Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық қылмыстық соты бұрынғы Энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа, кәсіпкер Ерлан Набиев және «ТКШ дамыту қорының» экс-директоры Қайсар Байдалы сот үкімімен ақталды. Атышулы қылмыстық іс бойынша процесс аяқталды. Үшеуі Саран қаласында көпқабатты үйлерге жылу есептегіштерін орнату барысында ақша жымқырды деп айыпталды. Дегенмен екі жылға созылған істе келтірілген залалдың қаражаты қайда кеткені процесс барысында анықталған жоқ. Бір жылдан аса тергеліп, бір жарым жыл қамауда отырған Анатолий Шкарупа өткен жылы шарасыздықтан Президентке жүгінген болатын.
– Анатолий Шкарупа қылмыс құрамының болмауына байланысты кінәсіз деп танылсын, Ерлан Набиев қылмыс құрамының болмауына байланысты кінәсіз деп танылсын, Қайсар Байдалы қылмыс құрамының болмауына байланысты кінәсіз деп танылсын, – деп үкім шығарды судья Жанат Егембердиева. Ол сондай-ақ «ТКШ дамыту қорының» сотталушылардан 300 миллионнан аса өтемақы сұраған азаматтық талабын қанағаттандырусыз қалдырды. Судьяның үкімімен сотталушыларды сот залында қамаудан босатты. Естеріңізге сала кетейік, бос қабырғаға орнатылған есептегіштерге байланысты алғашқы отырыс 2019 жылы 15 қарашада Саран қаласында басталды. Шкарупа мен іске қатысы бар екі адам 2018 жылдың соңында қамауға алынды. Жаңадан тағайындалған вице-министрдің қылмысқа қатысы туралы бұрынғы Бас прокурор Қайрат Қожамжаров Елбасының алдында мәлімдеген еді. Басында Энергетика вице-министрінің 215 млн теңге ұрлыққа қатысы бар екені белгілі болса, сот барысында цифр өзгерді. Жымқырылған ақша көлемі 104 млн деп өзгерді. Прокурорлар Шкарупа бастаған топ көпқабатты үйлердің жылу қазандығына қосылмағанын біле тұра, есептегіш сатып алған деп айыптады.Ләззат ҚОЖАХМЕТ, Қарағанды облысы