Бұрынғы вице-министр Шкарупа ақталды
Бұрынғы  вице-министр Шкарупа ақталды
111
оқылды

Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық қылмыстық соты бұрынғы  Энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа, кәсіпкер Ерлан Набиев және «ТКШ дамыту қорының» экс-директоры Қайсар Байдалы сот үкімімен ақталды. Атышулы қылмыстық іс бойынша процесс аяқталды. Үшеуі Саран қаласында көпқабатты үйлерге жылу есептегіштерін орнату барысында ақша жымқырды деп айыпталды. Дегенмен екі жылға созылған істе келтірілген залалдың қаражаты қайда кеткені процесс барысында анықталған жоқ. Бір жылдан аса тергеліп, бір жарым жыл қамауда отырған Анатолий Шкарупа өткен жылы шарасыздықтан Президентке жүгінген болатын.

– Анатолий Шкарупа қыл­мыс құрамының болмауына бай­ланысты кінәсіз деп танылсын, Ерлан Набиев қылмыс құрамы­ның болмауына байланысты кінәсіз деп танылсын, Қайсар Байдалы қылмыс құрамының болмауына байланысты кінәсіз деп танылсын, – деп үкім шығарды судья Жанат Егембер­диева. Ол сондай-ақ «ТКШ да­мы­ту қорының» сотталушы­лардан 300 миллионнан аса өтем­ақы сұраған азаматтық та­лабын қанағаттандырусыз қал­дырды. Судьяның үкімімен сот­талушыларды сот залында қамау­дан босатты. Естеріңізге сала ке­тейік, бос қабырғаға орна­тыл­ған есептегіштерге байланысты алғашқы отырыс 2019 жылы 15 қарашада Саран қаласында бас­талды. Шкарупа мен іске қатысы бар екі адам 2018 жылдың со­ңында қамауға алынды. Жаңадан тағайындалған вице-министрдің қылмысқа қатысы туралы бұрын­ғы Бас прокурор Қайрат Қожам­жаров Елбасының алдында мәлімдеген еді. Басында Энер­гетика вице-министрінің 215 млн теңге ұрлыққа қатысы бар екені белгілі болса, сот бары­сында цифр өзгерді. Жым­қырылған ақша көлемі 104 млн деп өзгерді. Прокурорлар Шкару­па бастаған топ көп­қабатты үйлердің жылу қазан­дығына қосылмағанын біле тұра, есептегіш сатып алған деп айып­тады.

Ләззат ҚОЖАХМЕТ, Қарағанды облысы