннан таныс адамдар пәтерде жиналып, ішімдік ішіп отырып, жанжалдасып қалған кезде адам өлімі жиі тіркеледі. – Қоғамдық орындарда мұндай оқиға сирек болады. Ондай жерде көбіне, әрі кетсе, төбелес болуы мүмкін, – дейді криминалист. 2020 жылы 421 қылмыскер мас күйінде адам өлтірген. 2019 жылы мұндай қылмыспен 413 адам жазаланды. ҚР Бас Прокуратурасы жариялаған мәлімет бойынша 2020 жылы 674 адам Қылмыстық кодекстің 99-бабында қарастырылған адам өлтіру фактісімен жазаға тартылды. Оның 74-і әйел адам, 22-сі кәмелетке толмағандар. Ал жас бойынша 30-39 жастағы азаматтар адам өлтіру қылмысын көп жасайтыны белгілі болды.  width=  width= 2020 жылы Қылмыстық кодекстің 99-бабын бұзған кәмелетке толмаған 22 азаматтың 15-і оқу орнында оқыған.  width= 2020 жылдың 12 айда тіркелген адам өлтіру қылмысын көбіне орта және орта-арнаулы білімі бар азаматтар істейтіні белгілі болды. Одан кейін бұл қылмысқа жұмыссыздар барады. Криминалист Ақдәулет Мұңалбаевтың айтуынша, әдетте адам өлтірген қылмыскер қылмыс болғаннан кейін 1-2 күнде ұсталады, ең ұзақ дегенде 1 аптаға созылуы мүмкін. - Қылмыскер ұсталғанымен іс 2-3 айға дейін созыла береді. Ол тергеледі, айғақтар іздестіріледі. Сосын сот шешім шығарады, қылмыскер түрмеге қамалады, – дейді криминалист.  width=  width= Тіркелген адам өлтіру қылмыстарында көбіне әйелдер мен 40-49 жастағы азаматтар жәбір көретіні анықталды. Криминалист Асылбек Мұхтардың айтуынша, қылмыскерлер қол-саусақ іздері арқылы тез табылады. – Ең әуелі қылмыс болған жерден барлық айғақты жинаймыз. Микрообъектілер, шаш, аяқкиім іздері, тіпті кейде қылмыскердің түкірген, сілекейі де айғақ бола алады. Мысалы, мынадай жағдай болды. Ұрлық жасап, оны көріп қалған адамды өлтірген қылмыскер түкірігі арқылы табылды. Оған медициналық сараптама жасалып, қылмыскердің туберкулезбен ауыратыны да анықталды. Нәтижесінде қылмыскер тез табылды, – дейді криминалист Асылбек Мұхтар.